Бұдан бір жыл бұрын, 2013 жылы қарашаның 21-інде Киевтегі Тәуелсіздік алаңында – Майданда – Украинаның Еуропа Одағымен (ЕО) интеграциясын жақтаушылар шеруі басталды.
Кейін «Еуромайдан» аталып кеткен бұл қарсылық шарасының алғашқы күні шеруге 2 мыңға жуық адам шықты. Олар Украинаның сол кездегі президентіне - елдің ЕО-мен әріптестік шартына қол қоймаған Виктор Януковичке наразылық білдірді. Киевтегі шеру кейінірек жүзге тарта наразы адамның полиция оғынан мерт болуына ұласып, соңыра Янукович Ресейге қашып кетті. Бұл оқиғалардың ақыры Ресейдің Қырымды аннексиялауына, Шығыс Украинада сепаратистік қақтығыстарға жалғасты.
Азаттыққа сұхбат берген қазақстандық сарапшылар Украинада бір жыл бұрын басталған оқиғаның өз елдеріне әсерін талқылады.
Қасым Аманжолұлы, азаматтық белсенді және журналист
– Украинадағы оқиға қазақ қоғамына ерекше әсер етті деп айта алмаймын.
Біріншіден, бізде барлық дерлік бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) – ресейшіл бағытта. Халықтың өте аз бөлігі ғана оқитын азат, тәуелсіздеу БАҚ Украина оқиғаларына өзіндік көзқараспен қарауға тырысты. Алайда қоғамдағы жылдар бойы қалыптасқан самарқаулық пен үстем мемлекеттік БАҚ, ресейшіл БАҚ олардың үнін басып тастады. Одан қалса, әкімшілік күшпен, арнаулы күштік құрылымдармен қорқыту арқылы тәуелсіз журналистердің жұмысын таратқызбай отыр.
Екіншіден, қоғамды оята алатын, өзге елдегі жаңаруларды өз халқына жеткізіп, соңынан ерте алатын саяси күш Қазақстанда жоқ. Әлеуметтік желіде, оның ішінде Facebook-те отырған жандарға бүкіл дүние осы жерде айналып жатқандай көреді. Меніңше, олай емес. Ел биліктің ығында. «Еуромайдан» – АҚШ-тың арандатуы» деп түсінетіндер Қазақстан халқының 90-95 пайызы ма деп ойлаймын. Және бұл халықтың шынайы көзқарасы емес – балама ақпараттың болмауынан, дөрекі насихаттан туып отыр.
Сергей Дуванов, журналист
– Украинадағы «Еуромайдан» Қазақстанға елеулі әсер етті. Ресей мен Батыстың геосаяси мәселелерге қатысты тіресіне, оқиғаларға қатысты қоғамдық сана жанданып, поляризацияға ұшырады.
Майданға дейін де, одан кейін де Мәскеумен бірігу бағытын ұстанған Ақордаға бұл айтарлықтай әсер етпеді. Қазақстан билігі Украинада болған оқиғалардан секем алғаны рас. Қарамағындағылардың жемқорлығына төтеп бере алмайтын билеуші неге ұшырайтынын Янукович пен оның маңындағылардың тағдыры көрсетті.
Алайда мұның сабағы [қазақстандық] биліктің авторитарлы мінезіне әсер етпейтін секілді. Керісінше жемқорлықпен радикалды күреске емес, азаматтардың құқығы мен бостандығын шектеп, саяси алаңда тәртіптің күшеюіне келетін сыңайлы. Оған мысал – жаңа қылмыстық кодекстегі күшейтулердің көбеюі мен саяси алаңды оппозициядан тазарту.
Ал қоғамның поляризацияға ұшырауы – өзге мәселе. Майдан мен одан кейінгі оқиғалар, Қырымның Ресейге күштеп қосылуы, Украинаның шығысындағы зорлық-зомбылықтыі күшеюі, Ресей мен Батыстың арасындағы шиеленістің артуы қазақ қоғамын Путинді қолдаушылар мен қолдамайтындарға бөліп тастады. Әзірге бұл тірес саяси салаға бармай, тек идеологиялық салада көрініс тауып отыр. Бірақ бұл тірестің артқаны соншалық, кез-келген сәтте ол саяси кеңістікке ауып, Ресейді жақтаушылар мен олардың оппонентерінің арасындағы қақтығысқа ұласуы мүмкін.
Владислав Косарев, Қазақстан парламентінің депутаты
– Украинадағы оқиғалардың Қазақстанға айтарлықтай әсері болған жоқ. Бірақ адамдардың санасында алаңдаушылық пайда болды. Әрине, бұл – жақсы, өйткені әркім болашағы үшін мұндай жағдайлардан сабақ алуы керек. Майданды біздің елде өткізуге жағдай жасаушы бірқатар элементтер бар. Біздегі қазіргі барлық өзгерістер бұл тенденцияны болдырмауға бағытталған. Ал экономикаға келсек, мемлекет басшымыздың арқасында экономикамызды тоқырауға ұшыратпай ұстап тұрмыз.
Қазақстанға Майдан әсер етпеді, ешуақытта әсер етпеуі де керек. Украинадағы жағдай мен Қазақстандағы жағдай мүлдем өзгеше.
Ілияс Исаев, экономист
– Қазақстанға Майдан әсер етпеді, ешуақытта әсер етпеуі де керек. Украинадағы жағдай мен Қазақстандағы жағдай мүлдем өзгеше. Біздің жалпы ішкі өніміміз, экономикалық қуатымыз Украинаның экономикалық қуатынан 1,5-2 есеге жуық асып кетті. Ал кезінде одақтас елдер арасында Ресейден кейін екінші тұрған Украинаның экономикасы бүгінде құлдырап кетті. Біздің инвестициялық тартымдылығымыз анағұрлым жоғары. Біз ешкімге қарыз емеспіз. Кей мамандардың «Қазақстанның сыртқы қарызы 150 миллиард доллар» деп айтып жүргені – білместік. Қазақстанның қарызы тек 5 миллиард доллар, ал қалғандары – жекеменшік компаниялардың өзара қарыздары. Мемлекет оған жауап бермейді, өйткені мемлекет кепіл берген емес. Ал Украина Ресейге қазірдің өзінде 15 миллиард доллар қарыз. Сондықтан Украинаның жағдайымен бізді салыстыруға келмейді.