Accessibility links

«Тұтқын әйелді зорлаған» түрме қызметкері сотталды


Түрмеде зорланып балалы болғанын мәлімдеген тұтқын Наталья Слекишина. Алматы, 30 қыркүйек 2016 жыл.
Түрмеде зорланып балалы болғанын мәлімдеген тұтқын Наталья Слекишина. Алматы, 30 қыркүйек 2016 жыл.

Алматының Түрксіб аудандық соты түрмеде зорланып балалы болғанын мәлімдеген тұтқын Наталья Слекишинаның ісі бойынша үкім шығарды.

Тұтқын Наталья Слекишинаны «зорлады», «азаптады» және «қызмет бабын асыра пайдаланды» деп айыпталған бұрынғы түрме қызметкері Руслан Хакимовтің ісін қарап жатқан Түркісіб аудандық сотында соңғы екі күнде журналистер көп болды. Өйткені тамыздың 11-інен бері өтіп жатқан бұл даулы іс үкімі кеше – қыркүйектің 29-ы күні шығуы керек еді. Алайда кеше айыпталушының – 37 жастағы Руслан Хакимовтің ғана соңғы сөзі тыңдалып, сот шешімді қыркүйектің 30-ында жариялайтынын хабарлаған.

Наталья Слекишинаның жеңісі
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:32 0:00
Жүктеп алу

ҮКІМ

Бүгінгі сотқа келген 20 шақты журналистің алдына шыққан сот приставы «айыпталушы Руслан Хакимов өзін суретке я видеоға түсіруге қарсы, сотқа тиісті өтініш айтты, сондықтан оны түсірмесеңіздер» деді. Сот залына кірген кезде судья Айсара Жылқыбаева Хакимовтің бұл өтінішін қанағаттандырғанын айтты.

Айыпталушы орнында – жартылай жабық кабинкада отырған Руслан Хакимов журналистер кірісімен тізерлеп, кабинканың қабырғасына сүйеніп отырып алды. Оны екі-үш әскер қалқалап тұрды.

Судья Айсара Жылқыбаева Руслан Хакимовті қылмыстық кодекстің 120-бабы («Зорлау»), 146-бабы («Азаптаулар») және 362-бабы («Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану») бойынша айыпты деп танып, тоғыз жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуі тиіс Хакимовтің дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі «әділет майоры» деген әскери шенінен және мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

«ТҮРМЕДЕ МҰНДАЙ ОҚИҒАЛАР ӨТЕ КӨП»

Судья Айсара Жылқыбаева үкім оқығаннан кейін залды босатуды сұрады. Алайда адвокат Айман Омарова жәбірленуші Наталья Слекишинаның үкімге қатысты пікір білдіруге дайын екенін айтып, журналистер залда қалды.

– Үкімге көңілім толады. Мені түрме қызметкерлері көп қорқытты. Тіпті адвокатымнан бас тартуға мәжбүрледі. Бірақ прокуратура аралысып, қазір қауіпсіздігім қамтамасыз етілген. Адвокатыма, прокуратураға көп рахмет, –деді 33 жастағы Наталья Слекишина.

Наталья Слекишина (оң жақта) мен адвокаты Айман Омарова. Алматы, 30 қыркүйек 2016 жыл..
Наталья Слекишина (оң жақта) мен адвокаты Айман Омарова. Алматы, 30 қыркүйек 2016 жыл..

Ол «адвокатынан бас тартқызу үшін өзін тергеу изоляторында бірнеше рет ұрып-соққанын, бостандықтағы кәмелет жасына толмаған екі баласына қатер төнгенін, қазір бұл оқиғаға қатысты прокуратура қосымша іс қозғағанын» да айтты.

– Мен зорлық көргенен кейін барлық жерге жаздым. Арызданбаған жерім қалмады. Бірақ арыздарым тергеу изоляторы ішінде қалып қала берді. Сондықтан түрмеде мерекелік шара болып, телеарна келген кезде журналисті шетке шақырып, соған айттым. Әйтпесе бұл іс жабулы күйі қала берер еді. Түрмеде мұндай оқиғалар өте көп, – дейді Наталья Слекишина.

Ол түрмеде зорланған соң дүниеге келген қызы қазір бес айлық болғанын, бүгін тұңғыш рет құйрық басып отырғанын айтып көзіне жас алды.

Наталья Слекишинаның адвокаты Айман Омарова сот үкімін заңды деп санайтынын, бірақ Руслан Хакимовке кескен тоғыз жыл жазаны азсынатынын мәлімдеді.

– Қазақстан орындауға міндетті халықаралық келісім бойынша, түрмеде зорлау – азаптаумен тең. «Түрмедегі тұтқынның қауіпсіздігін қорғай алмады» деп мемлекетке қарсы шағымданамыз, – деді адвокат.

Соттың бүгінгі үкіміне қатысты сотталушы Руслан Хакимовтің де, оның адвокатының да, прокурордың да пікірін білу мүмкін болмады.

ВИДЕО: Наталья Слекишинаның соты

Руслан Хакимов кешегі соттағы соңғы сөзінде тұтқынды зорлағанын терістеп, «жыныстық қатынас ерікті түрде болғанын» айтқаны хабарланған. Ол «адам зорлады» және «азаптады» деген айыптарды терістеп, «қызмет бабын асыра пайдалану» айыбын ғана мойындаған.

Бұған дейін прокурор Хакимовті осы үш бап бойынша айыпты деп танып, 10 жылға соттауды сұраған.

2015 жылы қылмыстық кодекстің 192-бабы 3.2-бөлімі («Ірi мөлшердегі мүлiктi жымқыру мақсатында жасалған қарақшылық») бойынша айыпталып, сегіз жылға сотталған Наталья Слекишина қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінде отырған кезде зорланғанын биыл жазда мәлімдеген. Ол тергеу орнында отырған кезде өзін түрменің төрт қызметкері зорлап, содан жүкті болып, бала тапқанын айтқан. Бірақ күдіктілер айыпты жоққа шығарған. Кейін сараптама нәтижесінде сәбидің әкесі түрме қызметкерлерінің бірі екені анықталған.

Наталья Слекишина осы іс бойынша басталған сот кезінде өзіне қысым көрсетіліп, тергеу кезінде айтқан сөздерін мәжбүрлі түрде өзгерткенін хабарлаған. Бұдан соң Алматы қаласының прокуратурасы Слекишинаның бұл шағымы бойынша тексеру бастаған.

XS
SM
MD
LG