Accessibility links

Қыдырәлі Болмановтың карикатура дауы


Қазақстандық әнші, экс-шенеунік Қыдырәлі Болманов (оң жақта) қуыршақтарын таныстырып тұр.
Қазақстандық әнші, экс-шенеунік Қыдырәлі Болманов (оң жақта) қуыршақтарын таныстырып тұр.

Қазақстандық әнші, экс-шенеунік Қыдырәлі Болманов даулы карикатура авторымен кездеспеуді ұйғарды. Өзін кінәсіз санайтын суретші кешірім сұрамайтынын айтады.

СУРЕТТЕН ШЫҚҚАН ШАТАҚ

Қазақстандық продюсер, әнші, экс-шенеунік Қыдырәлі Болманов кейіпкерін өзіне ұқсатқан даулы карикатура авторы Мұрат Ділмановпен кездесудің мәні жоқ деп санайды. Осыдан бірер апта бұрын ғана суретшімен жүздесуге ынтық болған Болманов қаңтардың 27-і күні sputniknews.kz сайтына сұхбатында карикатуриспен соттасу туралы ешқашан айтпағанын, ол мәселе «заңгердің шаруасы» екенін мәлімдеген.

«Мен сотты да, талап арызды да қаламаймын. Біз соттасып, ақша табуға ниетті емеспіз. Мені қалағанынша сала берсін. Мейлі. Бірақ отбасымды салуға ешкімнің қақы жоқ» деген ол.

Сатиралық карикатуралар авторы Мұрат Ділмановтың Қазақстанда биылдан бастап күшіне енген тұрғындарды уақытша тіркеу ережесі тақырыбына салған суретінде түн мезгілінде төсекте теріс қарап жатқан жалаңаш әйелдің жанында отырған, кеудесінде «Қ» деген әріп жазылған жігіт бейнеленген. Әлеуметтік желіде тараған осы суреттегі кейіпкерді өзіне ұқсатқан Қыдырәлі Болманов оның авторы өзінен жария түрде кешірім сұрауын талап ететіні, өйтпеген жағдайда карикатуристі сотқа беретіні туралы қаңтардың ортасында продюсер-әншінің өкілі Аманбол Әбеуов мәлімдеген. Ол даулы суреттегі жалаңаш әйелді Қарақат [Қыдырәлі Болмановтың әйел – ред.] деп топшылайтындарын айтқан.

«Мұнда қорлау белгілері бар. Бұл ретте біз анасының жалаңаш бейнеленуі балаларға моралдық зиян тигізген болуы мүмкін демекпіз. Ал егер бұл Қарақат емес, басқа әйел болса, онда да айтарымыз бар, яғни карикатура авторы Қыдырәліні көңілдесімен бірге бейнелеген. Бұл - жеке өмірге қол сұғу. Біз карикатура авторынан суретті жариялаған алаңда оны жоққа шығаруды және жария түрде кешірім сұрауын талап етеміз» деген Аманбол Әбеуов.

Суретші Мұрат Ділманов жергілікті басылымдарға берген сұхбатында өзінің ешқандай кінәсі жоқ деп санайтыны себепті ешкімнен кешірім сұрамайтынын мәлімдеген. «Суреттегі адамның кім екені жазылмаған. Сондықтан карикатураның қандай зиян әкелгенін әуелі дәлелдеу керек» деген автор.

«МИТИНГІДЕН НАЗАР БҰРУ ТӘСІЛІ»

Қыдырәлі Болмановтың сурет авторына қойған талабы әлеуметтік желіде қызу талқыланып, сынға ұшырады. Кезінде Алматы мен Астанада қалалық мәдениет басқармаларын басқарған бұрынғы шенеуніктің суретшіге карикатурасы үшін шүйліккенін кей желі қолданушылары мысқылдады.

Қыдырәлі Болманов Murat Dilmanovты сотқа беріп жатыр екен. Карикатура үшін. Мәдениетті ел. Гыыы :(

Опубликовано Данияром Аланом 18 января 2017 г.

Даулы суреттегі әйелдің: «Жат, ұйықта. Уақытша тіркеудің саған қатысы жоқ» деп, жігіттің «Бар үміт менде ғана» деген сөздерін кей желі қолданушылары Қыдырәлі Болмановтың бұған дейін әйелі екеуі жұрт назарын «жер шеруінен басқа жаққа қалай бұрғаны» жайлы айтқанымен байланыстырды.

Жанат Маханбетова есімді интернет қолданушы [орыс тілінде] « ...олар тоқал тақырыбы Қазақстан халқын соғыстан, революциядан, төңкерістен құтқарды деп мәлімдеді ғой... Бұл олардың ресми мәлімдемесі... Сондықтан, жұрттың бәрі олар осы жолы да құтқарады деп күтіп отыр... Қазір де барлық үміт соларда» деп жазады.

Кайсар Арстанов есімді қолданушы «Жігіттер, ермеңдер. Бастапқыда тоқал мәселесін талқылау халықты наразылыққа шығудан сақтап қалды, енді сот кезінде тағы талқыламақ» деп жазады.

Өз сөзінше, 2016 жылғы мамырдың 19-ы күні Алматыға келген Болманов ауыл шаруашылығы жерін жекешелендіру және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуды көздейтін үкімет реформасына қарсы жұрттың жаппай митингіге шығуға дайындалып жүргенін көріп, олардың назарын басқаға бұру үшін әйелін «Қыдырәлінің тоқал алатыны» туралы әлеуметтік желіге жалған ақпарат жариялауға көндірген.

Митингіге шығу-шықпау туралы көпшілік сұрағы көбейген соң тоқал алу туралы сөз көтергенім рас. Бірақ ол қантөгіс қаупінің алдын алуға сеп бола ма деген кішкентай ғана амал еді.
Қыдырәлі Болманов

- Митингіге шығу-шықпау туралы көпшілік сұрағы көбейген соң тоқал алу туралы сөз көтергенім рас. Бірақ ол қантөгіс қаупінің алдын алуға сеп бола ма деген кішкентай ғана амал еді, - дейді ол Азаттық тілшісімен әңгімеде.

Жер мәселесіне байланысты елде наразылық күшейген соң былтыр мамырда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялап, кейін оның мерзімі тағы бес жылға ұзартылған.

ӘНШІ, ПРОДЮСЕР, ШЕНЕУНІК

1991 жылы Алматыда өткен «Азия дауысы» байқауынан кейін қазақ эстрадасында танымал әншілердің біріне айналған Қыдырәлі Болмановтың бірнеше әні ескірмейтін ретро-әндер қатарына қосылды. 1990 жылдардың бас кезіндегі жас буын Қыдырәлі Болманов пен АБК триосының орындауындағы әндерді тыңдап өскен.

Қазақ эстрадасы туралы сараптамаларда Қыдырәлі Болмановты «қазақ эстрадасына жаңалық әкелген әнші әрі продюсер, шоу-бизнес бастауындағы жаңашыл тұлға» деп сипаттайды. 2000 жылдардың бас кезінен Болманов жетекшілігімен этно-рок стилінде өнер көрсеткен «Ұлытау» тобының 2001 жылы АҚШ-та өткен байқауда Гран-при жеңіп алғаны Қазақстан баспасөзінде үлкен жетістік ретінде аталды.

Сол жылы «Ұлытау» тобы Қазақстан меценаттары клубы белгілеген тәуелсіз жалпыұлттық «Тарлан» сыйлығының «Үміт» номинациясын иеленген.

2000 жылдардың ортасында Қыдырәлі Болманов мемлекеттік қызметке ауысты. Ол 2005- 2007 жылдар аралығында Алматы қаласы мәдениет департаментінің, 2008 жылы Астана қаласы мәдениет департаменті директоры болып істеген. Бір атап өтер жайт, Болманов мәдениет саласы басқаруға аталған екі қалаға Иманғали Тасмағамбетов әкім болып тұрған кезде тағайындалған.

ШОУ-БИЗНЕС ПЕН ОЙЫНШЫҚ БИЗНЕСІ

Азаттық тілшісімен әңгімеде Қыдырәлі Болманов өзін «ұлттық өнер мен мәдениетті насихаттаушылардың бірі» деп сипаттайды. Оның сөзінше, «Ұлытау» тобы қаржылай пайда түсіретін коммерциялық топқа жатпайды.

Қазақ домбырасын эстарадаға қосу арқылы жаңа музыкалық жанр әкелгендей болдық. Мақтау, марапаттан кенде емеспіз, дегенмен қыруар қаржы жұмсалатын бұл жоба шоу-бизнестегі кейбір топтардай табыс әкелмейді. Ең бастысы ұлттық мәдениетімізді насихаттадық.
Қыдырәлі Болманов

- Қазақ домбырасын эстарадаға қосу арқылы жаңа музыкалық жанр әкелгендей болдық. Мақтау, марапаттан кенде емеспіз, дегенмен қыруар қаржы жұмсалатын бұл жоба шоу-бизнестегі кейбір топтардай табыс әкелмейді. Ең бастысы ұлттық мәдениетімізді насихаттадық, - дейді ол.

Қыдырәлі Болманов шоу-бизнеспен қатар ойыншық бизнесімен айналысады. Ол Қазақстан нарығына сәбилерге арналған қазақша сөйлейтін ұлттық бейнедегі қуыршақтар шығарды.

- Сәбилерімізге сапалы, тілі мен ақыл-ойын дамытуға ыңғайлы ойыншық кездестірмедік. Қытайда жасалатын орысша сөйлейтін ойыншықтан гөрі ұлттық сипаттағы ойыншық жасауға деген ниет содан кейін пайда болды, - дейді Қыдырәлі Болманов.

Әнші ойыншық әуені мен сөзін сәбилер қалай тыңдайды деген сұраққа жауап іздеп, балалар психологиясы пен педагогика саласының мамандарымен ақылдасуға, сол саладағы еңбектерді оқуға тура келгенін айтады.

- Ұлттық ойыншықтар баланың ой-өрісінің дамуына қаншалықты әсер ететінін бірнеше жыл тәжірибеден өткізіп, зерттедік. Осы салада ғылыми жұмыстарды көп оқыдым. Сонан кейін Алматыдағы белгілі ғалымдар бұл еңбекті жүйелеп, ғылыми жұмысқа айналдыруды ұсынды, - дейді ол.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ 308 ПРОФЕССОРЫ

Қыдырәлі Болманов бала психологиясы жайлы ғылыми еңбек жазып, Ресейдегі бір ғылым академиясынан алған «PhD доктор» дәрежесі мен профессор атағы барын әлеуметтік желіде жариялаған.

Азаттық тілшісімен әңгімеде Болманов «психология ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесін халықаралық психология ғылымдары академиясының Алматыдағы кеңесінде қорғағанын айтып, дипломы мен жоғары аттестациялық біліктілік комиссиясы қосымшасының көшірмесін де көрсетті.

Өткен аптада кейбір басылымдар «Ресей ғылым академиясы мен білім және ғылым министрлігінің тізімінде Қыдырәлі Болманов есімді профессор жоқ, Ресейде PhD доктор ғылыми дәрежесі берілмейді» деп хабарлады. Олардың жазуынша, Қазақтан ғылым және білім министрлігі «шетелде ғылыми дәреже алғандар Қазақстанда мойындалу үшін ғылым және білім саласын бақылау комиетінің талаптарынан өтуі керек. Қыдырәлі Болманов талапты орындағандар тізімінде жоқ» деп жауап берген.

Қазақстандағы ғылыми дәреже қорғау жүйесі бойынша зерттеушінің ғылыми еңбегін белгілі бір ғылыми институт ұсынуы тиіс. Өзін Қыдырәлі Болмановтың ғылыми жетекшісімін деп таныстырған «Қазақ психологиялық қоғамының» президенті Мұқан Перленбетовтің айтуынша, орталығы Ресейде орналасқан халықаралық психология ғылымдары академиясында ондай талап жоқ. Сол себепті Қыдырәлі Болмановтың ғылымына жетекші ұйым өзінің «Бал-бала» компаниясы болған.

Аталған академияның сайтындағы тізімде көрсетілген 4478 профессордың 308-і Қазақстаннан болып шықты. Жаратылыстану ғылымдары академиясының тізімінде бұл салаға жатпайтын өнертану, заң, филология ғылымы бойынша ғылым кандидаттары да жүр.

XS
SM
MD
LG