2016 жылдың шілдесінде Оңтүстік Қазақстан облысы (ОҚО) әкімдігінде Сарыағаш ауданы Ұшқын ауылдық округіне қарайтын, Өзбекстанмен шекара түбінде орналасқан Достық ауылындағы 11 отбасын көшіру жайы арнайы жиында талқыланған еді. Бір жыл бұрын өткен сол жиында шенеуніктер жарықтан бөлек коммуналдық қызметтің бірде-бірі тартылмаған бұл ауылдың тұрғындарын басқа жерге қоныстандырғанша ауыз сумен, сығымдалған газбен қамтамасыз етуді жоспарлап, мұндағы отбасыларды көшіру мақсатында 80 гектар жер бөлінетінін айтқан.
Азаттық тілшісі сол жоспардың орындалу барысымен танысу үшін Достық ауылына 2017 жылы маусымның 18-і барды. Тұрғындар тілшіні «шекара сымы жүргізілгеніне 12 жыл, әкімдік уәдесіне бір жыл толса да еш өзгеріс жоқ, тұрмысымыз одан бетер нашарлай түсті» деп қарсы алды.
ТҰРҒЫНДАР ШАҒЫМЫ
Отбасында алты жан бар Өсербаевтардың қорасы шекара сымына тиіп тұр. Жасы 50-ден асқан Райхан Өсербаеваның әуелгі айтқан мәселесі – жұмыссыздық.
- Күнкөру қиындап кетті. Ағын су жоқ, егін еге алмаймыз. Мал жоқ. Жұмыс істемейміз. Балам да, келінім де үйде. Өзім - мүгедекпін. Жалғыз күйеуімнің таксилетіп тапқан ақшасына күн көріп отырмыз, - дейді ол.
Райхан Өсербаева билік өкілдерінің ауыл тұрғындарын «екіге бөліп көшіретіндерін 2005 жылы айтып кеткенін» баяндады.
- Бірінші көшкендер қазір жақсы өмір сүріп жатыр. Орнығып алған. Ал біз сорлап қалдық. Көшірмей қойды. 12 жыл болды, әлі күнге күтумен өміріміз өтуде. Үй-жайымызды тастап кетейік десек, жағдайымыз жоқ. Не істейтінімізді білмейміз, - деді көзіне жас алған әйел.
Райхан Өсербаеваның сөзінше, «ауылда газ жоқ, жұрт қураған ағаш пен мал тезегін отын етеді. Жер береміз деген уәде де әлі күнге орындалмаған».
- Жерді берген күнде де бұл жерден көшіп, ол жерге үй салуға жағдайымыз келмейді, - дейді ол.
Енесінің сөзін жалғаған Гүлмира Жандарованың айтуынша, тұрғындарды қинайтын тағы екі мәселе – су тапшылығы мен қатынас қиындығы. Оның сөзіне қарағанда, «әкімдік (ауылдық округ әкімдігін айтады – ред.) аптасына бір рет тегін су әкеліп беруге бір жыл бұрын уәде бергенімен, қазір су тасушылар бір литр суды бір теңгеден сатады».
- Ол судың өзі уақтылы келмейді. Тапқан ақшамыз суға кетеді. Арықтың бір тонна суын екі-үш мың теңгеге әкеледі, 10 күнге жетеді. Күніне 30-40 литр ішетін су керек. Қазір үйде ішетін су жоқ. Қашан әкелетіні белгісіз. Құдық қазып бердік дейді. Оның суын мал да ішпейді. Ал көрші ауылға баруға такси шақырамыз. Келмесе, 8 шақырымға жаяу кетеміз, - дейді ол.
Жер кезегіне төрт жыл бұрын тұрғанын айтқан тұрғын Өткір Алиқұлов «әкімдіктен осындағы 11 отбасын сары уайымға салдырмай шекара аймағынан көшіріп алып кетуді» сұрайды.
- Жер берсін не көшірсін, қашанғы отырамыз?! Мен отбасыммен жалдамалы үйде тұрамын. Тұрақты жұмыс жоқ. Он шақты қойым бар. Әйелім екеуміз егіндіктің арам шөбін шауып, күнге қақталып жүріп күніне 4 мың теңге табамыз. Ол - маусымдық жұмыс. Күн суыса жұмыссызбыз. Тапқанымызды ары тартып, бері тартып, күніміз өткеніне қуанамыз, -дейді ол.
ВИДЕО: Тұрғындар шағымы
Өткір Алиқұловтың айтуынша, «Ауылда екі адам ғана тұрақты жұмыс істейді. Бірі – медбике, екіншісі – мұғалім».
20 сотық сулы жер берсе, тіршілігімізді істейтін едік, - дейді ол.
Тұрғындар мұнан ары «жығылған үстіне жұдырық болып тұрған айыппұл мәселесін» айтысты. Өзін Марат Қансейітов деп таныстырған тұрғын жеке куәліксіз жүргені үшін 5 672 теңге айыппұл төлеген түбіртегін көрсетті.
- Шекара аймағында тұрғаннан соң жеке куәлікті алып жүру ескертілген. Бірақ күнде үй тірлігімен жүргенде үнемі куәлікпен жүру мүмкін емес. Сонда әр ұстаған сайын айыппұл сала берсе, онсыз да күнкөре алмай отырғанда қиын ғой. Бала-шаға өсіп келеді, олар да осы қиындықты көре ме?, - дейді ол.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: Шекарадағы Достық ауылы (суретті басыңыз)
Марат Қансейітов ауыл ішінде айыппұл салуды өзінше жорып, көшіру-көшірмеу мәселесінің анық айтылмауы да үй-жайды жөндеу-жөндемеу мәселесіне қолбайлау болып тұрғанын айтты.
- Бұлар (жергілікті әкімдікті айтады -ред.) өзің үй-жайды тастап көшіп кет дегенге келтіріп отыр. Қара күніңді зорға көріп отырғанда қай тесікті паналаймыз? Шекара сымы тартылғанда балаларым бес-алты жаста еді. Қазір өсіп қалды. Өз жағдайыңмен алысып жүргенде олардың жағдайын қалай жасаймыз деп ойланамын. Үйіміз шұрқ тесік. Жөндейік десек, көшірсе бәрібір тиын болады. Еңбегіміз далада қалады, - дейді Марат Қансейітов.
Достық ауылының тұрғыны Ұлықбек Жүсіпов те айыппұл төлеген.
- Биыл шекарашылар екі адамға айыппұл төлетті. Бірі - мен. Үйімнің алдын кесіп, бір адам шекарадан өткені үшін айыпты болып 15 мың теңге төледім. Әкімдікке араша түсіңдер деп бардық. Қараспады, -дейді Ұлықбек Жүсіпов.
ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК АҚПАРАТЫ
Ұшқын ауылдық округі әкімі Тасбау Полатовтың берген ақпаратынан тұрғындардың әлеуметтік жағдайының қиын екені аңғарылады: «Ауылда 72 адам тұрады. Екі зейнеткер, 16 оқушы, 13 мектеп жасына дейінгі бала, екі – студент, 37 адам «өзін-өзі жұмыспен қамтушы» болып саналады. Ауылда бірде-бір әлеуметтік нысан жоқ. Табыс көзі күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасылар балаларына әлеуметтік жәрдемақы алады».
- Бір медбике, бір мұғалім көрші тұрған Ұшқын ауылындағы жалпы орта мектепке жұмыс істейді, - дейді әкім.
Алайда Тасбау Полатовтың пікірінше, «ауыл тұрғындары ауыз судан қиналғаны болмаса, жағдайлары салыстырмалы түрде кей ауылдардың тұрғындарынан әлдеқайда дұрыс. Ауылда 129 бас мал, яғни 42 ірі қара, 41 жылқы, 46 қой-ешкі және жайылым жер бар».
- Ауылдағы екі отбасы екі-үш шақырым жерде егін егеді. Негізінен малмен айналысады. Бұл ауыл тұрғындарының күнкөріс деңгейі орташа. Ауданда бұл отбасылардан бірнеше есе нашар тұрған отбасылар да бар, - дейді ол.
Бірақ әкім су сатылатыны туралы мәліметті теріске шығарды. Оның сөзінше, «Жер қазылып, су шығарылған. Тұрғындар оны техникалық су ретінде пайдаланады. Ішетін суды әкімдік тегін жеткізіп отыр». Ал айыппұлға қатысты:
- Ауыл тұрғындары жеке куәліктерін алып жүруге міндетті. Әскерилер сұрағанда көрсетпесең заң аясында шара қолдануға құқығы бар. Біз бұл туралы түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, -деді Тасбау Полатов.
Азаттық тілшісі әкімнен жер бөлу және көшіру мәселесін де сұраған еді. Ол тұрғындардың жер телімін алу үшін кезекке қойылғанын айтты.
- Берілетін жер теліміне жарық тартып, жол салу керек. Үй салып беру қаралмаған. Өздері тұрып жатқан үйді бұзып, берілген жерге салу қарастырылған. Үй салу мен өтемақы төлеу мәселесін үкімет шешпесе, біз пәлен деп айта алмаймыз, - дейді ауыл әкімі.
Әкімнің сөзіне қарағанда, жер телімдерін бөлудің, оған инфрақұрылым тартудың мерзімі белгісіз. Оның себебі – Достық ауылы маңындағы ескі шекаралық бекет қайта іске қосылуы мүмкін. Ауылды көшіру-көшірмеу ісі шекаралық бекет мәселесі шешілгеннен кейін ғана қаралады. Ал Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Абдуалиев жер беру және ауылды көшіру мәселесінің мерзімі әлі күнге белгісіз болып тұрғанын растады.
- Қазір Қазақстан мен Өзбекстан арасында келіссөздер жүріп жатыр. Шекарада жабылып қалған бекет бар. Соны ашуды ұсынып отырмыз. Егер ол ашылса ауыл көшпейді. Осы шешілмей шекара аумағындағы адамдар көшіріледі немесе қалады деп айта алмаймыз, - деді аудан әкімі.
Үкіметаралық келіссөздер қашан аяқталатынын айтпаған аудан әкімі «Достық тұрғындарын көшіруге арналған жерді әкімдік дайындап қойғанын, көшетін жағдайда инфрақұрылымды әкімдік тартатынын» ғана мәлімдеді.
Достық – ОҚО-дағы Сарыағаш қаласынан шамамен 50 километр жерде тұрған Ұшқын ауылдық округіне қарайтын шағын ауыл. 2005 жылы қазақ-өзбек шекарасы белгіленгенде бұл ауыл көрші елдің Науаи ауылынан бөлініп қалған. Сол жылы 10 отбасына үйлері үшін өтемақы беріліп, олар облыстағы қалаған жерлеріне көшіп кеткен. ОҚО Сарыағаш ауданы әкімдігі ақпаратына қарағанда, қазір аудандағы шекара аумағында 934 нысан бар. Оның 642-сі - тұрғын үйлер. Ауыл шаруашылығы жерлері – 269 телім. Әлеуметтік нысандар – 23. Осы 934 нысанның мәселесін шешу үшін сегіз миллиард теңге қаражат керек.