Ол мәдениетке, философияға әбден берілген азамат еді, ресми түрде ешбір атағы болмаса да, зиялы ортада кеңінен танымал болатын. Онымен тек мұражай галереяларда, немесе кітапханаларда өтетін тұсаукесерлерде ылғи да кездесетінбіз. Ол бәрімізден бұрын қазіргі батыс философиясына қызығып, оның ішінде постмодернизм ағымының өкілі болатын.
Жанат 90-шы жылдардың басында әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық унивеситетіміздің аспирантурасында жүріп «Мартин Хайдеггердің ақиқат жөніндегі ілімі» деген кандидаттық диссертация дайындаған, бірақ оған оппонент болатын мамандар табылмай, жұмысы қорғалмай қалды. Байқап отырғаныңыздай, ол қазіргі батыс философиясының қазақ топырағындағы ерте піскен жемісі еді, бірақ дер кезінде ғылыми атақ алмағасын, философия саласынан шеттетіле берді. Әйтсе де, 90-шы жылдары ол Қазақ мемлекеттік көркем академиясында сабақ берді, халықаралық Сорос қоры жанынан ашылған Қазіргі өнер орталығымен тығыз байланыста болып, біраз жобаларға қатысты. Мәскеудегі өте танымал «Художественный журналда» мақаласы шықты.
Ең қызығы, сол кезде ол әлі Ресейдің өзінде аударыла қоймаған неміс ақыны Георг Тракльді аударуға кірісті. Г. Тракль - жиырма жеті жасында Бірінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болған немістің экспрессионист ақыны, сол кезгі болмыстың ауырлығын, өзінің ұшы-қиыры жоқ жалғыздығын жырлап өткен, Пикассоның «Герникасындағыдай» соғыстың жантүршіктірер тозақи келбетін бере алған суреткер.
Немістің Гельдерлин, Рильке, Тракль сияқты ақындарын зерттеп отырып, Хайдеггер мынандай пайымға келген: «Философия мен поэзия көрші шоқыларда орналасқан, тек ұқсас нәтижеге олар бір біріне ұқсамайтын жолдармен жетеді». Оның басты мақсаты философияны аспани, метафизикалық дәрежесінен күнбе-күнгі өмірге түсіру еді. Жанат Жиль Делез бен Феликс Гваттаридің іліміне еріп, одан да әрі кетеді. Оның ойынша, жауыр тақырыптарды көтере беруді қою керек. Оның орнына бұрын еленбеген, тақырып саналмаған, мүлде оқшау көрінген құбылыстар жөнінде ойланған жөн. Мысалы, көшпенділік пен отырықшылықтың айырмасы жөнінде. Егер отырықшылар кеңістікті бөліп, қоршап, сол шектеулі аумақта сатылап жоғарылау (иерархиялық) тіршілігін қалыптастырса, көшпенділер кеңістікте өзара бөлініп, туыстыққа байланысты ыдырау мен жақындасу тіршілігін қалыптастырған. Бұл кәдімгі қазақтың мемлекетке бағынбай, қазақылыққа кету әдетіне ұқсас.
Бірақ бұл тұрғыда Жанат қазақылықты мемлекеттіліктен еш кем деп ойламады. Өйткені онда әркім өз еркіндігін қорғай алады. Ешкім ешкімнің иелігінде болмайды. Сол сияқты зердеуи нәрселерде де еш зорлық болмауға тиіс, еш тақырыпқа тыйым болмау керек. Бұл концепциясын Жанат «зердеуи қазақылық» деп атаған.
Абайдың ең қиын ғақлиясы бұрын «Ғақлиат тасдиқат» деп таралған 38-ші сөзі. Ол өзі ғылыми түрде жартылай шағатайша, кейде арабша, парсыша жазылған ғой. Жанат осы сөзге тамаша түсініктемелер жасаған, оның ислам философиясына қатысын тамаша дәлелдеген.
Өмірінің екінші жартысында Жанатты гендерлік мәселелер қызықтырды. Бұл тұрғыда ол бізге Батыстан келген феминизм ағымына қарсы тұрды. Иә, рас, кезінде батыстық әйелдер өздерін еркектерден кем санап, олардың малайы, басыбайлы құлы болғысы келмей, әйелдерге бостандық әперу қозғалысын қалыптастырды. Бірақ қазір оның дамығаны сонша, еркектердің өздері аянышты халге жеткендей. Көне гректер мұндай анайы ұсқынсыздықты «хюбрис» деп атаған. Егер Хайдеггер техниканың құдыреттілігінен сескендірсе, Жанат әйел билігінің тойымсыздығынан сақтандырады. Бұл қазіргі гендерде Жанаттың салған жолы, оған мұны ешкім үйреткен емес.
Тағы бір айта кететін жәйт, біз көп жылдар бойы өте жақын дос болдық. Мен кезінде «Тамыр» журналын осы Жанат сияқты тоқтаусыз алға ұмтылған тұлғалар үшін ашқанмын. Ол өзі солай болды да. Біз бір-бірімізге қатты ықпал еттік. Ол маған қазіргі батыс философиясының кейде бұдыр, кейде жазық, кейде тұңғиық болмысын ашып берді, мен оны қазақы болмыстың қыр-сырына бойлаттым, Абай мен Мұқағалиға қызықтыра білдім. Ақыры ол оларды орысшаға аударып тынды. Және Абайдың өлеңдерін емес, қара сөзін аударды. Абайдың ең қиын ғақлиясы бұрын «Ғақлиат тасдиқат» деп таралған 38-ші сөзі. Ол өзі ғылыми түрде жартылай шағатайша, кейде арабша, парсыша жазылған ғой. Жанат осы сөзге тамаша түсініктемелер жасаған, оның ислам философиясына қатысын тамаша дәлелдеген.
Егер оның «Тамыр» журналындағы жұмысына келетін болсақ, ол философия, мәдениеттану, гендер тақырыптарына өндіре жазды. Журнал шыға бастаған 1999 жылдан бері 30 шақты мақала жазып, 4 интервью беріпті. 2014 жылы болған журналдың 15-жылдығында біз оны «Алтын асық» сыйлығымен марапаттадық, одан жеті жыл бұрын ол көркем аудармаға қосқан қомақты үлесі үшін Астанада «Алтын қаламсап» сыйлығымен марапатталған еді. Бұл көп пе, аз ба? Өмірін толығымен философия мен әдебиетке арнаған адамға, әрине, аз! Егер мәдениет министрлігі тек кезекті іс шараларға шүйлігіп, оның сыртында тұрған адамды, сирек тұлғаны көрмесе амал нешік!.. Тәуелсіздігіміге ширек ғасыр толса да, бізде өнер адамына жағдай жасау деген әлі қалыптаспаған. Жанат ондай нәрсеге тіпті үміттенбейтін де. Оның айтуынша, зиялы тұлға дән іспетті, тек жерге сіңгенде ғана өніп шығады.
Сөйтіп, ағайын-ау, тағы бір жарқын тұлғадан айырылдық. Нағыз ғалым болатын тұлға - ғылыми дәрежесіз, еуропалық философияны қазақ топырағына өндірем деген нағыз патриот-интеллектуал – үйсіз-күйсіз, қазақ әдебиетін әлемге таныстырам деген талапты жігіт өз деңгейінде еш мойындалмай елуге енді жеттім дегенде жер құшты...
Топырағың торқа болсын, Жанат бауырым! Екі дүниеде сені Тәңірі жарылқасын!
Ескерту: Автордың көзқарасы редакция ұстанымын білдірмейді.