Алматылық режиссер Әсия Байғожинаның мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен, дін және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен түсірген деректі фильмінде бірнеше адамның басынан кешкен оқиға айтылады. Ол әңгіменің бәрі радикал исламға (кей дінтанушылар бәрі бір деп білетін ваххабит, салафит, недждиттерге) қатысы бар адамдар жайлы.
ТҮРМЕДЕ АЛЫНҒАН СҰХБАТ
Фильмге Ақтөбеде 2016 жылы маусымның 5-інде болған, бір топ қарулы жастың шабуылынан жеті адам қаза болып, 40 шақты тұрғын жараланған оқиға арқау болған. Билік сол оқиға кезінде 20-сы ұсталып, 18-сі қаза тапқан ол адамдарды «радикал дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушылар» деп сипаттаған. Шабуылды кейін теракт деп атаған. Осы оқиғадан кейін «діни радикал» деп танылған жергілікті ондаған жас түрмеген түскен.
Режиссер Әсия Байғожина бұл фильмнің өте аз уақытта түсірілгенін айтады.
– 2016 жылы күзде тапсырыс берді. Қазанның 17-сінде жұмыс басталды, жаңа жылға дейін бітіріңдер деді. Қысылтаяң жағдайда түсірдік, – дейді ол.
«Сенім жолында» фильмінің басында Ақтөбедегі шабуылдаушылардың сотынан көрініс берілген. Бұл кадрді фильм авторлары түсірген. Экстремизм және терроризм айыбымен сотталған азаматтармен сұхбатты фильмнің кеңесшісі – Ақтөбедегі Аңсар кеңес бері және реабилитация орталығының директоры Асқар Сабдин ұйымдастырған.
Фильмдегі басынан кешкен оқиғасын айтқан адамдардың бірі – түрмеде отырған Жансерік есімді азамат. Ол «болмаған терактіні дайындағаны үшін» сегіз жылға сотталған. Өзінің айтуынша, Жансерік дәстүрлі исламнан алыстап, дәстүрлі емес исламға өтіп, «әйелің мен балаларыңды шариғатпен өмір сүретін Вазиристанға (Пәкістанның солтүстік-шығысындағы өлке) алып кет» деген адамдарға сеніп қалған. Ол өзі сияқты адамдарды отандарының (өзбектерді – Өзбекстанға, ұйғырларды – Қытайға) арнайы қызметтеріне сататын «пәкістандық арнайы қызмет орындарына тұтқын болғанын» айтады. Жансерік өкінетінін айтып, қателігін қайталамауға шақырады.
Радикал исламға ұрынған өзге адамдардың оқиғасын Қазақстандағы туыстары мен таныстары әңгімелейді. Мәселен, ауыл мектебіндегі орыс тілі пәнінің мұғалімі әйелі мен балаларын алып, Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобына барып қосылған.
Сирияға кеткен кейіпкерлердің бірінің ИМ жағында соғысқан үлкен ұлы өлген. Қазақстандағы туыстары алты адамы бар отбасы елден кетуге керек құжаттарды қалайша бір күнде рәсімдеп алғандарына таңырқайды.
Ал 16 жасар қыз бала Сирияға өз бетімен кеткен. Анасы қызын үйде ешкім дәстүрлі емес исламға үгіттемегенін, оның колледжде жүргенде ұрынғанын айтады. Анасы қызын шекарадан қалай өткізгеніне таң қалады.
"Кәмелетке толмаған бала шекарадан қалай өтті?" деген сауалға көрермендердің бірі былай деп жауап берді:
- Құқық қорғау органдары баланы қайтіп ата-анасы жоқта жібере салған? "Балық басынан шіриді" деген - осы.
Әр хикаяға орай Ақтөбедегі сарапшылардың, директорлар мен медресе мұғалімдерінің комментарийлері келтірілген.
ПРЕМЬЕРАДАН СОҢҒЫ ПІКІРТАЛАС
Премьераға көп адам келіп, зал толуға шақ қалды. Жастардың, студенттердің қарасы көп болды. Көрермендер бірден тарап кетпеді. Біразы талқылауға қалды. Режиссерлар, актерлар мен басқа да мамандық иелері пікір айтысты. Барлығына жуығы Әсия Байғожинаға фильмі үшін алғыс жаудырды.
- Әсияның осындай фильм түсіргеніне разымын, бірақ телеарналар көрсетпейді-ау деп пүшәйман болам. Өйткені Мәдениет министрлігінің құзыреті телеарналарға жүрмейді. Бұл фильм көрсетілуі керек. Еліміз үшін ғана емес, Ресейге де өте маңызды, қажетті, пайдалы фильм. Фестивальге жіберу керек. Жүлде алады, - дейді фильмнің режиссері Александр Головкин.
Кинотанушы Гүлнәр Әбікеева бұл фильм ертерек жасалуы керек еді деген ойда.
- Көптеген мәселелер ашық талқыланбайды. Адамдардың басын айналдыру, басқа исламға тарту баяғыда-ақ талқылануы керек еді. Бұл жайтты талқылап отырып, мәселені шеше алатындай көріндік, - дейді Әбікеева.
Актер Айбек Құдабаевқа талдау, зерттеу жетіспейтіндей көрінсе де, фильм ұнапты.
Фильмнен пайда жоқ деген де көзқарас айтылды. Сәулетші, мәдениеттанушы Бек Ибраев "совет кезеңінде мұнай фильмдер көп еді" дейді.
- Қылмыскер өз аяғымен келіп, кінәсін мойындап, көз жасын төгіп тұрады, шешесі қайғырып таусылады. Фильм совет атеизмі желісімен түсірілген, - деді ол.
Ибраевтың ойынша, мұндай тәсілдің әсері аз, өйткені дінге сенушілердің санасын жаулап алу үшін исламшылдар соңғы жаңа технологияларды қолданады. Ал коммунистік әдіспен оған қарсы тұру қиын.
ФИЛЬМДІ ЖАРНАМАСЫЗ КӨРСЕТУ
Наурыздың 27-сінде "Қазақфильм" киностудиясы "Арман" кинотеатрында наурыздың 29-ында өтеді деп жоспарланған «Сенім жолында» фильмінің премьерасына журналистерді электрондық пошта арқылы шақырды. Ертеңінде "Қазақфильм" пошта арқылы премьераның басқа күнге қалдырылғанын, міндетті түрде болатынын хабарлады. Бірақ әуелгі хабарланған күнгі премьераға бірнеше минут қалғанда Facebook-те режиссер Әсия Байғожинаның премьераның уақытын өзгертпегені туралы ақпарат пайда болады. Азаттық тілшісі кинотеатрға асығып, фильмге бірнеше минут қана кешігіп барды.
Премьерадан соңғы талқылау кезінде "Қазақфильмнің" не себепті көрсетілімді өзгерткені белгілі болды. Премьераға бір күн қалғанда Дін істері мен азаматтық қоғам министрлігі фильмнің бір көшірме данасын алмағаны анықталады. Қазақстанның дін туралы заңдарына сәйкес әуелі министрлік тұжырымдамасын жазып беруі тиіс. Көшірмені мәдениет министрлігі тапсырмаған болып шығады. Сол себепті мәдениет министрлігі премьераға рұқсат беріп, бірақ постерсіз және журналистерсіз өткізуге рұқсат етеді. Бірақ Азаттық тілшісі сияқты кездейсоқ біліп қалған репортерлер премьераға жетіп үлгереді.