Accessibility links

Алматыда полиция бөліміне шабуыл жасалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Алматыда таңғы сағат 10:30 шамасында Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі алдында атыс болғаны хабарланды. 12:20-да Алматыда террорлық қауіптің қызыл деңгейі жарияланды. Полиция азаматтардан не талап етілетіні жөнінде арнайы мәлімдеме таратты.

Алматы ішкі істер департаменті ресми түрде қалада сағат 12:20-да террорлық қауіптің қызыл деңгейі (ең жоғарғы - ред.) жарияланғанын мәлімдеді.

ІІД таратқан хабарламада "Осыған байланысты қаланың барлық тұрғындары мен қонақтарын террор қаупінің қызыл деңгейі талаптарын сөзге келместен орындау туралы ескертеміз.

ІІД қызыл деңгейдің террорлық шабуыл жасалғаннан кейін әрі террорлық әрекеттің қайталану қатері болған кезде жарияланатынын ескертеді.

ІІД бұл жағдайда полицейлер адамдарды тінтіп, жеке заттарын, көліктерін толық тексеруі және қозғалыстарын шектеуі мүмкін екенін хабарлайды. Мұнан бөлек, полиция өкілдері тұрғын үйлерге, ғимараттарға кедергісіз кіруі тиіс.

Телекоммуникациялық жүйелермен (әлеуметтік желі) берілген ақпараттар тексерілуі мүмкін. Оның үстіне барлық арнайы жасақтар жоғары жауынгерлік дайындыққа келтірілді, әуежайлар, өзен-көл, теңіз поттары, метро, теміржол бекеттері, автовокзалдарда арнайы құралдарды пайдаланатын тексеріс күшейтілді.

Оқиға орнына барған Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, қазір Алмалы ІІБ-сі (Байтұрсынұлы мен Қарасай батыр көшелері қиылысы маңы) қоршауға алынған, сары лентамен белгіленген қоршау периметрімен тұрған полицейлердің бәрі толық қаруланған, беренді күртелер киген. Алайда олар тілшілерге ешқандай ақпарат бермей тұр.

Азаттық тілшілері полиция қызметкерлерінің бір-бірімен рация арқылы хабарласқандарынан қашып кеткен қарулы адамның (әлде адамдардың) әлі ұсталмағанын, полиция жасағының Сейфуллин және Гоголь көшелері қиылысында әрекет етіп жатқанын естіген.

Бұған дейін әлеуметтік желі және жергілікті ақпарат агенттіктерінен тараған хабарларда Алмалы аудандық ІІБ алдында бірнеше адамға оқ тигені туралы айтылған еді. Facebook желісінде "Мерген Прохант" есімді қолданушы Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы жанында "қара түсті киім киген белгісіз ер адам оқ атып, қашқанын" жазды. Ал оқиға орнына барған Азаттық тілшісі ІІБ алдында жедел медициналық жәрдемнің бірнеше көлігі тұрғанын айтады.

Әлеуметтік желі арқылы тараған видео:

"ЖАСЫ ЖИЫРМА БЕС ШАМАСЫНДАҒЫ ЖІГІТ"

Азаттық тілшілеріне сол маңдағы тұрғындар оқиғаның таңғы сағат 10:30-11:00 аралығында басталғанын, атыс дауысын естігендерін айтқан. Атыс кезінде оқиға орнында болған куәгердің айтуынша, "қара футболка киген 25 жас шамасындағы жігіт автоматпен жүрген." Ал Алмалы аудандық ІІБ кезекші бөлімі Азаттыққа полиция жасағының дабыл бойынша көтерілгенін растады. Азаттық тілшісіне ІІБ кезекшісі "полицияға жедел дабыл белгісі берілгенін" ғана айтып, басқа мәлімет бермеді.

Куәгерлердің айтуынша, басқарма жанындағы базар қасында бірнеше атыс үні естілген. Полиция әзірге ресми ақпарат таратпай отыр, полициямен атысқандардың кім екені белгісіз.

XS
SM
MD
LG