Accessibility links

«Мектепте ақша жинауға қарсы» ата-аналар жиынына бес адам қатысты


Transparency Kazakhstan ұйымдастырған жиынға келген ата-аналар. Алматы, 17 тамыз 2016 жыл.
Transparency Kazakhstan ұйымдастырған жиынға келген ата-аналар. Алматы, 17 тамыз 2016 жыл.

Жаңа оқу жылы қарсаңында коррупцияға қарсы Transparency Kazakhstan ұйымы Алматыда ұйымдастырған жиналысқа ата-аналардан гөрі, журналистер көбірек жиналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ата-аналар мектептегі ақша жинауға наразы, бірақ ашық қарсы шығуға дайын емес.

Ата-аналарға проблемалары жайлы ашық айту мүмкіндігін беру үшін жиналысты ұйымдастырушылар Алматыдағы мектепте өткен ата-аналар жиналысына мектеп директорлары мен мұғалімдерді әдейі шақырмаған. Бірақ мәселені талқылап, қоррупцияға қарсы Transparency Kazakhstan ұйымының кеңестерін тыңдауға қала мектептерінен небәрі бес ата-ана ғана келді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиналыс өткізуге ата-аналардың «мектептер белгілі бір өндіруші тіккен мектеп формасын ғана сатып алуға мәжбүрлейді» деп шағымданған телефон қоңыраулары мен шағымдары түрткі болған. Transparency Kazakhstan ұйымына шағыммен жүгінгендер мектеп басшылары білім және ғылым министрлігінің №26 бұйрығына сілтейтінін айтқан.

- Әлгі бұйрықты қарап шықтық, онда «отандық өндірушілердің мүддесін көздеп, өнімдерін өткізіңдер» деген нұсқау жоқ. Білім басқармасы, мектеп директорларының отандық өнімдерді сатып алуды ұсынуға ғана құқығы бар, - дейді Transparency Kazakhstan ұйымының атқарушы директоры Наталья Ковалева.

АТА-АНАЛАРДЫҢ ШАҒЫМЫ МЕН ҚОРҚЫНЫШЫ

Наталья Ковалеваның айтуынша, ата-аналар өз құқығын ашық қорғаудан қорқады.

Transparency Kazakhstan ұйымдастырған жиынға қатысып отырған ата-аналар мен журналистер. Алматы, 17 тамыз 2016 жыл.
Transparency Kazakhstan ұйымдастырған жиынға қатысып отырған ата-аналар мен журналистер. Алматы, 17 тамыз 2016 жыл.

- Жұрт шағымдануға дайын, бірақ олардың проблемасын біреу келіп шешіп берсе деген позиция ұстанады. Кейін жұрт көбінесе шағымынан бас тартады немесе сөзінен айнып қалады, сондықтан бірдеңе істеуге тырысқан адамдар қолайсыз жағдайда қалады. Өкінішке орай, ата-аналар баласына қысым жасайды деп қорқады, - дейді Наталья Ковалева.

Жиналысқа келген Виктория Голубева бұрын мектепте ақша жинау проблемасына душар болғанын айтады.

- Үлкен балам мектепте оқыған кезде ақша жинайтын. Өкінішке орай, ол кезде ақша жинауға қарсы шығуға мүмкіндігім болмады. Әсіресе ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық кезінде көп ақша жинаған. Екінші балам мектепке енді барады, сондықтан ақшаны орнымен, қоғамдық келісім-шарт негізінде жинаса - қарсылығым жоқ. Мектепті жөндеуге, өзге іс-шараларға ақша жинауға қарсымын. Коррупция бар екенін білемін, бірақ онымен қалай күресуді білмеймін, - дейді оқушының анасы.

Transparency Kazakhstan ұйымы өкілдері Наталья Ковалева мен Данияр Бексұлтан ата-аналарға «Азаматтарға мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға кепілдік беріледі» деп жазылған Қазақстан конституциясына сүйену керек деп түсіндірді. Жиналысты ұйымдастырушылар білім және ғылым министрінің «Орта білім беру ұйымдарына арналған міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» №26 бұйрығы мен Алматы қаласы білім басқармасының «Мектеп оқушыларының ата-аналарынан ақша жинауға тыйым салу туралы» бұйрығымен танысуды ұсынды.

Transparency Kazakhstan ұйымының өкілдері Наталья Ковалева мен Данияр Бексұлтан. Алматы, 17 тамыз 2016 жыл.
Transparency Kazakhstan ұйымының өкілдері Наталья Ковалева мен Данияр Бексұлтан. Алматы, 17 тамыз 2016 жыл.

Бұдан бөлек, ата-аналарға мектеп әкімшілігінен бюджетті ашық жариялауды талап ету, мектептегі заңсыз ақша жинауға қатысты аудио немесе видеожазбалар, хаттар, куәлерді тарту сияқты дәлелдер жинау, ақша бопсалау және заңсыз ақша жинау фактілері туралы коррупциямен күрес органдарына хат жазудан қорықпау туралы кеңестер берілді. Анонимді шағымдар қабылданбайды - заң бойынша шағымданушының аты-жөні көрсетілген әрі дәлелдер келтірілген шағымдар ғана қаралады. Наталья Ковалеваның пікірінше, заңыз ақша жинаумен күресу үшін ата-аналар белсенді болуы тиіс.

«ЗАҢ АЯСЫНДА КӨМЕКТЕСУГЕ» ШАҚЫРУ

Баласы №111 гимназияда оқитын алматылық тұрғын Әнуар Хасенов ата-аналардың бір бөлігі мектепке материалдық тұрғыдан көмектесуге қарсы емес деп санайды.

- Мектепте мынадай проблема кездеседі: кей ата-ана ақша жинайды деп шағымданса, кей ата-ана мектепке көмектескісі келеді. Ата-аналардың арасында ортақ пікір, ұстаным жоқ. Ақыры мемлекет толық қамти алмайды екен, мектепке ата-аналар көмектесуі тиіс. Егер мен мектепке көмектеспесем, мектеп балаларыма лайықты білім бере ала ма?- дейді Әнуар Хасенов.

Transparency Kazakhstan ұйымының атқарушы директоры ата-аналарды мектепке заң аясында көмектесуге шақырады. Ұйым өткізген зерттеу 50 пайыз параны ата-аналардың өздері ұсынатынын көрсеткен.

Transparency Kazakhstan ұйымдастырған ата-аналар жиналысында көрсетілген слайд. Алматы, 17 тамыз 2016 жыл.
Transparency Kazakhstan ұйымдастырған ата-аналар жиналысында көрсетілген слайд. Алматы, 17 тамыз 2016 жыл.

- Ата-аналардың көбі коррупциялық қылмысқа өздері итермелейді. Ал біз шындығында ата-аналардың мектепке материалдық тұрғыдан көмектескеніне қарсы емеспіз, бірақ мұны тиісті қорлар құрып, заң аясында жасау керек, - деп санайды Ковалева.

Жиналысқа қатысқан Алматы қаласы білім басқарамасы басшысының орынбасары Гүлбану Әміртаева қоғамдық қор құру идеясын құптамайды. Оның айтуынша, қоғамдық қорлар мемлекет көмекке мұқтаж болған 1990-жылдары құрылған әрі оларды ата-аналар комитеті басқарған, ал қазір мектептер жеткілікті мөлшерде қаржыландырылады.

- Әлгі қорға әр ата-ана ақша тапсыру қажет болған заман баяғыда өткен. Біз мектептерге демеушілік есеп-шот қана ашуға рұқсат етеміз, өйткені оны тиісті органдар қадағалайды. Мұғалімдерден ата-аналар комитетін жою туралы ұсыныстар түскен, өйткені олар ақша жинаумен айналысады. Ата-аналар комитеті ақша жинап, Жаңа жыл мерекесіне әртістерді шақырады, алақыр соңында мектеп басшылығы кінәлі болып шығады. Кез келген ақша жинау - коррупциялық қылмыс, - дейді Гүлбану Әміртаева.

Алматы қаласы білім беру басқармасы жетекшісінің орынбасары Гүлбану Әміртаева. 17 тамыз 2016 жыл.
Алматы қаласы білім беру басқармасы жетекшісінің орынбасары Гүлбану Әміртаева. 17 тамыз 2016 жыл.

Білім басқармасы басшысының орынбасары ата-аналарға демеушілік көмек көрсетпеуді ұсынады. Гүлбану Әміртаева мектепке көмек көрсеткен ата-ана оның баласына ерекше жағдай жасалуы тиіс деп ойлауы мүмкін. Шенеуніктің пікірінше, мұның астарында коррупция белгісі бар

Азаттықтың «Ата-аналар комитетіне заң жүзінде тыйым салуға болмай ма?» деген сұрағына білім басқармасы өкілі «Шенеуніктер тыйым сала алмайды, бірақ ұсына алады» деп жауап берді. Гүлбану Әміртаева «ата-аналар ақша жинаудан бас тартып, тиісті реакция танытуы тиіс» дейді.

Transparency Kazakhstan ұйымы өкілдерінің айтуынша,ата-аналардың көбі мектепте ақша жинауға қарсы, бірақ балалары қысымға ұшырамас үшін ақша өткізуге мәжбүр.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG