Accessibility links

«Астана - аутсайдерлер қатарында»


Ақбота Жаппар, Астана қаласының бюджетінің ашықтығына сараптама жасаған зерттеуші. Астана, 25 тамыз 2015 жыл
Ақбота Жаппар, Астана қаласының бюджетінің ашықтығына сараптама жасаған зерттеуші. Астана, 25 тамыз 2015 жыл

Қазақстан Ұлттық бюджеттік жүйесінің зерттеушісі бюджет ашықтығына қатысты Астана қаласының не себепті соңғы орындардың бірінде қалғаны туралы Азаттыққа сұхбат берді.

Қазақстан Ұлттық бюджеттік жүйесі 2015 жылғы жергілікті бюджеттің ашықтық индексіне қатысты зерттеуқортындысын жариялады. 14 облыс пен Алматы және Астана қалалары арасында Шығыс Қазақстан облысы 62,51 балл жинап, тізімнің алдына шықса, Қызылорда облысы 20,51 балмен ең соңғы орында қалған. Ал Астана қаласы – 27,14, Алматы қаласы – 22,07 балл жинап, 14-ші, 15-ші орынға тұрақтаған. Астана қаласының бюджетінің ашықтығына сараптама жасаған зерттеуші Ақбота Жаппар Азаттыққа сұхбат берді.

Азаттық: – Сіз жүргізген зерттеу қортындысы бойынша Астана қаласы бюджет ашықтығының индексі бойынша, басқа облыстардың соңынан көрініпті. Зерттеу жұмысы басталмай жатып, осындай нәтиже боларын білдіңіз бе?

Ақбота Жаппар: – Біз зерттеуді ашық ақпарат көзі яғни, баспасөз, ресми орындардың сайттарына шыққан деректерге қарап жүргіземіз. Сондықтан жеке пікірімізді зерттеу нәтижесіне қоса алмаймыз. Бюджет туралы ақпарат қаншалықты көп болса, ашықтық индексі де соншалықты жоғары болып шығады. 2013 жылы Астана қаласы 36,9 балмен жалпы тізімде 5-орында болған. Биыл аутсайдерлер қатарынан көрінді.

Азаттық: – Жергілікті бюджеттің ашықтық индекстерінің көрсеткіштері неге төмен?

Ақбота Жаппар: – Себебі бюджеттік құжаттар дер кезінде, уақытында жарияланбайды. Бюджет жобасын жасау кезінде қоғаммен ақылдасу ісі жүрмейді. Мәслихат депутаттары бюджет жобасын қалай бекіткені де ашық айтылмайды. «Пәленбай ұсыныс түсті, оның соншамасы қабылданды» деген секілді жалпылама ақпарат шығады. Қабылданғаны, қабылданбағаны қандай ұсыныс екені айтылмайды. Сосын, бюджеттің орындалуы туралы да жан-жақты хабарлар берілмейді. «Пәленбай қаржы игерілді» деген тіркестер ғана көзге түседі. Игерілген ақшаның тиімділігі туралы жазылған сараптама мен түсіндірмені табу өте қиын. Осы себепті [Астананың] ашықтық индексі төмен.

Бюджет жобасын жасау кезінде қоғаммен ақылдасу ісі жүрмейді. Мәслихат депутаттары бюджет жобасын қалай бекіткені де ашық айтылмайды.

Азаттық: – Сіздің ойыңызша, бюджеттің жасалуы мен орындалуын қадағалап, бақылауына қарапайым халықтың, азаматтық қоғамның қандай да бір ынта-ықыласы бар ма?

Ақбота Жаппар: – Қазір тұрғындарда ондай белсенділік жоқ. Себебі «бізге бәрібір» деген теріс түсінікке беріліп кеткен. Бірақ, жергілікті билікынта қойып, бюджет жобасы қалай жасалып жатқанын, оның орындалуы туралы түсінікті ақпараттарды көптеп жариялайтын болса, онда халықтың белсенділігі де артар еді.

Азаттық: – Ал сіз айтқан шарттарды орындау жергілікті билік өкілдері үшін қиын іс пе?

Ақбота Жаппар: – Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында бюджет ашықтығының көрсеткіші 62,51-ді құрады. 100 балдық деңгейге шаққанда бұл орташадан сәл жоғары көрсеткіш. Ал Астана мен Алматы қалалары 20 балдың айналасында. Яғни, бұл жерлерде бюджет ашықтығы мүлдем жоқ деген сөз. Елімізде бюджет ашықтығы туралы ортақ шарттар мен тәртіптер жоқ. Сол себепті әр әкімдік өз еркімен білгенінше жұмыс істейді. Шындығына келгенде бюджеттің жобасы, қабылдануы мен орындалуы және есебі туралы ақпараттарды дер кезінде шығарып тұру соншалықты шығынды немесе еңбек күшін талап етпейді. Алайда көптеген әкімдіктер бұл мәселеге негізгі, қажетті іс деп қарамайды.

Елімізде бюджет ашықтығы туралы ортақ шарттар мен тәртіптер жоқ. Сол себепті әр әкімдік өз еркімен білгенінше жұмыс істейді.

Азаттық: – Зерттеуді қандай шарттарға сүйеніп жасайсыздар?

Ақбота Жаппар: – Біз көшедегі адамдарға сауалнама жүргізбейміз. Елімізде Ұлттық бюджеттік жүйесі деген үйлестіруші орын бар. Оған бірнеше үкіметтік емес ұйым мүше. Осы үкіметтік емес ұйымдар тұрған жеріне қарай әр облысты немесе қаланы бөліп алады. Астана бюджетінің ашықтығын екі адам, екі ай тексердік. Мұны «кеңселік зерттеу» дейді. Ашық дерек көздерінде жергілікті бюджеттің жобасы қалай жасалғаны, қалай қабылданғаны, жұмсалуы мен есеп беруі туралы ақпараттарды зерттеп, 60 сұрақтан тұратын арнайы сауалнамаға жауап береміз. Бұл жерде бюджеттің әр процесі бойынша 5-6 сауал беріледі және «өте жақсыдан» «өте жаманға» дейін 4 жауап көрсетіледі. Сауалнаманы толтырып біткен соң қолдағы барлық ашық ақпарат деректерін сілтемесімен басқа сарапшыға тапсырамын. Ол тексеріп, өзгеріс пен түзету енгізген соң Ұлттық бюджеттік жүйесі ұйымына жібереміз. Зерттеудің демеушісі - "Сорос-Қазақстан" қоры.

Азаттық: – Осы зерттеулеріңіз жергілікті биліктің қажетіне жарай ма?

Ақбота Жаппар: – Соған үміттіміз. Қоғамға да ой салса дейміз.

Азаттық: – Бұған дейін дәл осындай зерттеу 2013 жылыда жүргізіліпті. Соның нәтижесі болды ма? Жергілікті билік құлақ асты ма?

Ақбота Жаппар: – Бұл зерттеу – екі жылда бір рет өтетін жұмыс. 2013 жылы баспасөз мәслихатын өткізген соң әкімдіктен қоңырау шалып, қызығушылық білдіргендер болды. Бірақ, ешкім келмеді. Дөңгелек үстелде ақылдасып, бюджеттің ашық болуында бірігіп жұмыс істейміз деген үмітіміз жанбады. Одан кейін [кадрлық] ауыс-түйістер болып кетті. Бізге уақыттары мен шамалары жетпей қалған секілді.

Азаттық: - Әңгімеңізге рақмет!

XS
SM
MD
LG