Қазақстанда тұтынылатын жалпы қуаттың 63 пайызы көмірден өндіріледі. Қоршаған ортаға зияны зор көмірден алынатын жылу мен қуатқа тәуелді ел «энергияны көп ысырап қылушы» ретінде де әлемдік статистика құжаттарында көрініп қалады. Астанадағы Назарбаев университетінің Nuris технопаркінде таныстырылған SunPower Oasis C-7 деп аталатын күн энергетикалық қондырғысы бұл кемшіліктің орнын толтыру үшін отандық ғалымдар жасаған алғашқы қадамдай болып көрінді. Жоғарғы шегінде 25 киловатт-пик электр қуатын өндіретін, «Қазақстанда бұрын соңды баламасы болмаған» деп сипатталған жобаны жасауға «Total» компаниясы мен оған еншілес «СанПауэр» кәсіпорны қатысқан. Қондырғы Назарбаев университетінде екі жыл сынақ зерттеуден өтпек.
Таныстырылымға қатысқан «Total» компаниясының өкілдері SunPower Oasis C-7 қондырғысы АҚШ, Испания және Африка елдерінде, жалпы саны 11 мемлекетте қолданысқа сәтті енгенін айтады. Күннен қуат алатын панельдерді Қазақстанда «Astana Solаr» өндіріс орны 2013 жылдан бері шығарып келеді. Мамандардың сөзінше, сыналып жатқан жаңа қондырғының қуаты зор, өзіндік құны арзан, пайдалану мерзімі ұзаққа шыдайды. Сол себепті өндіретін қуат бағасы да қымбат емес – бір киловатт-сағаты 0,10 АҚШ долларына тең.
- Бұл қондырғыны өнеркәсiпке енгiзбес бұрын сынақтан өткіземіз. Астананың ауа райы – суықта, ыстықта, желде, жаңбырда қалай қуат жинайтынын көреміз. Содан кейiн ғана нарыққа шығарылады, - дейдi «Total» компаниясының қоғаммен байланыс бойынша директоры Данияр Сәлiмбаев.
Назарбаев университетінің кіші ғылыми қызметкері Фархад Мұратов жоба сәтті шықса, алыстағы елді мекендер мен ауылдық жерлерді орталықтан электрмен қамтамасыз ету проблемасы шешіледі деп санайды. Бірақ мұндай қондырғыны жасайтын өндіріс орнын салу мәселесі әлі шешілмеген.
- Технология тиімділігін көрсетсе, инвесторлар үшін болашақта жақсы бизнес көзі ашылады. Алайда сұраныс көлемі ауқымды болмаса, өз құны ақталмауы мүмкін. Сондықтан бірлескен кәсіпорындар қолға алатын шығар, – дейді ол.
Технологиялық сипаттары жергілікті аймақтың күн райына қатысты сынақтан өтпегендіктен, өндіріс салу ісі әлі шешілмегендіктен мамандар бұл қондырғының жасала қалған күндегі бағасын айтуға қиналады. Энергетика министрлігінің Жаңғырмалы энергия көздері департаментінің директоры Айнұр Соспанова күн, жел, судан алынатын қуат көзіне қатысты бизнестің болашағы зор деп санайды.
- Қазақстанда дәстүрлі жолмен қуат көзін алуға байлық жүздеген жылдарға жетеді. Бірақ, бүгінгі жағдайда кім арзан қуат көзін табады, соның тауары бәсекеге қабілетті. Ал арзан баға – жаңғырмалы энергия көзінде. Сондықтан біз қазірден сол технологияға, инновацияға дайындалып жатырмыз, - дейді ол.
Мамандар жаңғырмалы энергия көзі Қазақстанда әзірше қымбат екенін айтады. Бірақ, арнайы заң қабылданып, соның аясында мемлекеттік бағдарламаның іске қосылғаны бұл салаға демеу болады деп сенеді. Фархад Мұратовтың сөзінше, жаңғырмалы энергия көзін алуда қоршаған ортаға ешқандай зиян тимейді.
Ұлыбританияның The Economist журналы шығаратын дәстүрлі Pocket World in Figures 2015 статистика жинағында Қазақстан «қуатты ең көп ысырап қылушы 11 елдің бірі» ретінде аталады. Энергетика министрлігінің өкілі Айнұр Соспанова мұны «солтүстікте қуат өндіріп, оны оңтүстікке тасудың әсері» деп біледі. Соспанованың ойынша, баламалы энергия көздері болашақта Қазақстанды бос шығын мен ысыраптан құтқармақ.
Энергетика министрлігінің жоспары бойынша, 2020 жылға қарай Қазақстан пайдаланатын энергияның үш пайыздайы жаңғырмалы қуат көзінен алынуы керек. Ал қазіргі мөлшері - небәрі 0,6 пайыз. Дүниежүзі бойынша табиғи көздерден ең көп қуат алатын Германияда бұл көрсеткіш 30 пайызға таяды.