Accessibility links

Бес жыл бұрын Жовтис төрт жылға сотталды


Қазақстандық белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтисті полицейлер сот залында тұтқындап жатыр. Бақанас, 3 қыркүйек 2009 жыл. Фото "Свобода слова" газетінен алынды.
Қазақстандық белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтисті полицейлер сот залында тұтқындап жатыр. Бақанас, 3 қыркүйек 2009 жыл. Фото "Свобода слова" газетінен алынды.

Бес жыл бұрын белгілі қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис сотталып, жазасын өтеп жатқан жерінен рақымшылыққа ілінді. Азаттыққа берген сұхбатында ол түрмеде жазасын өтеп жатқан белсенділер туралы да айтты.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис кісі қаза тапқан жол апатын жасады деп айыпталып, 2009 жылы қыркүйектің 3-і күні сот үкімімен түрмеге қамалды. Ол сол уақыттан бастап, кейінгі бес жылдағы Қазақстандағы адам құқығына қатысты ахуал туралы айтты.

Азаттық: - Жовтис мырза, бес жыл бұрынғы үкім туралы қазір қандай қорытынды жасар едіңіз? Төрт жылға сотталып, оның көбін өтегеніңізбен, рақымшылыққа іліндіңіз.

Евгений Жовтис: - Үкімге қатысты пікірім мүлде өзгерген жоқ. Оны әлі де заңсыз, негізсіз, саяси астары бар, болған жайтқа мүлде қатысы жоқ үкім деп санаймын. Өйткені, ол қылмыс емес, жазатайым қайғылы оқиға болатын.

Саяси мүдденің қажеттігі болмай қалып еді, оны іле-шала бәрі ұмыта салды. Билік басындағылар менімен түк болмағандай сөйлеседі, тіпті сөз арасында кешірім сұрағандары да бар. Олар әлгі трагедияны мені қоғамдық өмірден, әсіресе 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға (ОБСЕ) төрағалық етер алдында қоғамдық өмірден уақытша шеттету және айтылатын сынды азайту үшін пайдаланды. Бұдан басқаша қисынды қорытынды жасауға болмайды.

Саяси мүдденің қажеттігі болмай қалып еді, оны іле-шала бәрі ұмыта салды. Билік басындағылар менімен түк болмағандай сөйлеседі, тіпті сөз арасында кешірім сұрағандары да бар.

Мұны кейін елде болған жол-көлік апаттары да растады. Маған барынша қатал, өзгеше үкім шығарды. Ал мемлекеттік қызметшілерге немесе бай адамдарға қатысы бар көптеген кісілер заңды мүмкіндіктерін еркін пайдаланып, жауапкершіліктен жалтарып кетті.

Азаттық: - Сіз түрмеден шыққан жылы 17 адам қаза тауып, жүзге жуық адам жараланған Жаңаөзен оқиғасына қатысты сот процестері өтті. Бейбіт шерушілерге қарсы қару қолдану фактісін, одан кейінгі қудалау әрекеттері мен сот үкімдерін, сотталған белсенді мұнайшыларды мерзімінен бұрын шартты түрде босатудан бас тарту сияқты қысым көрсету әрекеттерін қалай бағалар едіңіз?

Евгений Жовтис: - Мұнайшылардың талай айға созылған ереуілі бейбіт түрдегі наразылық акциясы болғанына құқық қорғаушылардың ешқайсысы күмәнданбайды. Талай айға созылған ереуіл кезінде мұнайшылардың әлдебір зорлық-зомбылық әрекеттерге барғысы келетін ниеті байқалмады. «Жаңаөзен ісі» процесінде де мұны растайтын ешқандай дәлел келтірілген жоқ.

Түрмеден шыққан Евгений Жовтис үйінде отыр. Алматы, 11 сәуір 2012 жыл.
Түрмеден шыққан Евгений Жовтис үйінде отыр. Алматы, 11 сәуір 2012 жыл.

Қайғылы оқиға болған күні алаңда арандату әрекеттері жасалғанына күмән жоқ. Ереуілшілердің кейбірінің қолында таяқ болғанына, жастардың бір бөлігінің арандатушыларға ергеніне қарамастан, билік қаруды қажетсіз әрі орынсыз қолданғаны сөзсіз.

Айтпақшы, мұнайшылардың өздері айтқан арандатушыларды іздеген де, жазалаған да ешкім жоқ. Барлық кінәні мұнайшыларға арта салды. Ал соттан кейін мерзімінен бұрын шартты босату уақыты келген Роза Төлетаева немесе Мақсат Досмағамбетовті босатпай қоюы да бұл қудалаудың саяси астары барын көрсетеді. Адамды саяси есеппен ғана түрмеде ұзақ ұстауға болады.

Олар сияқты мені де, Рамазан Есіркепов және тағы көптеген жолдастарды да мерзімінен бұрын босатпады.

Мерзімінен бұрын шартты түрде босату уақыты келген Роза Төлетаева немесе Мақсат Досмағамбетовті босатпай қою да бұл қудалаудың саяси астары барын көрсетеді.

Бір қызығы, Роза Төлетаеваның мерзімінен бұрын шартты босату туралы мекеме әкімшілігі мен прокурор қолдаған өтінішіне қатысты судья басқа шешім шығарған. Бұл арада саяси есептің түйткілді екі тұсы бар. Біріншіден, Роза Төлетаеваны танымайтын судья басқа көздерден алған ақпарат негізінде шешім қабылдаған. Екіншіден, процесте әділ төрелік етушінің орнына, судья айыптаушы рөлін ойнады.

Азаттық: - Оппозициялық «Алға» партиясы жетекшісі Владимир Козлов «Жаңаөзен оқиғасына қатысы болған» деген айыппен жеті жарым жылға сотталды. Жуырда оның қоныс колонияға ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмады. Сотталған диссидент Арон Атабек пен азаматтық белсенді Вадим Курамшин «билік бізден түрме жүйесін пайдаланып, кек алмақ» деп мәлімдейді.

Евгений Жовтис: - Мұндай «ерекше әрі заңсыз жағдайда ұстаудың» не екенін жақсы білемін. Мені колонияда басқа тұтқындардан өзгеше тәртіппен ұстап, өзгеше қарым-қатынас жасады. Жалғыз мені қоныс колониясынан біреудің бақылауынсыз сыртқа жалғыз шығармады, жалғыз маған ғана қоныс колониясынан тыс жерде жұмыс істеуге рұқсат етпеді. Түрме жүйесінде қолдану-қолданылмауы әкімшілікке ғана байланысты көптеген ереже бар. Әкімшілік іс жүзінде заңды өз ыңғайына қарай пайдалана алады.

Түрме жүйесінде қолдану-қолданылмауы әкімшілікке ғана байланысты көптеген ереже бар. Әкімшілік іс жүзінде заңды өз ыңғайына қарай пайдалана алады.

Мысалы, нені тәртіп бұзу, нені тәртіп бұзу емес деп санау құзыры түрме әкімшілігіне берілген. Мысалы, сапқа тұруға кешіккен тұтқынға ескерту жасауы немесе тәртіп бұзу ретінде хаттама толтыруы мүмкін. Егер хаттама толтырылса, ол жазаланып, жарты жыл бойы ешқандай өтініш, мысалы заңды уақыты келсе де, мерзімінен бұрын шартты босату туралы өтініш бере алмайды.

Яғни түзету мекемелері әкімшілігінде қалауынша қолдана алатын үлкен билік құралы бар. Заң да оған мүмкіндік беріп қойған. Ал мен немесе Владимир Козлов, Арон Атабек, Вадим Курамшин сияқты жоғарыдан әлдебір саяси нұсқау түскендерге оны қолдану тіпті оңай.

Азаттық: - Тергеу амалдары кезінде психиатриялық тексеруге жіберілген Астанадағы протестанттық шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев пен риддерлік құқық қорғаушы Александр Харламов «бізге қарсы жазалау психиатриясын қолданулары мүмкін» деп қауіптенген еді. Билік психиатриялық клиникаға күшпен жатқызылған балқаштық адвокат Зинаида Мухортоваға емделу «ұнайтынын» айтады. Бірақ оның туыстары мен жақтастары мұны Қазақстанда «жазалау психиатриясының» жаңғыруы деп бағалайды. Ал сіз қалай ойлайсыз?

Евгений Жовтис: - Қазақстандағы психиатрия жүйесі дегеніміз не? Бұл – жабық жүйе. Онымен салыстырғанда, түрменің өзі ашықтау жүйе, өйткені жұрт қоғамдық бақылау комиссиялары арқылы ондағы жағдайды сәл де болса бақылай алады. Азаптау әрекеттерімен күресетін ұлттық превентивтік (алдын алу) механизмі құрылғанға дейін біздегі психиатрия жүйесін бақылау мүлде мүмкін болмаған еді.

Онда жатқан немесе психиатриялық емделуге күшпен жіберілген адам жабық жүйеге түседі. Ол әлгі мекеменің әкімшілігіне толық тәуелді күй кешіп, тіпті түрмедегі тұтқыннан да еріксіз күйге ұшырайды. Ал кіріптарлық хәлге түскен адам қауіпсіздігі үшін бәрі ұнайтынын айтады. Өйткені бірдеңе айтса, репрессияға ұшырамайтынына ешқандай кепілдік жоқ.

Онда жатқан немесе психиатриялық емделуге күшпен жіберілген адам жабық жүйеге түседі. Ол әлгі мекеменің әкімшілігіне толық тәуелді күй кешіп, тіпті түрмедегі тұтқыннан да еріксіз күйге ұшырайды.

Батыс елдерінде қоғам мұндай жабық психиатриялық жүйеден бас тартқан. Ол жақта адамды еркінен тыс емдеу үшін әлгі адамның өзіне немесе айналасына қауіпті екенін дәлелдеу керек.

Ал Зинаида Мухортова өзіне немесе айналасына қандай қауіп төндірді? Ол өзіне де, айналасына да ешқандай қауіп төндірген жоқ. Мұндай факті жоқ. Факті болмаған соң бірден «Оны не үшін қамаған? Мұның саяси астары жоқ па?» деген сұрақтар туады. Бұдан кейін әлдебір «дөкей көкелерге» қарсы шыққаны үшін осындай қысымға душар болғаны, психиатриялық клиникаға күшпен жатқызылғаны анықталады. Ал бұған дейін оның ешқандай проблемасы болмаған. Оның емделгісі келмейтіні факті емес. Әуелі оны еркінен тыс емдеудің аса қажет екенін дәлелдеу керек.

Биліктің Зинаида Мухортоваға қатысты дұрыс әрекет етіп отырғанына көз жетізу үшін, біріншіден, оның емдеуді талап ететін дертке шалдыққанын тәуелсіз сараптама толық растауы тиіс. Екіншіден, билік оның өзіне немесе қоғамға қауіп төндіруі мүмкін екенін, сондықтан оны еркінен тыс емдеу қажет екенін дәлелдеп берсін. Үшіншіден, егер оны шынымен де мәжбүрлі емдеу қажет болса, оны емдеу толықтай қоғамдық бақылауға алынуы тиіс.

Бұл үш шарт орындалмай, мен бұл адамға психиатрия емдеу үшін емес, басқа бірдеңе үшін жазалау мақсатында немесе саяси мақсатта қолданылған деп есептеймін. Бақытжан Қашқымбаев пен Александр Харламовтың істері де мұны растайды. Өйткені адамды Құдайға сенгені немесе сенбегені үшін жазалауға қандай негіз бар? Бұл психиатрияны құрал ретінде пайдаланудың тағы бір мысалы. Ал оны құрал ретінде пайдаланған кезде ол совет заманындағы сияқты жазалау тетігіне айналады.

Соңғы бес жылда саяси құқықтар мен азаматтық еркіндіктер шектеліп, бұл салада кері кету байқалады. Бірақ бұл - заңды құбылыс. Өйткені біз әзірше дамудың демократиялық жолымен емес, авторитарлық жолымен кетіп барамыз.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG