Маралтай қазір өз буыны арасында классик ақынға айналуда. Оның өлеңдерін оқығанда таза ұлттық негізде сонша дамығанын көріп, қазақ поэзиясының ұлылығына риза боласың. Маралтай поэзиясы – қазақ поэзиясының әбден кемелденгенінің белгісі. Себебі оның поэзиясында романтика жоқ, тек қана трагедия. Оның поэзиясында Төлегеннің екпіні бар да романтикасы жоқ, Жұмекеннің ойшылдығы бар да дидактикасы жоқ, Мұқағалидың лирикалық нәзіктігі бар да аңғалдығы жоқ, Өтежанның қитұрқылығы бар да қытымырлығы, өзімшілдігі жоқ.
Демек, Маралтай – қазақ поэзиясын өңдеуші ақын, қазақ поэзиясын жаңа деңгейге көтеруші хас тұлға. Егер Абай өзін «самородный сары алтын» санаса, Жұмекен өз поэзиясын артық-кемі жоқ «биік өкше етік» ретінде елестетсе, Маралтай – осының бәрін сіңіріп, жаңа сапаға түсіруші.
Мен бұрын Маралтайдың өлеңдерін зер қойып оқымаппын. Жақында ғана қолыма «Ай» өлеңдер жинағы түсіп, күтпеген жерде сусыным қанғандай болды. Маралтай «еңіреп» тұрып жазады екен, поэзияға енудің өзге амалы бар ма? Жоқ, әрине! Осы туралы кітапқа алғысөз жазған Н.Оразалин да, оқырманға салмақты «қордалаушы» пікір қалдырған М.Ақдаулетов те жақсы айтқан екен. Маралтай – бақытты ақын, әдебиеттің «генералынан» да, мәдениеттің «кардиналынан» да жанға жағымды баға алып отыр. Алайда, меніңше, Маралтайды Маралтай қылған – барлық «батпан құйрық» пікірге деген келіспеушілік, жанын қанша жараласа да, өз шындығына бару.
Маралтай бітірген оқуы бойынша суретші болса да, поэзиясында сурет жасаудан гөрі терең пәлсапалық тұжырым жасауға бейім.
Жұрт бұ дүниенің қызығына әуес болса, Маралтайға о дүниенің тылсымы мен өлшемсіздігі қол бұлғайды. Бұл тұрғысынан оның поэзиясы Эдгар Поның шығармашылығына ұқсайды, Мейірхан айтқандай, Бодлер поэтикасына да жақындығы бар. Бірақ, ең қызығы, Маралтай бітірген оқуы бойынша суретші болса да, поэзиясында сурет жасаудан гөрі терең пәлсапалық тұжырым жасауға бейім. Бәлкім, бұл қасиеті оған жыраулық, сыншылық дәстүрден жұққан көне қазақ поэзиясының бір сыбағасы шығар.
Егер соңғы өлеңдерінде ақын кентавр бейнесіне жақындаса, оның өзін де кентавр деуге болады, өйткені ол денесімен, өзіндік бітім-болмысымен көшпенділердің сағы сынбаған, айғырша кісінеген тарпаң дәуірге бойласа, кеудесімен, көкке бір-ақ елі жетпеген төбесімен ол – біздің – заманауы пәлсапа мен өнерге талпынушы 21-ғасыр түлектерінің замандасы.
Егер дағдылы қазақ бейнесі әлемге дархандығымен, жомарттығымен, кең пейілімен танылса, өмірді «кең» деп айтуға бейім болса, жабайы нарық заманының тұтқыны және құрбаны Маралтай өмірді «тар» дейді, және сол заматта осы тұжырымын нақтылауды жөн көреді «ақындар мен пайғамбарға».