Accessibility links

Абай рок-жұлдыз емес


АҚШ консулдығы ұйымдастырған «Between The Lines» ақындар фестиваліндегі Абайдың суреті. Алматы, 5 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
АҚШ консулдығы ұйымдастырған «Between The Lines» ақындар фестиваліндегі Абайдың суреті. Алматы, 5 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Абай рок-жұлдыз емес, ол әркімнің өз ішінде болуы керек

Төртінші класта жүргенімде Абайдың "Қыс" өлеңін жаттамай барып, екі алғанмын. Күнделігімді үйдегілерге көрсетпей, бақырайған қызыл екілікке қайта-қайта қарап, «сезікті секіреді» болып жүргенім есімде. Алғашқы екілік Абаймен еріксіз астасып кеткен содан. Жыл сайынғы Абайдың туған күнінде осыны есіме түсіремін.

Абайдың өлеңдерін оқыған сайын соны еске алып отырамын. Миымның қатпарларында Абай мен бақырайған қызыл екілік астасып кеткен сияқты. Бірақ қанша қипақтасам да одан кейін де екі алып жүрдім, ал ана тілі мен әдебиет сабақтарындағы өлең атаулыны жаттаудан түбегейлі бас тартатынмын. Солай енді.

Ол мүмкін сол алғашқы екіліктің қалдырған сызаты шығар - кім білсін. Осыдан ғой деймін - көпке дейін Абайды оқымадым, сабақ кезінде оқып қалған жағдайда үстірт сырғып өте шығатын болдым.

Университетке түскен жылы әдеби талғамым қалыптасып, оқыған «багажым» ортая түскен кезде Абайға қайта оралдым. Поэмаларын қарап, өлеңдерін оқып, қайта бағалай бастадым.

Бірақ қазір «Абайдың айтқандарымен келісемін, ойларым оныкімен үндеседі, не оның жазғандарын түйіп есейдім» деп айта алмаймын. Бірақ оның белгісіз сакрал күшін бойымнан сезетін де сияқтымын. Яки, «қазақ» пен «Абай» синоним сөз болып кеткен емес пе.

Айтқым келгені - Абай жиналыстарда шылғи мақтап, құр ауыз сөзбен аттап өтіп, әр түрлі шараларда көрсететін құр көлеңке болмауы керек. Абай есімі жалған ассоциациялар туғызбауы, оған итермелемеуі керек қой. Ол әркімге әр қалай түсінікті болуы мүмкін, оны әркім әртүрлі қабылдауы мүмкін. Абайдың тылсым «түсіндірмесін» штамп етіп жабыстырып алмауымыз керек сияқты өзімізге.

Байқағаным - Абайды толық оқымай жатып, киелендіруге тырысады. Оны қорғауға, онымен шабуыл жасауға, тіпті кейде әрқалай әшкерелеуге талпынып жатады. Әркім әрқашан өз деңгейінде түсінетіні осыдан да шығар.

Абай - ойыншық емес. Бірақ ол құр көлеңке де емес. Менің ойымша, ол әркім жеке интим деңгейде ұғынуы тиіс нәрселер жазбаған. Дегенмен оны сол деңгейде қабылдау керек сияқты. Адам жалғыз қалғанда Абайды өзіне түсіндіре алса, түсіндіріп көруге тырысса, онысынан тағы нәтиже шығара алса - сол Абайға қарай жақындай түскен болар еді.

Абай рок-жұлдыз емес, ол әркімнің өз ішінде болуы керек.

XS
SM
MD
LG