Accessibility links

Алматыдағы жер сілкінісі әлеуметтік желіні қыздырды


Көктөбеден қарағандағы Алатау баурайы. (Көрнекі сурет)
Көктөбеден қарағандағы Алатау баурайы. (Көрнекі сурет)

Сенбіде түнгі сағат 3:42-де Алматы аймағында жерасты дүмпулері сезілді. Мамандар 5 магнитудалық жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан 35-40 километр жерде болды деп хабарлады.

Тамыздың 16-сына қараған түнгі сағат үш жарымнан өте Алматы қаласы тұрғындарының кейбірі жер асты дүмпулерінен оянып кетті. Шұғыл ақпаратпен әлеуметтік желілер арқылы бөліскендердің кейбірі жер сілкінісінен қатты қорқып қалғандарын айтса, енді біреулер сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақта орналасқан Алматы үшін бұл үйреншікті жағдай деп қабылдаған.

Табиғаттың тосын мінезі туралы әсерлерімен Facebook-те бөліскен қолданушылардың сөзінше, жер сілкінісінің қайталануынан үрейленген кейбір тұрғындар баспаналарынан шығып, тіпті кейбіреуі кетіп қалуды қауіпсіз деп тапқан.

«Аулада көршілер əлі шулап жүр. Көлігі бар 1-2-еуі биқ-биқ деп бір жаққа кетіп қалды» деп жазды Facebook қолданушысы Asqat Yerkimbay.

«Дүмпуден оянып кеттім. Қатты шаршаппын, ары қарай ұйықтай бердім» деп жазады Салтанат Салта есімді қолданушы.

«Ал ауруханада жатқан кезде өзіңді тіпті қорғансыз сезінеді екенсің» дейді алматылық Nadya Sarinova.

Түн мезгілінде болған жер сілкінісі туралы ақпаратпен жұрт негізінен әлеуметтік желілер арқылы бөлісті. Кейбіреулер мұндай жағдайда мемлекеттік органдардың шабан қимылдайтынын сынаған.

«Төтенше жағдайлары қызметі тарапынан СМС-хабарлама алғандар бар ма? Әлде үкіметтегі өзгерістерге байланысты ішкі істер министрлігі ешкімге ештеңе міндетті емеспіз деп сезіне ме?» деген сауал қояды қолданушы Zarina Akhmatova. Қазақстанда осының алдында болған үкіметтегі өзгерістерге сәйкес, төтенше жағдайлар министрлігі таратылып, ішкі істер министрлігіне қосылған еді.

Facebook қолданушысы Бақытжан Төреғожина Алматы үшін бұндай жер сілікінісі үйреншікті құбылыс деп біледі.

«Алматылық ретінде мен жер сілкінісін байсалды қабылдаймын. Дүмпуден оянып кеттіп, күші бар-ақ екен деп ойладым, жарықты қосып, сағатқа қарауға еріндім де, барлығын ертең Фейсбуктен білермін деп жата бердім» деп жазыпты ол.

Жер сілкінісін тіркейтін құралдың жазбасы. (Көрнекі сурет)
Жер сілкінісін тіркейтін құралдың жазбасы. (Көрнекі сурет)

Еуропалық-Жерорта теңізі сейсмикалық орталығының (EMSC) мәліметі бойынша, тамыздың 16-сында жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 3-тен 42 минут өткенде тіркелген 5,2 магнитудалық жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан шығысқа қарай 35 шақырым жерде, шамамен бес километр тереңдікте орналасқан.

АҚШ-тың геологиялық қызметі (USGS) 5 магнитудалық жер сілкінісінің кіндігі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 48 шақырым қашықтықта, эпицентрі – 28 километр тереңдікте болған деп хабарлады.

Жер сілкінісінен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

Сейсмикалық қауіптілігі жоғары аймақта орналасқан Алматы облысында шамалы магнитудалы жер сілкіністері болып тұрады. Бұған дейін 2013 жылы қаңтарда, оның алдында 2012 жылы мамыр айында аймақта магнитуда шамасы 5-тен асатын жер сілкіністері тіркелген.

2011 жылы мамыр айында Алматы облысында бірнеше рет қайталанған жер сілкінісінен Маловодное мен Казатком ауылдарында бірнеше тұрғын үй бүлінген болатын. Ал 2009 жылы шілдеде Текелі қаласында болған күшті жер сілкінісі ондаған ғимаратты қиратып кеткен еді.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG