Қыркүйектің 27-сі күні Астанадағы Есіл аудандық 2-сотта Қазақстан журналистер одағының төрағасы әрі ұлттық баспасөз клубының президенті Сейітқазы Матаев пен оның ұлы – ҚазТАГ агенттігінің жетекшісі Әсет Матаевқа қатысты сот отырысы жалғасты.
«АЙЫПТАРЫ АУЫР»
Бүгінгі сотта әуелі прокурор Ержан Құрақбаев сөйледі. Ол Сейітқазы Матаевтың инвестициялар және даму министрлігі ақпараттандыру және байланыс комитетінен мемлекеттік тапсырысты ұтып алуда бұрын президенттің баспасөз хатшысы болған беделін пайдаланғанын» айтты.
Прокурор Ержан Құрақбаев Сейітқазы Матаевты «қаржы жымқырды және салықтан жалтарды» деген айыппен 6 жыл 8 айға, Әсет Матаевты «қаржы жымқырды» деген айыппен 6 жылға соттауды сұрады.
Прокурор «ол азаматтарға тағылған айыптар ауыр» екенін айтып, судья Ақболат Құрмантаевтан Матаевтарға дүние-мүліктерін тәркілеу және жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеу туралы үкім кесуін өтінді.
Прокурор судьядан Сейітқазы Матаевтың кәсіпкерлікпен айналысуына 3 жылға дейін тыйым салуды, ақпараттандыру және байланыс комитеті мен «Қазақтелеком» компаниясына олардың шағымы бойынша 169 миллион теңге өндіріп беруді, төленбеген салық ретінде 216 миллион теңге төлетуді де сұрады.
«ІСТЕ НАҚТЫ ФАКТ ЖОҚ»
Судья Ақболат Құрмантаев жарыссөз біткен бойда Сейітқазы және Әсет Матаевтарға соңғы сөздерін айтуға рұқсат берді.
Сейітқазы Матаев соттағы сөзінде «прокуратураның істі дұрыс қарамағанын» айтты. Ол 9 айға жуық уақыт бойы қаржы полициясы, прокуратура мен соттар тарапынан өзі мен ұлына «қысым жасалғанын», 2016 жылғы қаңтардың 13-інен басталған тексерістер күніне 15-17 сағат жүргенін мәлімдеді.
Сейітқазы Матаев «Қазақстан журналистер одағы, ұлттық баспасөз клубы және ҚазТАГ ақпарат агенттіктеріне тексеру арқылы қысым жасаған адам» ретінде Қазақстан президенті әкімшілігінің бұрынғы басшыларының бірін айтты.
– Менде ешқандай қобалжу жоқ. Тағдыр мен түрмеден қашып кете алмайсың. Істе нақты факт жоқ, тек болжамдарға сүйеніп отыр, – деді өзіне тағылған айыптармен келіспеген Сейітқазы Матаев.
Ол өзінің Қазақстан журналистикасында атқарған жұмыстарына да тоқталды.
«БҰЛ – РЕЙДЕРЛІК»
Әсет Матаев та айыпты жоққа шығарып, өздеріне қатысты қозғалған істі «рейдерлік» деп атады.
– Мен ешқандай жаза мерзімінен қорықпаймын. Айыпты емеспін. Әкем де, шешем де – журналист. Біз өткір мәселелерді айттық. Мұның барлығы – рейдерлік, аузымызды жабу. Бізге жабылған айыптарға күлкім келеді. Біресе 450, біресе 350 миллион теңге дейді. Мұның барлығы – жала, – деді Әсет Матаев.
Ол өздерінің «Қазақстанда ғана емес, көрші мемлекеттерде де журналистиканы дамытқанын» айтты.
– Бес жылдың ішінде 106 миллион теңге салық төледік, журналистерге 320 миллион теңге жалақы бердік, – деді Әсет Матаев.
Ол «жазықсыз екендерін анықтайтын құжаттар барын, соттың әділ шешім шығаратынына сенімді екенін» мәлімдеді. Әсет Матаев өздерін қолдаған жұртқа – қарапайым адамдарға, журналистерге, Ресей журналистер одағына, Қырғызстан мен Тәжікстан тілшілеріне, Еуропарламент депутаттарына алғыс білдірді.
Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаевтың үкімдері қазанның 3-інде оқылмақ.
Қазақстан журналистер одағының төрағасы әрі ұлттық баспасөз клубының президенті Сейітқазы Матаев биыл ақпанның 22-сінде ұсталған. Наурыздың 28-інде оның ұлы - ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынған.
Бұл қамаулардың себебін түсіндірген антикоррупциялық қызмет«ҚазТАГ агенттігі мен ұлттық баспасөз клубының мемлекеттік саясатты ақпарат арқылы таратуға және басылымдарда материал басу үшін ақпараттандыру комитеті мен «Қазақтелеком» компаниясына бөлінген 300 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырғаны анықталды» деп хабарлаған.
Әкелі-балалы Матаевтарға қатысты сот процесі Астанада 23 тамызда басталған.