Accessibility links

«Лексус» көлігі қағып өлтірген жігіттің ісі сотқа жетті


Жаяу жүргінші қаза болға жол-көлік апаты бойынша сот ісінде айыпталушы Диас Кивенов (сол жақта). Астана, 16 қаңтар 2015 жыл.
Жаяу жүргінші қаза болға жол-көлік апаты бойынша сот ісінде айыпталушы Диас Кивенов (сол жақта). Астана, 16 қаңтар 2015 жыл.

Жаяу жүргінші қаза тапқан жол-көлік апатына қатысты іс Астананың Есіл аудандық сотына туыстарының төртінші талабынан кейін жетті. «Лексус» көлігі басып қаза тапқан Ұлан Байжұмановтың туыстарының айтуынша, бұрын істі «қылмыс құрамы жоқ» деген уәжбен үш рет қысқартқан. Сотталушының адвокаты клиентін Мақсат Үсеновпен салыстырмауды сұрайды.

Жол-көлік апатында мерт болған адамның туыстары қазаға кінәлі деп санайтын Астана қаласының тұрғыны Диас Кивенов қазір ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүр. Қаза тапқан жігіттің жақындары Кивеновті қамауды сұрағанымен, сот оны абақтыда ұстауға негіз жоқ деп тапқан.

Қайғылы оқиға 2013 жылы маусымның 4-інде түн мезгілінде болған. Астанадағы Еуразия университетінің 20 жастағы студенті Ұлан Байжұманов Америкада оқитын досын шығарып салу үшін достарымен бірге барған. Анасы Клара Қамарованың айтуынша, ол көлігін өзі тұратын үйдің ауласында қалдырып, досымен бірге тамақ сатып алуға кеткен. Жол апаты Астанадағы «Салтанат сарайы» маңында болған. Жолдан өтіп бара жатқан кезде «Лексус» көлігі қағып кеткен Ұлан Байжұманов сол жерде көз жұмған.

Көлікте болған үш адамның бірі - қазір іс бойынша куәгер ретінде танылған көлік иесінің ұлы. Тергеу болжамы бойынша, рульде отырған Диас Кивенов бағдаршамның қызыл шамына тоқтамаған, әрі жылдамдықты шекті шамадан асырып жіберген.

«Лексус» көлігінің иесі - республикалық «Мемлекеттік сараптама» мемлекеттік кәсіпорнының Астанадағы филиалы директорының қазіргі орынбасары Берік Нұрманбетов болғандықтан, Ұлан Байжұмановтың туыстары оқиға болған сәтте автокөлікті Диас Кивенов айдап келе жатқан дегенге сенбейді. Жол-көлік апаты болған кезде Берік Нұрманбетов Қарағанды облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментін басқарған.

Клара Қамарова - жол-көлік апатында қаза тапқан Ұлан Байжұмановтың анасы. Астана, 16 қаңтар 2015 жыл.
Клара Қамарова - жол-көлік апатында қаза тапқан Ұлан Байжұмановтың анасы. Астана, 16 қаңтар 2015 жыл.

Бірақ қаза тапқан жігіттің туыстары іс сотта қаралып жатқан кезде «Лексустың» иесі ауысып кеткенін айтады. Ал заң бойынша, айғақ зат ретінде қылмыстық іске тіркелген автокөлікті сот үкімі күшіне енгенге дейін немесе іс қысқарғанша иесіне қайтаруға болмайды.

— Біздің қолымызда көліктің сатылып кеткенін дәлелдейтін ресми анықтама бар. Оны 2014 жылдың мамырында сатып жіберген. Бірақ айғақ зат ретінде тіркелген көлікті қалай шығарып алғаны, оған кім рұқсат бергені белгісіз, - дейді Клара Қамарова.

Қаза тапқан жігіттің әкесі Серік Сәрсекенов сотта «бақылау камераларындағы видеожазбаларды көпке дейін қылмыстық іске тіркете алмай жүрдік, оларды бас прокуратураға шағымданған соң ғана тіркеді» деп мәлімдеді.

Марқұмның туыстарының айтуынша, бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің дерекқорында бұл іс бойынша Диас Кивеновтің аты-жөні жоқ, ал күдікті ретінде қаза тапқан Ұлан Байжұманов тіркелген.

Сотта Диас Кивенов айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Ол «қазір жағдайым жоқ» деген уәжбен комментарий беруден бас тартты. Оның адвокаты Бекжан Билялов та ешқандай комментарий бермеді.

Бірақ ол Азаттық тілшісіне «кейбір ақпарат құралдары клиентімді 2013 жылдың аяғында BMW X6 көлігімен алты адамды қағып кеткен Алматы тұрғыны Мақсат Үсеновпен салыстырады» деп ренжіді. Алматыдағы ол оқиғада зардап шеккендердің бірі қаза тапқан болатын. Ал жол-көлік апатына кінәлі адам қаза тапқан жігіттің отбасымен бітімге келіп, жазадан құтылған. Сот Үсеновті үш жылға жүргізуші куәлігінен айырған. Бірақ былтыр қараша айында ол Mercedes көлігімен қарсы бағыттағы жолға шығып кетіп, 38 жастағы әйелдің Toyota RAV4 көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан әйел басынан жарақат алып, сот Мақсат Үсеновті тағы тоғыз айға куәлігінен айырған.

Қаза тапқан Ұлан Байжұмановтың артында әйелі мен ұлы қалды. Оның әке-шешесінің айтуынша, көлік иесі бір бөлмелі пәтер ұсынып, істі қысқартуды сұраған. Бірақ жігіттің әке-шешесі «баламыздың өліміне кінәлі жан жазасын өтеуі тиіс» деп, бітімге келуден бас тартқан.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG