Қаңтардың 15-інде Астана қаласы Сарыарқа аудандық 2-сотында «алауыздық тудырды» деп айыпталған қоғам белсендісі Болатбек Біләловке қатысты сот процесі жалғасты.
Сот басталарда Болатбек Біләловті залға қолы кісендеулі күйі алып келді. Залда отырған адамдар оған «сот ісінің әділетсіз өтіп жатқанын» айтып, «Соған қарсылық ретінде процеске қатыспай шығып кетсек қалай қарайсың?» деп сұрады. Болатбек Біләлов онымен келіспей, «соттың қалай өтіп жатқанын өздерің көріп, жұртқа жария етіңдер» деп өтінді.
Сот бастала Болатбек Біләловтің адвокаты Аманжол Мұхамедияров судья келіп Назгүл Бапақоваға «айыпталушыға кінә таққан сот сараптамасын қайта қарап, оған қайтадан соттық-психологиялық, саяси, филологиялық, философиялық сараптама жүргізсін» деген өтініш айтты. Ал мемлекеттік айыптаушылар Біләловтің шағымына қатысты «ешқандай негіз жоғын» айтты. Арнайы бөлмеге барып кеңесіп келген судья Бапақова айыпталушының адвокаттарының «қайта сараптама жасалсын» деген өтініштерін қанағаттандырмайтынын хабарлады.
Осыдан кейін Болатбек Біләловтің ағасы әрі осы істегі қорғаушысы Қанат Біләлов судья Назгүл Бапақоваға қарсылық танытты. Ол «судья үш күннен бері істі асықтырып, үзіліссіз жүргізіп, қорғаушыларға ақылдасуға мүмкіндік бермей жатқанын, істі бір жақты қарастырып отырғанын», «айыптауға негіз болатын пайым шығарған сарапшылардың сот отырысына қатыспағанын», айтты. Осы сәтте залдағы 100-дей адам «Отвод! Отвод!» («Судьяға қарсылық білдіреміз» деген мағынада – ред.) деп айғайлап тұрып алды. Судья Назгүл Бапақова кеңесу бөліміне шығып кеткен кезде сот өкілі «судьяны құрметтемей, айғайлағандары үшін» сотқа келген адамдардың залдан шығып кетуін сұрады. Бірақ сотқа келгендер орындарынан тұрмай қойды.
Жарты сағаттық үзілістен кейін Сарыарқа аудандық сотының судьясы Виктория Семенова келіп, Болатбек Біләловтің қорғаушысы Қанат Біләловтің судья Назгүл Бапақоваға берген қарсылығын қарап, оны қанағаттандырудан бас тартты. Виктория Семенова сот отырысын одан әрі де судья Назгүл Бапақова жүргізе беретінін мәлімдеп, процесс бір сағат үзілістен кейін – сағат 12-де жалғасатынын хабарлады.
Сотқа келгендер бір сағат үзіліс кезінде залдан шықпай отырды. Бірақ сағат 12-де соттың басқа залда өтіп жатқаны хабарланды. Алайда полицейлер сотқа келген азаматтарды да, бүгінгі процеске қатысып отырған жалғыз ақпарат құралы өкілі – Азаттық тілшісін де сот өтіп жатқан залға кіргізбей қойды.
Басқа залда жалғасқан сот жарты сағатқа жетер-етпес уақытта аяқталды. Ол отырыстан шыққан қорғаушы Қанат Біләлов өздерінің Сарыарқа аудандық 2-сотындағы барлық судьяларға қарсылық танытқанын, бірақ ол қарсылықты судья Назгүл Бапақова қанағаттандырмай, жарыссөзді 19 қаңтарға белгілегенін айтты.
Болатбек Біләловтің адвокаттары Төлеген Шаиков пен Аманжол Мұхамедияровтың айтуынша,«судья Назгүл Бапақова Сарыарқа аудандық 2-сотының бүкіл судьяларына білдірілген қарсылықты қарай алмайды». Сондықтан олар бұл соттағы барша судьяға қарсылықтарын осы соттың қабылдау кеңсесіне таптырды.
Болатбек Біләловтің сотына қатысқан азаматтар бүгінгі процестен шыға сала "сот дұрыс өтпей жатыр, соған билік назар аударуы керек" деп хат жазып, ол хатты Ақорданың алдындағы пошта жәшігіне апарып салды.
Сот барысы жайлы судьяның және айыптаушылардың пікірін білу мүмкін болмады.
Сот кезінде судья Назгүл Бапақова процесстің басы мен соңын ғана видеоға түсіруге рұқсат еткен. Бірақ ол сараптаманы қайта жүргізу жайлы өтініші оқи бастаған адвокат Аманжол Мұхамедияров алдына диктофонын қойған Азаттық тілшісіне «іске кедергі келтірдіңіз» деген ескерту жасады. Судья сот кезінде бір азаматты «процеске кедергі келтіргені үшін» залдан шығарып жіберді.
«Демократия және адам құқығы институты» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, қоғам белсендісі Болатбек Біләлов 2015 жылдың қарашасында тұтқындалған. Болатбек Біләловті екі айға қамауға алу туралы қаулыны Астана қаласы Сарыарқа аудандық 2-соты 11 қарашада шығарған. Оған қылмыстық кодекстің 174-бабының 2-тармағы бойынша «әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздық қоздырды» деген айып тағылған. Тергеушілердің пікірінше, белсенді бұл әрекетті «бұқаралық ақпарат құралдарының алдында, көпшілікке жария түрде жасаған».
Болатбек Біләлов Астанадағы сүрілуі тиіс үйлердің тұрғындарының мүддесін сотта қорғаушы ретінде танымал болған. Сонымен бірге ол – ресейлік зымырандарды Байқоңырдан ұшыруға қарсы шығып жүрген «Антигептил» тобының белсендісі.
Болатбек Біләловке қатысты сот процесі қаңтардың 13-інде Астана қаласы Сарыарқа аудандық 2-сотында басталған.