Accessibility links

Мәсімов ХОК-ты «тарихи шешім» қабылдауға шақырды


Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов (ортада) Куала-Лумпурде Халықаралық олимпиада комитетінің 128-сессиясында. Малайзия, 31 шілде 2015 жыл.
Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов (ортада) Куала-Лумпурде Халықаралық олимпиада комитетінің 128-сессиясында. Малайзия, 31 шілде 2015 жыл.

Қазақстан премьер-министрі Халықаралық олимпиада комитетін 2022 жылғы қысқы олимпиаданы өткізу құқығын Алматыға беруге шақырды.

Куала-Лумпурде бүгін Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) мүшелері алдында сөйлеген Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов 2022 жылғы қысқы олимпиданы Пекинде емес Алматыда өткізуді қолдап, "тарихи шешім" қабылдауға шақырды.

- 2022 жылғы олимпиаданы Алматыда өткізу қате таңдау емес. Шын мәнінде керісінше, бізді таңдау - керемет мүмкіндік. Біз дамыған шағын мемлекеттің қысқы олимпиаданы өткізе алатынын дәлелдейтін алтын мүмкіндікпіз, - деген Кәрім Мәсімов.

Мәсімов Алматының қары бәсекелесі Пекиндегідей жасанды емес табиғи әрі тау бөктерлері де ыңғайлы екеніне баса мән берді. Қысқы олимпиаданы өткізуге Алматымен қатар Пекин де таласып отыр.

Кейбір мамандардың пікірінше, 2008 жылы жазғы олимпиада ойындарын өткізген Пекин олимпиаданы өткізу құқығын жеңіп алудан бірден-бір үміткер саналады. Егер бұл жолы жеңсе, Пекин тарихта жазғы және қысқы олимпиаданы қатар өткізген алғашқы қала болмақ. ХОК-тағы дауыс беруге Қытай делегациясын премьер-министр орынбасары Лю Яньдун екі ардагер спортшы - баскетбол жоғарғы лигасының бұрынғы ойыншысы Яо Минг пен теннистен Үлкен шлем турнирінің екі мәрте чемпионы Ли Намен бірге бастап барды.

ХОК сессиясында Пекинді таныстыру:

Олимпиада-2022 өткізуге үміткер Пекиннің таныстырылымы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:54 0:00

Екі қала делегацияларының әрқайсысына ХОК мүшелері алдында сөйлеуге 45 минут және сұрақтарға жауап беру үшін 15 минут уақыт берілді. Делегациялардың сөзі мен жауабы 85 адамнан тұратын жюрилердің құпия дауыс беруінде маңызды рөл атқаруы мүмкін. ХОК дауыс беру қорытындысын шілденің 31-і күні Астана уақыты бойынша сағат 15:30-да жарияламақшы.

Алматы атынан сөйлеген делегация Алматының табиғи қары мен "қысқы олимпиаданы өткізу дәстүріне қайта оралу" мүмкіндігіне назар аудартып, Пекинде табиғи қардың тапшылығын жанамалай сынап өтті. Бұған қоса Пекин мен ойындар өтетін таулы аймақ арасының қашықтығы да айтылды. Алматы делегациясы жоғары тау бөктерлері мен қарды бейнелейтін видеосюжеттер көрсетіп, барлық спорт нысандарының қаладан ары кеткенде 30 километр қашықтықта орналасқанына назар аударды.

Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов сөзінде қысқы ойындар атмосферасының маңызды екенін де айтты.

- Телеэфирден адамды еліктіретін қары жаңа жауған әдемі тау көріністері көрсетіледі, - деді ол.

Кәрім Мәсімов ХОК-тың Қытайды олимпиада өткізуге анағұрлым қауіпсіз әрі сенімді ел ретінде санайтынына қатысты пікірін де білдірді.

- Біз ХОК Алматыны емес, Пекинді таңдаса, алдағы жеті жыл бойы "тыныш ұйықтай аламыз" деген пікір естідік, - деді Мәсімов.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың сөзі:

Мәсімов айтқан «алтын мүмкіндік»
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:36 0:00

Ол ХОК бұған дейін де апартеид жылдарында Оңтүстік Африка Республикасында, қырғи-қабақ соғыс кезеңінде 1980 жылы Мәскеуде және 2008 жылы Пекинде олимпиада өткізу туралы "батыл шешім шығарғанын" айтты. Оның сөзінше, "бұл шешімдер спорт адамзатқа қызмет көрсете алады деген ұйғарымнан шыққан".

- Сіздер жоғарыда аталған шешімдерді дұрыс қабылдағансыздар. Сондықтан, бүгін сіздерден бізге, Қазақстанға сенім білдірулеріңізді сұраймын. Біз өтінішімізді соқыр сенімге сүйеніп беріп отырған жоқпыз. Ол сіздер тарихи шешім шығаруға қажетті фактілерге сүйенген, - деді Мәсімов.

Алматы Орталық Азияда алғаш болып қысқы олимпиада өткізуге өтініш білдіріп, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделін көтеруге үміттенеді.

XS
SM
MD
LG