Accessibility links

Тәуелсіздік күні «Желтоқсан» мен «Жаңаөзенді» еске алды


Белсенділер Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғалары кезінде қаза тапқан азаматтарға Құран бағыштап отыр. Алматы, 16 желтоқсан 2015 жыл.
Белсенділер Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғалары кезінде қаза тапқан азаматтарға Құран бағыштап отыр. Алматы, 16 желтоқсан 2015 жыл.

Алматы билігі желтоқсанның 16-сы – Қазақстан тәуелсіздігінің 24 жылдығы күнін шерумен атап өтті. Ал белсенділер 1986 және 2011 жылғы оқиғаларды да еске алысты.

Тәуелсіздік күні мерекесі кезінде Алматы қаласындағы республика алаңында көлік қозғалысы жабылып, полицейлер көбейді.

Таңғы сағат 10-ға таяу алаңдағы тәуелсіздік монументіне қала әкімі Бауыржан Байбек гүл қойып, одан кейін курсанттар алаңнан саппен шерулетіп өтті.

Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз қызметкерлерінің айтуынша, қалада бүгін тек тәуелсіздік мерекесі ғана атап өтіледі. Ал ертең, желтоқсанның 17-сінде Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткіш жанында қала әкімдігі еске алу рәсімін өткізеді.

1986 МЕН 2011 ЖЫЛДЫ ЕСКЕ САЛҒАН КҮН

Әкімдіктің салтанатты шарасы аяқталғаннан соң қала тұрғындары мен қоғамдық белсенділер, Жалпыұлттық социал-демократтар партиясы мүшелері келіп, тәуелсіздік монументіне гүл қойды.

Бір топ белсенді монументі түбінде тұрып әнұран айтты. Ақ матаға қызыл бояумен «Желтоқсан – Жаңаөзен» деген жазу жазып, мойындарына іліп алған бір топ белсенді 1980 жылдардың соңында танымал болған советтік рок-музыкант Виктор Цойдың «Мы ждем перемен» («Өзгеріс күтеміз») деген әнін гитарамен шырқады.

Алматыда «Желтоқсан» мен «Жаңаөзенді» еске алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:54 0:00

«Желтоқсан – Жаңаөзен» деген жазуы бар ақ матаны мойындарына ораған қоғамдық белсенділердің бірі Асхат Берсалиев бұл күнді қаралы күн ретінде қабылдайтынын айтады.

– 1986 жылы желтоқсаның 16-сынан бастап осы республика алаңында билікке наразылығын білдіріп алаңға шыға бастады. Оларды ұрып-соғып, күшпен тараттты, қан төгілді. 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде қанашама адам оққа ұшты. Сондықтан Құран бағыштап, гүл қойып еске алған жөн, – дейді ол.

Асхат Берсалиев бүгін алаңға келгендерді сырттай бақылаушылардан өзге қарапайым адамша киінген полицейлер де көп болғанын айтады.

– «Желтоқсан – Жаңаөзен» деген жазуы бар ақ матаны мойнымызға салсақ, бізді дереу суретке тартып, видеоға түсіре бастайды, сөйлескенімізді бақылап тұрады. Өзіңді өте ыңғайсыз сезінеді екенсің, – дейді ол.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың бірі Аманғазы Кәріпжанұлы республика алаңына жиналған халықтың қарасына көңілі толмайтынын білдірді.

– Халық Желтоқсан оқиғасынан кейін үрейден арылған жоқ. Сол себепті желтоқсаншылар келетін жерге жиналудан сескенеді, – дейді ол.

Алаңға отбасымен бірге келген Әлібек Ыдырысұлы есімді азамат «тәуелсіздікті мерекелейтіндей үлкен іс-шара көрмегенін» айтып, қайтып бара жатты.

Бұдан төрт жыл бұрын дәл осы күні – 2011 жылы желтоқсанның 16-сында Маңғыстау облысындағы наразы мұнайшыларды полиция күшпен таратқан кезде ресми дерек бойынша 17 адам қаза тауып, жүзден аса адам жараланған.

29 жыл бұрын – 1986 жылы желтоқсанның 17-19-ы күндері Алматы қаласының орталық алаңына қазақ жастары жиналып, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнына Геннадий Колбиннің тағайындалуына қарсылық танытқан. Кремль саясатына қайшы келетін шеру қатыгездікпен таратылып, одан кейін қуғын-сүргін басталған.

XS
SM
MD
LG