Accessibility links

Смайлик жапсырған адамдарға айыппұл салынды


Маргарита Фазлиева.
Маргарита Фазлиева.

Алматы қалалық әкімдігіндегі стендке смайлик жапсырған екі адам айыппұл төлейтін болды. Олардың бірі - әкімнің қабылдауына жазылуға барған көпбалалы ана.

Қарашаның 18-і күні Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты екі адамға әкімшілік жаза кесті.

Айыпты болған азаматтар - кеше Алматы қалалық әкімдігінің қабылдау бөлмесіндегі стендке күліп тұрған адам кейпіне ұқсас сурет (смайлик) бейнеленген қағаз жапсырған Маргарита Фазлиева мен Жанна Бейсенбаева.

- Екеуіміздің сотымыз екі бөлек өтті. Сот небәрі екі-ақ минут болды. Менің сөздерімді ешкім тыңдаған да жоқ, - деді Маргарита Фазлиева Азаттық тілшісіне.

Екінші жауапкер Жанна Бейсенбаева да соттың тез өткенін растады. Олар сот шешімі қолдарына тиісімен қайта шағымданатындарын мәлімдеді.

Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының бақылаушысы Андрей Свиридовтың сөзінше, сот әкімшілік кодекстің 330-бабы ("ұсақ бұзақылық") бойынша әкімшілік жазаға тартылған азаматтарға - Фазлиеваға 5 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 9 мың теңге), Бейсенбаеваға 3 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 5 мың 500 теңге) көлемінде айыппұл салған.

Бұл шешімге байланысты Алматы әкімшілік сотынан жауап алу мүмкін болмады.
Оқиға болған мекеменің - Алматы қалалық әкімшілігінің баспасөз хатшысы Данияр Сиқымбаев "бұл мәселе жайлы жазбаша сауал жіберу керек екенін" айтты.
Жауапкерлердің айтуынша, айыппұлға негіз болған оқиға қарашаның 17-сі күні өткен. Сегіз баланың (оның алтауы кәмелеткен толмаған) анасы Маргарита Фазлиева сол күні пәтер мәселесіне байланысты Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімовтің қабылдауына жазылу үшін әкімшілікке келгенін айтады. Онымен бірге күту залында "өзіне ақпараттық тұрғыда көмектесіп жүрген" журналист Жанна Бейсенбаева да отырған. Олар күту залынан шығар кезде смайлик бейнеленген, көлемі түймедей қағазды сол жерде тұрған стендтердің біріне жапсыра салған. Жауапкерлердің айтуынша, мұны көрген әкімшілік қызметкерлері оларды сөгіп, полиция шақыртқан. Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілген екі азамат бірнеше сағаттан кейін ғана босатылған. Кешкісін үйлеріне сотқа шақыру қағазы келген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG