Прокуратура Алматының Медеу ауданындағы ахмадия қауымының мешітін, Түркістан қаласындағы «Грэйс» шіркеуін тексеріп жатыр. Екі діни топқа да «жерді дұрыс пайдаланбады» деген айып тағылған.
«Форум-18» ұйымына хабарласқан діни топ өкілдерінің айтуынша, прокуратура мен дін істері агенттігінің өкілдері тергеу әлі аяқталмаса да, діни рәсімдерді өткізуді тоқтатуды талап еткен.
ЖЕР КОДЕКСІ
Қазақстан жер кодексінің 65-бап 1-бөлімінде «жер учаскесі иелері мен қолданушылары жерді мақсатына сай қолдануы керек» деп жазылған.
Бұл кодекс бойынша, жер иесі құрылыс, экология, санитарлық-гигиеналық және басқа да талаптарды сақтауға тиіс; тұрғындар мен қоршаған ортаға зиян келтірмеуі керек; шаруашылық және басқа да істері арқылы санитарлық-эпидемиологиялық, радиациялық және экологиялық жағдайды нашарлатпауы керек; аң-құс, орман, су және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану тәртібін сақтауы тиіс; сол аумақтағы мемлекет қорғауына алынған тарихи-мәнени мұраны және басқа да объектілерді қорғауға міндетті.
Мұнда жерді діни мақсатқа қолдану жайлы ешбір сөз жоқ.
ТЕКСЕРУ
Қазақстанның басқа аймақтарындағы діни ұйымдардың мүліктері де тексеріле бастады.
«Форум-18» халықаралық құқық қорғау ұйымына хабарласқан «Иегова куәгерлері» ұйымының айтуынша, билік орындары олардың Оңтүстік Қазақстан мен Астанадағы ғимараттарын тексерген. Діни топ өкілдері мемлекет тарапынан қуғын бола ма деген қауіптерін айтып, оқиғаның егжей-тегжейін мәлім етпеген.
Дін істер агенттігі Алматы департаментінің директоры Жасұлан Тәжібаевтың «Форум-18» ұйымына айтқан дерегіне қарағанда, ол басқаратын департамент ақпанның 27-сі күні қаладағы заңға сай тіркелген барлық діни ұйымдардың мүлкін тексеру туралы қалалық прокуратураға өтініш айтқан.
Жасұлан Тәжібаев ахмадия қауымы ғана емес, барлық ұйымдарды тексеріп, олардың діни рәсімдерін тиісті жерлерде өткізетіндеріне көз жеткізбек болғанын айтады.
«Жоғарыда сөз болған дін ұйымдар тергеу аяқталғанша ғимараттарын пайдалана берулеріне бола ма?» деген сауалға Жасұлан Тәжібаев:
– Әуелі билік ол жердің діни рәсім өткзуге жарайтынына көз жеткізсін. Ұйым ол жерді бірнеше жылдан бері қолданып келе жатса да, дін туралы жаңа заң бойынша, билік оны тексеруі керек. Ұйымның ғимараты жекеменшік үй ретінде тіркелген, – деді.
Алматы қалалық прокуратурасы әлеуметтік-экономикалық саладағы заңның орындалуын қадағалау департаментінің бас прокуроры Азамат Әлібеков «Форум-18» ұйымының сауалына:
– Біз ахмадия мұсылмандарына қарсы емеспіз. Олар жаңа заң бойынша үйлерін діни рәсім өткізуге пайдала ала ма, жоқ па – соны тексереміз, – деп жауап берді.
Оның айтуынша, «жер кодексінде үй салынған жердің өз мақсатына сай қолдануы керегі жазылған – бұл ұйымға келсек, үйлері адам тұруға арналған».
– Ол үйді діни рәсімге қолдану үшін ғимаратты қолдану мақсаты да өзгеруі керек, – дейді Азамат Әлібеков.
«ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН БАҚЫЛАУ»
Алматыдағы ахмадия қауымының меншік ғимаратын «заңсыз қолданып жатқаны» мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында да қамтылды.
Ақпанның 22-сі күні «Алматы» телеарнасының хабарында осы діни ұйым сөз болып, олар «қаланың дәл ортасында заң бұзып жатқаны», «биліктің оны біле отырып ешқандай шара қолданбағаны» айтылды.
Журналистердің хабарлауынша, «іс-әрекеттері заңға қайшы екенін естіген қауым басшылары еш алаңдамаған, биліктің оны білетініні айтқан».
«Құқық қорғау орындары көптеген діни ұйымдардың істеріне көпке дейін көзжұмбайлық жасап келді. Радикал экстремистер Ақтөбеде қанды қасап жасаған соң ғана, Алматы мен Боралдайда жан берісіп атысқан соң ғана, Атырау мен Таразда жарылған соң ғана жағдайдың қараусыз кетіп бара жатқаны мәлім болды. Енді заң орындары қателерін түзетпек. Қолдарынан келер ме екен?» деп аяқталады «Алматы» телеарнасының репортажы.
Репортаж авторы, бұдан бұрын да «діни секталар» туралы бірнеше хабар дайындағанын айтқан журналист Алтыншаш Смағұлованың ойынша, «ахмадия сияқты діни ұйымдарды бақылау керек».
«Форум-18» өкілінің «сіз журналист емес, мемлекеттік қызметкер сияқты екенсіз» деген сөзіне:
– Бізге тұрақтылық пен бақылау керек! – деп жауап берді журналист.