Accessibility links

Саябақтан Ленинді ығыстырған Абай «тұңғыш президентке» орын босатты


Жұмысшылар Ленин ескерткішін жуып тазартып жатыр. Ақтөбе, 22 сәуір 2011 ж.
Жұмысшылар Ленин ескерткішін жуып тазартып жатыр. Ақтөбе, 22 сәуір 2011 ж.

Ақтөбеде осыдан жиырма жыл бұрын Ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнату жөнінде уәде беріліп, арнайы тас қойылғанымен, бұл ескерткіш әлі тұрғызылған жоқ. Ал саябақтың аты «Ленин», «Абай», «Тұңғыш президент атындағы» болып үш рет өзгертілді.

Ақтөбедегі советтік символдар насихаттың жаңа белгілеріне ақырындап болса да орын босатып жатыр. Советтік кезеңде облыс орталықтарында болатын әдеттегі саябақ 1990 жылдардың басында Ленин атын Абайға ауыстырған. Алайда өткен жылы саябақтан Абайдың атын алып тастап, оған «Тұңғыш президент саябағы» деген ат берілді. Қазақстанда «тұңғыш президент» деп Нұрсұлтан Назарбаевты айтады.

«ЛЕНИННІҢ ЕСКЕРТКІШІН ЖУУ»

1983 жылы Ақтөбенің орталық көшесінде Ленинге үлкен ескерткіш қойылған. 1990 жылдардың соңына қарай оны орнынан алып, облыстық филармонияның сырт жағындағы шағын баққа апарып қойды. Азамат соғысының батыры Михаил Фрунзенің мүсіні де осы жерге көшірілді.

Қала тұрғындары бұл шағын бақты айналып өтуге тырысады: мұнда жарық
Францияда Наполеонның екерткіші тұр. Ресейде Жуковтың, Лениннің ескерткіштерін қалай жуып жатқандығын теледидардан көрсетті. Билік бақылап отырғандықтан онда ескерткіштерді ешкім де қорлай алмайды.
жоқ, кешқұрым қираған орындықтарға қаңғыбастар, жұмыссыз жастар жиналады. Осыдан бірнеше ай бұрын Лениннің ескерткішіне ұятсыз сөздер жазып кетіпті.

Көгалдандыру саласында жұмыс істейтін, жасы елулер шамасындағы әйел әзірше Лениннің туған жылы мен күнін білетінін айтты.

– Бригадир бізге филармония жанында тұрған Жұбановтардың ескерткішін жууды тапсырды. Біз 22 сәуір – Лениннің туған күнінде Лениннің ескерткішін де жумақ болдық. Жазу бояумен жазылған екен, сумен жуғанға кетпеді, – дейді ол кісі Азаттық радиосының тілшісіне.

Лениннің туған күнінде жергілікті коммунистер бұл бассыздыққа қатты наразы болды. Қазақстан халықтық коммунистік партиясы Ақтөбе облыстық филиалының жетекшісі Жанат Молдашев «өзге мемлекеттерде билік тарихи ескерткіштерді қорлауға жол бермес еді» деп есептейді.

– Біздің партиямыздың жастар қанатының мүшелері өткен жылы ескерткіштің тұғырын сырлап шыққан. Францияда Наполеонның екерткіші тұр. Жақында Ресейде Жуковтың, Лениннің ескерткіштерін қалай жуып жатқандығын теледидардан көрсетті. Билік бақылап отырғандықтан онда ескерткіштерді ешкім де қорлай алмайды. Ішкі істер департаментіне арыз жазамыз, учаскелік инспектор шара қолдансын. Бұл – вандализм! – дейді Жанат Молдашев.

БАЙДОСОВ АБАЙДЫҢ АТЫН «ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТКЕ» «АЛЫП БЕРДІ»

Ақтөбедегі саябақтар ішіндегі ең үлкені – Абай атындағы саябақ. 1989 жылы саябақққа Лениннің атын берген. Көп ұзамай Совет Одағы құлаған соң оны «Абай атындағы саябақ» деп атай бастады. Бірақ Абай аты бірнеше жылдан соң қайта ауыстырылды.

Өткен жылы орталық саябаққа Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілді. Бұған бастамашы болған – профессор Закратдин Байдосов. Ол
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы саябақ. Ақтөбе, 13 қыркүйек. 2010 жыл.
бұған дейін Назарбаевты өмірлік президент ету идеясын ұсынып, бүкіл Қазақстанға әйгілі болған.

Сол жолы Назарбаев Ақтөбеде журналистерге:

– Саябақты «Тұңғыш президент атындағы» деп атауға болады. Мен Қазақстандағы әлденеге атымның берілуіне қарсымын. Маған бұның қажеті жоқ, – деп мәлімдеген.

Ресми деректер бойынша, өткен жылы саябақты қайта қалпына келтіруге бір миллиард теңге шамасында қаржы жұмсалған. Саябаққа қылқан жапырақты және жапырақты ағаш егіліп, гүлзар жасалып, жаяу жүргінші жолдары салынған. Саябақтың орталығында Қазақстандағы ең биік – 91 метрлік ту тұғыры орнатылған.

Аты-жөнін атамауды өтінген қалалық әкімдік қызметкері «Совет одағы кезінде қаланың көрікті орындарын ұстап тұруға осынша көп қаржы жұмсалмайтын» дейді.

– Мен қалалық партия комитетінде жұмыс істедім. Аптасына екі рет қаланы аралап, ескерткіштердің жағдайын қарап, гүлзарлардағы гүлдердің қалай суарылып жатқандығын тексеріп шығатынмын. Тұңғыш президент атындағы саябақты ұстап тұру үшін, атап айтқанда, тәулік бойғы күзет, бейнебақылау, коммуналдық техникаларды сатып алу, саябақты күтетін, абаттандыратын жұмысшылардың жалақысы үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлінді, – дейді әкімдік қызметкері.

ҰМЫТ ҚАЛҒАН АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫ

Дәл осында, бірінші президент атындағы саябақта орталық кіре беріске жақын жерде Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің белгітасы күтімсіз жетімсіреп тұр. Онда «Ақтөбе қаласында 1931-33 жылғы Ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатылады» деген сөздер жазылған. Жыл сайын 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай белгітасқа «Азат» партиясының бұрынғы мүшелері келеді. Ашаршылық пен сталиндік қуғын-сүргіннің миллиондаған құрбандарына бағыштап құран оқиды.

«Әділеттілік үшін» қоғамдық қорының жетекшісі, «Азат» партиясының бұрынғы белсендісі Бақтығұл Қанатов «20 жылдан бері Ашаршылық құрбандарына ескерткіш тұрғызу үшін бюджетте ақша болмай келеді» дейді.

– Белгітасты өткен ғасырдың 90-жылдарының басында қойды. Ал Ашаршылық құрбандарына ескерткіш әлі орнатылған жоқ. Өз тарихын сүймейтін халық өз ұлтын да сүймейді. Ертеңгі күні бұл белгітас та Лениннің ескерткіші сияқты бір бұрышта қалса, таң қалмаймын, – дейді Бақтығұл Қанатов.

Саябақтың атауы өзгергенімен қала тұрғындары оны «Абая саябағы» деп айта береді. №15 бағыттағы автобустың жүргізушісі «халыққа көсемді күштеп таңуға болмайды» дейді.

– Бізге диспетчерліктен дайын жазба жазылған флешкалар беріледі. Аялдамаларды хабарлайтын электронды хабарлағышты әр аялдама сайын қосамын. Иә, 11-ықшамаудандағы аялдама «Абай атындағы саябақ» деп хабарланады, – дейді автобус жүргізушісі.

Электронды хабарлағыштан соң кондуктор-әйел де:

– Абай саябағы. Түсуге дайындаламыз, – деп бүкіл автобусқа жар салады.
XS
SM
MD
LG