Accessibility links

Фестивальде беті-жүзі жоқ қуыршақтар да бар


Театр фойесіндегі Art&Doll көрмесінде жүрген балалар. Алматы, 5 қыркүйек 2014 жыл.
Театр фойесіндегі Art&Doll көрмесінде жүрген балалар. Алматы, 5 қыркүйек 2014 жыл.

Алматыда ТМД елдері қуыршақ театрларының фестивалі өтіп жатыр. Бұл фестивальде номинация да, қазылар да, жүлде де жоқ. Шараға көбінесе әлеуметтік тұрғыдан қамтылмаған кішкентай көрермендер мен мүмкіндігі шектеулі балаларды шақырған.

Алматы қаласы 2011 жылдан бері қыркүйек сайын әртүрлі елдердің қуыршақ театрлары жиналатын орынға айналған. Бұл фестиваль кезінде Азия, Еуропа, Оңтүстік және Солтүстік Америка елдерінің қуыршақ театрлары да қатысқан халықаралық қуыршақтар карнавалынан бастау алады. Үш жылдан кейін карнавалдың орнын қуыршақтар фестивалі басты.

Халықаралық шараның атауы ғана емес, өткізу форматы мен қатысушы елдер географиясы да өзгерген. Енді бұл ТМД елдерінің қуыршақ театрларының фестивалі деп аталады. Фестивальда конкурстық бағдарлама, номинация, қазылар алқасы, жүлде сияқты әдеттегі конкурс-байқауларға тән атрибуттар қарастырылмаған. Соған қарағанда, оның негізгі міндеті қаланың жалпы мәдени тіршілігі мен Алматы қаласы күніне орайластырған айлық шараларын түрлендіру сияқты. Фестивальге тұрмысы нашар отбасылардан шыққан кішкентай көрермендер мен мүгедек балаларды театрға барынша тарту міндеті де қойылған.

ВИДЕО: Қуыршақ театрлары фестивалі

Қуыршақ театрлары фестивалі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:58 0:00
Жүктеп алу

Фестиваль аясында бір апта бойы (қыркүйектің 5-12 күндері) мемлекеттік қуыршақ театры сахнасында Алматы, Ақтөбе, Мәскеу, Пермь, Бішкек, Душанбе және Санкт-Петербург қалалары театрларының спектакльдері өтеді. Фестивальге Тбилиси мен Киевтің театрлары да қатысуға тілек білдірген.

Фестивальге қатысушылар. Алматы, 5 қыркүйек 2014 жыл.
Фестивальге қатысушылар. Алматы, 5 қыркүйек 2014 жыл.

Киевтің жеке меншік «Равик» театры (көркемдік жетекшісі – Юрий Титаров) – алғашқы халықаралық қуыршақтар карнавалына қатысқандардың бірі. 2011 жылы өткен карнавалда бұл театр Александр Пушкиннің «Цыгандар» поэмасы желісі бойынша қойылған спектаклін көрсеткен. Бұл жолы «Равик» 2012 жылы қойылған «Көп ұзамай көктем туады» («Скоро весна») спектаклін әкеліпті.

Мәскеуден бірден үш ұжым – Мәскеу қуыршақтар театры, «Три лика» және «Ученый медведь» театрлары келген. Алматыдағы фестиваль Мәскеу қуыршақтар театрының «Петрушка» қойылымымен ашылды. Бұл – Петрушканы дәстүрлі сахналап жүрген орыс театры. Онда күлкілі әзілдер мен қызықты оқиғалар көп. Бірақ сахнада екі-ақ актер ойнайды. Бірі он қуыршақты басқарады, екіншісі балалайка, гармошка, сылдырмақ сияқты музыкалық аспаптарда ойнайды.

ВИДЕО: «Петрушка» спектаклінің YouTube-те жарияланған үзіндісі

Мәскеу қуыршақ театры Алматыда «Петрушка» спектаклін екі рет қойды. Бірі кәдімгі көрермендерге, екіншісі мүгедек балаларға арналған.

Душанбенің мемлекеттік қуыршақ театры «Соғыс пен бейбітшілік туралы ойлар» деп аталатын спектакль әкелген. Бір қызығы, спектакльде радикалды ислам кезеңінің адамның бет-жүзін бейнелеуге тыйым салатын дәуіріндегі тәжіктің беті жоқ дәстүрлі қуыршақтары пайдаланылған. Спектакль соғыстың түкке тұрғысыз нәрседен тұтанып кететін көрсетеді.

Мәскеу қуыршақ театрының арт-директоры Борис Голдовский. Алматы, 5 қыркүйек 2014 жыл.
Мәскеу қуыршақ театрының арт-директоры Борис Голдовский. Алматы, 5 қыркүйек 2014 жыл.

Фестивальдің құрметті қонақтарының бірі – Мәскеу қуыршақ театрының арт-директоры Борис Голдовский. Ол – өнертану ғылымының докторы, театр және қуыршақ тарихын зерттеуші, театр сыншысы, Мәскеудегі Сергей Образцов атындағы халықаралық қуыршақтар фестивалінің негізін салушы әрі атқарушы директоры.

Азаттық тілшісімен әңгімелескен Борис Голдовский «Алматыға әр келген сайын Қазақстанның қуыршақ театрының өсіп-өркендеу процесін бақылаудан ләззат аламын» дейді. Ол қазіргі кезде ТМД елдерінде көбейген жеке меншік қуыршақ театрлары туралы да мәселе қозғады. Оның пікірінше, театр – сыртқы инвестициясыз, мемлекеттің қолдауынсыз дұрыс тіршілік етіп, дами алмайтын сала.

Фестиваль аясында қуыршақтар мен Тедди тышқандарының Art&Doll көрмесі өтеді. Оның авторлары – Қазақстанға белгілі суретші-қуыршақ жасаушылар. Фестиваль аясында әртүрлі материалдан қуыршақты қолдан жасауды үйрететін тегін шеберлік кластары күн сайын өтеді.

XS
SM
MD
LG