Теймур Ахмедовтің адвокаты Наталья Кононенконың Азаттыққа айтуынша, қорғаушы тарап үкімді заңсыз санайды және оған қатысты шағымданбақ. Кононенконың пікірінше, сот көбінесе айыптауға ыңғай танытқан. Адвокаттың мәлімдеуінше, клиенті жазықсыз екенін айтудан танбаған әрі тағылған айыпты жоққа шығарады. Ол іске тіркелген Ахмедовтің жазбаларынан айыптаушы тарап өзіне «ыңғайлы» тұстарын таңдап алған деп санайды. Адвокат Теймур Ахмедовті заңда тыйым салынбаған сын сөздері үшін соттады деп біледі.
– Шын мәнінде бізде істі қарауға төрағалық ететін судья болған жоқ. Судья мен прокурор айыптау позициясын ұстанды. Сот видеожазбаның Ахмедовті ақтауға болатын тұстарына шолу жасауға рұқсат бермей қойды. Бұдан бөлек әлгі 19 дискіде студенттердің арандататын сұрақтары да жазылған, сотта оларды да көрсетпеді. Олар Ахмедовтің әңгімелерін былтырғы мамырдың 9-ынан бастап қарашаның 4-іне дейін жазып жүрген. Сын айтуға тыйым салынбайды, бірақ мына жерде оны адамға айып етіп тағып отыр, – дейді Наталья Кононенко.
Қамауда отырғанына үш айдан асқан Теймур Ахмедовтің өзі үкімді сабырмен тыңдады. Ол өткен аптадағы соңғы сөзінде өзіне құрметпен қарап, көмектесіп, қолдағаны үшін тергеу абақтысы қызметкерлерінен бастап соттағы жасауылға дейін, прокурорға, достарына, отбасы мен адвокаттарының бәріне алғыс айтқан. Ол өзін кінәлі сезінбейтінін айтып, судьядан әділ төреші болып, рақымшылық танытуын сұраған.
Үкім жарияланғаннан кейін «Иегова куәгерлері христиандар қауымы» діни бірлестігі өкілі Евгений Планчента «қауым мүшелері наразы әрі есеңгіреп қалды», өйткені «қорғаушы тарап келтірген айғақтардың ешқайсысы еленбеді, прокурор мен судья адамды айыптау жайлы нұсқау алған» деген пікірін айтты.
Біреуге шіркеуде соғылған қоңырау үні, енді біреуге мешітте таң сәріде оқылатын намаз үні ұнамауы мүмкін. Бірақ біз адамдарды құрметтейміз, бұл олардың ұстанған діні, көзқарасы екенін түсініп, төзімділікпен қараймыз, наразылық білдірмейміз.
– Дін тақырыбында кәдімгі әңгімелер болған. Ол ешқандай қылмыс жасаған жоқ, ешкімді ұрып-соққан жоқ, қатігездікке шақырған жоқ – бірақ мынадай түсініксіз үкім шығарды. Бір жағынан конституциядан «толерантты елміз» дегенді оқимыз. Толеранттылық дегеніміз – түрлі адамдардың пікіріне төзімділікпен, түсіністікпен қарау. Мысалы, біреуге шіркеуде соғылған қоңырау үні, енді біреуге мешітте таң сәріде оқылатын намаз үні ұнамауы мүмкін. Бірақ біз адамдарды құрметтейміз, бұл олардың ұстанған діні, көзқарасы екенін түсініп, төзімділікпен қараймыз, наразылық білдірмейміз. Мен «Иегова куәгерлерін» емес, тұтас қоғамды айтып тұрмын. Төзімділік деген осы емес пе? Егер біреу Теймур Ахмедов сияқты өз пікірін ешқандай заңсыз әрекеттерге шақырмай, ешкімді қорлап, кемсітпей білдірсе... <…> Сонда ар-ұждан туралы, дін еркіндігі мен сөз бостандығы туралы заңымыз қайда қалды, оның шегі қайда? Біздегі еркіндік қай жерде бар, ал қай жерде жоқ екені түсініксіз болып қалады. Оларанық сипатталмаған, сондықтан бұл іс жүзінде еркіндікті пайдалану құқығы емес, оның құр елесі ғана болып шығады, – дейді Евгений Планчента.
Тараптар жарыссөзі кезінде Астананың Сарыарқа аудандық прокуроры Бауыржан Құлмағанбетов соттан Ахмедовті алты жыл сегіз айға түрмеге кесуді сұраған.
«БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАРСЫ АУЫР ҚЫЛМЫС»
Айыптаушы тараптың болжамынша, Теймур Ахмедов куәгер ретінде танылған студенттердің пәтерінде, оның бұрынғы «діндесі» – Астана тұрғыны Асаф Гулиевтің пәтерінде және Ахмедовтің үйінде теледидар көріп отырған кезде ислам мен православие діндері туралы ұнамсыз сөздер айтып, «бейбітшілік пен қауіпсіздікке қарсы ауыр қылмыс» жасаған. Әлгі үш жерде де оның әңгімелерін өздерін Астанадағы Еуразия ұлттық университеті студенттеріміз деп атаған бірнеше жас жігіт тыңдаған. Сотта олардың кейбірі университетте мәдениеттану мамандығын оқитынын мәлімдеген.
Теймур Ахмедовтің әйелі «әлгі кездесулерді арандатушы сұрақтар қойып, бүкіл әңгімені жазып отырған, өздерін студентпіз деп атаған адамдар ұйымдастырған» дейді.
Сот «жеке басының қауіпсіздігіне алаңдайды» деген уәжбен іске қатысты бас куәгерді жабық режимде тергеген. Әлгі куәден жауап алған кезде судья айыпталушының адвокаттары мен мемлекеттік айыптаушыны ғана қалдырып, отырыс залынан тіпті сотталушыны да шығарып жіберуді бұйырған. Ертеректе сотта Теймур Ахмедовтің әйелі «әлгі кездесулерді арандатушы сұрақтар қойып, бүкіл әңгімені жазып отырған, өздерін студентпіз деп атаған адамдар ұйымдастырған» деген. Теймур Ахмедовке қатысты қылмыстық іс сол әңгімелер жазылған 19 CD (диск) негізінде қозғалған.
Теймур Ахмедовті әлгі студенттермен өзін «Ахмедовтің діндесі» деп атаған Асаф Гулиев таныстырған. Әуелгіде Ахмедов пен Гулиевтің істері бірге тергелген, бірақ кейін Гулиевтің ісі жеке өндіріске бөлген. Гулиев процессуалдық келісімге қол қойып, қылмыстық кодекстің 174-бабында («Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру») қарастырылған айыбын мойындағаннан кейін сот биыл ақпанда оған бес жарым жылға еркіндігін шектеу жазасын кескен.
«СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ЖАСАЛҒАН СХЕМА»
Теймур Ахмедовтің мүддесін қорғаған адвокаттар – қазақстандық Наталья Кононенко, ресейлік Виталий Кузнецов және канадалық Шейн Брейди істі қарау кезінде олардың өтініштерін бірнеше рет қабылдамай тастағанын айтады.
– Ең қызығы, сот іске қатысты жайттарды толық зерттеу принципін бұзып, іс материалдарына тергеуші тіркеген заттай айғақтарды толықтай түгілі ішінара зерттеуді сұраған өтінішімізді орындаудан бас тартты. Ал видеоның прокурор қалаған бөлігіне ғана шолу жасалды. Біз студенттер тарапынан арандату болғанын мәлімдеп, видеоның әлгі тұсына шолу жасауды сұрағанбыз – сот бас тартты. Студенттердің өтірігін әшкерелейтін тұстарына да шолу жасауды сұрағанбыз – сот одан да бас тартты. Іс материалдарына жарым-жартылай тіркелген әдебиеттерді зерттеуді де сұрадық – сот бас тартты. Ал Ресейде осыған ұқсас бап бойынша шыққан ақтау туралы үкімдер мен БҰҰ-ның адам құқығы комитетінің халықаралық азаматтық және саяси пактінің жалпы тәртібіне қатысты ескертулерін іске тіркетуге тырысқан әрекетіміз сотқа қысым жасау деп бағаланды, – дейді Наталья Кононенко.
Теймур Ахмедовті биылғы қаңтарда қамауға алған. Наурызда оның ісі сотқа жолданған. Ахмедовтің адвокаттары мен жақындары оның денсаулығына алаңдап, «ол қатерлі дертке шалдыққан, оған хирургиялық операция жасау қажет» деген. Бірақ ҰҚК өкілдері «тергеу абақтысына қамау оның денсаулығына қатер төндіретіні анықталмады» деп жауап берген.
Ахмедовтің адвокаттарының болжамынша, арнайы қызмет өздері бұрыннан пайдаланып жүрген «студенттердің қатысумен жасалатын схеманы» олардың клиентіне де қолданған. Адвокаттардың пікірінше, 2015 жылы «діни алауыздық қоздырғаны» үшін екі жылға сотталған «Жетінші күн адвентистері» шіркеуіне келуші Ықылас Қабдуақасовқа да осындай тәсіл қолданылған. Тергеу және айыптау материалына сәйкес, астаналық университет студенттеріне дәріс оқыған кезде Қабдуақасов «алауыздық қоздыратын» сөздер айтқан. Ахмедов сияқты Қабдуақасов та өзіне таққан айыптарды жоққа шығарған.