Accessibility links

Генерал ҰҚШҰ-ны жетілдіруге шақырады


ҰҚШҰ-ның армян-түрік шекарасындағы жаттығуына қатысып жүрген қазақстандық әскер. 15 қыркүйек 2012 жыл.
ҰҚШҰ-ның армян-түрік шекарасындағы жаттығуына қатысып жүрген қазақстандық әскер. 15 қыркүйек 2012 жыл.

ҰҚШҰ бас хатшысы Николай Бордюжаның Астанаға сапары тұсында генерал Махмұт Телеғұсов Азаттық тілшісіне сұхбат беріп, «ұйымның құқықтық базасы әлсіз,қазіргі проблемалар ескерілмегенін» айтты.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Николай Бордюжамен кездесті. Кездесу барысында ҰҚШҰ-ға мүше елдер тап болуы мүмкін қауіп-қатерлер мен оларға қарсы тұру шаралары талқыланған. Президент Назарбаев коалиция күштерінің Ауғанстаннан шығарылуына әрі «Ислам мемлекеті» ұйымының қарқыны күшейіп бара жатуына байланысты жаңа қауіп-қатерлер пайда болғанына назар аударған.

Жуырда Қазақстанның сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың АҚШ-қа ресми сапарында ол елдің мемлекеттік хатшысы Джон Керри «АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін, еркіндігін және территориялық тұтастығын қолдай береді» деп уәде берген.

Ал жуырда Ресей президенті Владимир Путин Ташкентте «Ислам мемлекеті» ұйымы тарапынан Өзбекстанға төнген қатерлерге қарсы тұру мәселесін Өзбекстан президенті Ислам Каримовпен талқылады.

Қараша айында ҰҚШҰ бас хатшысы НАТО-мен қарым-қатынас орнату қадамдары уақытша тоқтатылатынын жариялаған. Ресей Қырымды аннексиялап алып, Украинаның оңтүстік-шығысындағы ресейшіл сепаратистермен қақтығыстан кейін Ресейдің (демек ҰҚШҰ-ның да) НАТО-мен арасы ушығып кетті.

ҰҚШҰ 1992 жылдың 15 мамырында Ташкентте ТМД-ға мүше елдері қол қойған ұжымдық қауіпсіздік шарты негізінде құрылған. Қазір ҰҚШҰ-ға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мүше.

Әскери округ қолбасшысының бұрынғы орынбасары генерал Махмұт Телеғұсов Азаттықтың ҰҚШҰ тап болуы мүмкін қатерлер туралы сұрақтарына жауап берді.

Азаттық: – Қазір ҰҚШҰ-ға мүше елдерге сырттан қандай қауіп төніп тұр?

Әскери округ қолбасшысының бұрынғы орынбасары, генерал Махмұт Телеғұсов.
Әскери округ қолбасшысының бұрынғы орынбасары, генерал Махмұт Телеғұсов.

Махмұт Телеғұсов: – ҰҚШҰ елдері үшін негізгі сыртқы қатер батыс және оңтүстік бағыттан төнеді. Батыстан келетін қатер НАТО-ның шығысқа қарай жылжуымен байланысты. НАТО Украинадағы жағдайды Батыстың мүддесі үшін барынша пайдалануға тырысады. Украина НАТО-ның мүшесі бола ма, жоқ па, маңызды емес. Түбі оның территориясына НАТО қару-жарағы, кейін НАТО әскерлері келеді. Бұл жағдайда ҰҚШҰ ұжымдық күштер құрамына кіретін Беларусь қарулы күштерін күшейтуге тырысып, өзінің бітімгерлік күштерін Украинаның сепаратистер басып алған территориясына орналастыруға күш салады.

Ал оңтүстіктен, яғни Орталық Азиядағы стратегиялық бағыттан ең әуелі «Ислам мемлекеті» деп аталып жүрген ұйымнан қатер төнеді. Бұл ұйым ең әуелі Тәжікстан мен Өзбекстан, кейін Қырғызстан мен Қазақстан үшін қауіпті. Кеше Өзбекстан президенті Ислам Каримов Ресей президенті Владимир Путинмен Еуразия экономикалық одағымен ынтымақтастық орнату жайын ғана емес, Өзбекстанды ҰҚШҰ-ға қайтару жайлы да сөйлескен шығар деп ойлаймын.

Азаттық: – «Ислам мемлекеті» ұйымы тарапынан қатер төнген жағдайда ҰҚШҰ-ға мүше елдерге қандай көмек көрсете алады?

ҰҚШҰ жаттығуына қатысып жүрген қырғыз сарбаздары. Қырғызстан, 1 тамыз 2014 жыл.
ҰҚШҰ жаттығуына қатысып жүрген қырғыз сарбаздары. Қырғызстан, 1 тамыз 2014 жыл.

Махмұт Телеғұсов: – ҰҚШҰ– ұжымдық қауіпсіздік шартының орнына құрылған әскери-саяси блок сипатындағы ұйым. Демек мүше елдердің біріне жасалған шабуыл ұйымға мүше барлық елге жасалған шабуыл деп есептеледі, сондықтан сыртқы агрессияға тап болған елге ұжымдық әскери көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Яғни ұжымдық қауіпсіздік шартының (ҰҚШ) бір мүшесіне қарсы соғыс ҰҚШ елдеріне, енді ҰҚШҰ-ның бүкіл мүшелеріне қарсы соғыс болып саналады. Сыртқы қатерге тойтарыс беру – ҰҚШҰ-ның негізгі міндеті. Бірақ ұжымдық қорғаныстың құқықтық негіздері әлі толық реттелмеген. Ал ҰҚШҰ-ның ұжымдық күштерін іс жүзінде құру мен оларды қолдану мәселелері тіпті талқыланбаған.

Азаттық: – Егер ұйымға мүше елдердегі режимдерге іштен қатер төнсе, ҰҚШҰ қандай шараларға бара алады? Мысалы, Қазақсан мен Қырғызстанда сондай жағдай болса ше?

Махмұт Телеғұсов: – Қазақстанда мұндай жағдай болуы екіталай. Ал Қырғызстанға келсек, ол елде мұндай жағдай тууы әбден мүмкін. «Ислам мемлекеті» ұйымы Қырғызстанға сыртқы әскери агрессия түрінде тікелей қауіп төндіруі мүмкін, әрі қазір жайылып бара жатқан экстремистік ислам қозғалысының әскери ұйымы арқылы іштен қатер төндіруі мүмкін. Әрине, мұндай қауіп төнсе, Қырғызстан бар күшін салып қорғануы тиіс. Ал ҰҚШҰ мейлі, Қырғызстан, мейлі басқа ел болсын, ел парламенті сұрамаса, ұйымға мүше елдің ішкі ісіне араласа алмайды. Егер мұндай көмекті, мысалы Қырғызстан президенті Атамбаев сұраса, жалғыз оның өтініші жеткіліксіз болады.

ҰҚШҰ жаттығуы. Қырғызстан, 1 тамыз 2014 жыл.
ҰҚШҰ жаттығуы. Қырғызстан, 1 тамыз 2014 жыл.

ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күштерін енгізу мүмкіндігі тиісті келісімде қарастырылуы тиіс, бірақ бәрібір парламенттің өтініші бойынша ғана. Қазір ешкім 1956 жылы Венгиядағы және 1968 жылы Чехословакиядағы советшіл режимдерге қауіп төнгенін көріп, халық наразылығын танк күшімен басып-жаншығандай қадамға бармайды. Әне-міне билікке исламшылар келеді деген қауіп төнген күннің өзінде қырғыз халқы мен парламентінің еркінен тыс ешкім танкпен кірмейді.

Азаттық: – ҰҚШҰ-да күштік органдар бар ма? Олардың әлеуеті қандай?

Махмұт Телеғұсов: – Кезінде қорғаныс министрі генерал-лейтенант Болат Сембиновке ҰҚШҰ-ға, әсіресе Орталық Азиядағы стратегиялық бағытта жедел әрекет ететін күштер қажет екенін жазғанмын. Оларды орналастыру үшін ең ыңғайлы орын – Отар кенті. Ол жерде тиісті әскери қалашық, техника тұратын гараждар, ең бастысы екі үлкен полигон бар. Бірі – жалпы әскерге, екіншісі ҰҚШҰ-ның күштерінің оқу-жаттығуы сияқты үлкен жаттығулар өткізуге арналған. Ол жақта қару-жарақ пен әскери техниканы, жеке құрамды жеткізуге ыңғайлы темір жол да бар.

ҰҚШҰ-да ұжымдық жедел әрекет ету күштері құрылған. Тіпті ара-тұра жаттығулары да өтіп тұрады. Бірақ ол күштерді қолданудың құқықтық негізі дұрыс емес. Онда қазіргі проблемалар ескерілмеген. 2010 жылы Қырғызстанның оңтүстігінде азамат соғысы туған кезде ел президенті Роза Отынбаева ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұраған, бірақ ҰҚШҰ-ның бұған батылы жетпеді. Әскер енгізу туралы шешім қабылдамағаны дұрыс болды. Бұл өзге мемлекеттің ішкі ісіне араласу болар еді.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG