Accessibility links

Артық төлемге арызданғандар «жала жапқаны» үшін айыпты болды


"Жала жабу" айыбымен өтіп жатқан сот отырысы. Астана, 13 қыркүйек 2016 жыл.
"Жала жабу" айыбымен өтіп жатқан сот отырысы. Астана, 13 қыркүйек 2016 жыл.

Тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемені «тарифты қымбаттатты» деп сөккен тұрғындар «жала жабу» бабы бойынша жауапқа тартылды.

Астаналық төрт тұрғын – Балқия Бисенғалиева мен Абузар Хамзин және аты-жөнін айтпауды өтінген екі адамға қатысты сот қыркүйектің 13-і күні қаланың Есіл аудандық 2-сотында өтті. Ол азаматтар «Алатау» тұрғын үй кешеніндегі өздері тұратын үйге қызмет көрсететін «АлатауЖилСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) тарифты қымбаттатуына наразы болып, 2014 жылдан бері мемлекеттік органдарға арызданып келеді.

Артық төлемге арызданғандар айыпталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:19 0:00
Жүктеп алу

Бірақ бұл жолғы сотқа ол азаматтар айыпталушы ретінде қатысты. Төрт тұрғынға қатысты іс қозғауға олар тұратын үйге қызмет көрсететін «АлатауЖилСервис» ЖШС-ның бұрынғы басшысы Андрей Чукреев пен сол үйді салған «Норд» ЖШС-ның экс-заңгері Динара Құдайқұлованың «бұл адамдар жала жапты» деген арыздары негіз болған.

Осы іс бойынша бір апта шамасында үш отырыс өткізген судья Қанат Дүйсембиев қыркүйектің 13-і күні өткен жарыссөзден кейін бірден қылмыстық кодекстің 130-бабы («жала жабу») бойынша үкім шығарып, төрт тұрғынға айыппұл салды. Балқия Бисенғалиева мен Абузар Хамзин және атын атамауды өтінген азаматтың әрқайсысы мемлекетке 500 айлық есептік көрсеткіш (немесе АЕК, бір айлық есептік көрсеткіш –2121 теңге), төртінші тұрғын 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болды.

ДАУДЫҢ БАСЫ

Тұрғындар мен «АлатауЖилСервис» ЖШС арасындағы дауға қызмет құнының өсуі себеп болған.

Балқия Бисенғалиева. Астана, 13 қыркүйек 2016 жыл.
Балқия Бисенғалиева. Астана, 13 қыркүйек 2016 жыл.

Сот бұл жолы «жала жапты» деп тауып, айыппұл төлеуге үкім еткен азаматтардың бірі Балқия Бисенғалиева сол үйдегі 128 шаршы метрлік пәтерін 2009 жылы үлескер ретінде сатып алған.

Ол үйдің инженерлік жүйесі және тазалық қызметі үшін өз иелігіндегі пәтердің әрбір шаршы метріне «АлатауЖилСервиске» 40 теңгеден, ай сайын 5 мың 120 теңге төлеп келгенін айтады.

Алайда бірнеше жылдан соң қызмет көрсету құны қымбаттаған айтқан Балқия Бисенғалиеваның сөзінше, тұрғындар ол жаңалықтан хабарсыз болған.

- 2012 жылы ақпанның 17-сі күні жиналыс болып, тариф 40 теңгеден 65 теңгеге қымбаттағаны жайындағы протокол барын сот барысында ойда жоқта анықтадық. Сол жылы ақпанның 26-сы көптеген тұрғындар «қызмет көрсету құны артады» дегенге қарсылық білдірдік, біз ондай құжаттарға қол қойғанымыз жоқ, – дейді Балқия Бисенғалиева.

Балқия Бисенғалиеваның сөзін айыпталған тағы бір тұрғын Абузар Хамзин да растайды.

Абузар Хамзин.
Абузар Хамзин.

Оның айтуынша, тұрғын үй кешенінің иелері тарифты қымбаттату кезінде өздерінің жекеменшігі саналатын 108 пәтердің дауысына сүйенген.

- «АлатауЖилСтрой» ЖШС тұрғындардың келісімінсіз бағаны 25 теңгеге көтерді. Осы мәселеге қатысты бірінші сот 2014 жылы мамырдың 14-і болған. Тұрғын үй кешенінде 400-жуық пәтер бар. Біз (қарсылық танытқандар – ред.) 40 шақтымыз. Үй иесінің атына 108 пәтер тіркелген. Олар біз басым дауысқа иеміз деп тұр. Бұрын бізді қолдағандардың қазір бұл іске араласқылары келмей қалды, – дейді ол.

Тарифты қымбаттатуға наразы тұрғындар 2014 жылы тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі мен жоғарғы соттың сайтына «АлатауЖилСервиске» байланысты шағымданып арыз жазған.

Тұрғындарды ресми органдар сайтына жазған шағымдарынан кейін «АлатауЖилСервис» құрылтайшысы Андрей Чукреев пен сол үйді салған әрі «АлатауЖилСервисті» құрған «Норд» ЖШС заңгері Динара Құдайқұлова «сайттарға шыққан шағымның негізсіздігін, өздеріне жала жабылғанын» айтқан.

Сотқа шағым түсірген заңгер Динара Құдайқұлова. Астана, 13 қыркүйек 2016 жыл.
Сотқа шағым түсірген заңгер Динара Құдайқұлова. Астана, 13 қыркүйек 2016 жыл.

Олар Есіл аудандық сотынан шағымданған бірнеше тұрғынның әрбірінен 5 пен 30 миллион теңге аралығында моральдық шығын өндіруге шағым түсірген. Аудандық сот шағымды қанағаттандырмаған. Есесіне сол жылы қалалық апелляциялық сот Андрей Чукреев мен Динара Құдайқұлованың шағымын ішінара қанағаттандырып, «айыпталушы тұрғындар 25 мың теңгеден моральдық шығын өтесін» деген үкім шығарған.

«Бар мәселені мемлекеттік органдардың сайтына жазу жала жабу емес» деген тұрғындардың бірі (аты-жөнін атамауды өтінді – ред.) биыл шілденің 31-і күні Астана қаласы прокуроры атына шағым жазған. Ал тамыздың 5-і күні Андрей Чукреев мен Динара Құдайқұлова тұрғындар өздеріне «жала жапқанын» тағы айтып, Есіл аудандық 2-сотына қайтадан шағым түсірген.

«АлатауЖилСервистің» әрекеті заңсыз деп таныған тұрғындар әлі күнге дейін ол мекеменің ақысы ретінде үйдің шаршы метріне 40 теңге төлеп жүргендерін айтады. «Жала жапқандары» үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болған азаматтар сот үкімімен келіспейтіндерін, 15 күннің ішінде қалалық сотқа апелляциялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді.

Ал сотқа айыптаушы ретінде қатысқан азаматтар ашық сот отырысына журналистердің кіруіне қарсы болды. Олар сот шешіміне қатысты қандай да бір пікір білдіруге де құлық танытпады.

XS
SM
MD
LG