Accessibility links

Шекарашының «серіктерін өлтіргенін мойындағаны» хабарланды


Владислав Челах. (Жеке мұрағат суреті)
Владислав Челах. (Жеке мұрағат суреті)

Алматы облысы әкімшілігіндегі дерек көзіне сілтеген "Интерфакс-Казахстан" ақпарат агенттігі Алматы облысындағы Арқанкерген постындағы 15 шекарашыдан аман қалған жалғыз сарбаз - 19 жастағы Владислав Челах "серіктерін өлтіргенін мойындады" деп хабарлады.

Владислав Челахтың анасы Светлана Ващенко ұлының бұл қылмысты жасағанына сенбейді.

- Бұл - өтірік. Оны солай айтуға мәжбүрлеген. Бұл біреуге пайдалы, - деді Светлана Ващенко Азаттық тілшісіне.

Владислав Челахтың атасы Владимир Челах та немересінің 15 адамды өлтіргеніне иланбайтынын айтты.

- Бір адам істей алмайды оны. Анығында ақшалы адамдар қылмыстарын жасырып жатыр. Ол жақтан Алматы, Талдықорған, сірә, Астананың да мықтылары пайда көрген. Ол жердегі дәрілік шөптің брі килограмы базарда үш мың доллардан сатылады. Менің ойымша, ол жерге барғандар бағасына келіспей, қорықшымен егесіп қалған. Әуелі соны, одан кейін басқаларды түгел атып кеткен. Менің немерем тірі қалғандықтан пәленің бәрін соған жаба салды. Ол жердің әр метрін біле тұрып немеремді тоғыз күн дегенде әрең тапқаны қалай? Оны иен үйден тауып алғанына да, жанында ноутбук, тапанша мен телефон жатқанына да сенбеймін. Немеремнің алғаш барған бөлімінде екенін ҰҚК-ден кеше ғана естідім. Аман қалған адамды қайта құртпақ, - дейді Владимир Челах.

Владимир Челах халықаралық ақпарат құралдары мен ұйымдарға арызданатын
Владислав Челахтың атасы Владимир Челах. Қарағанды, 6 маусым 2012 жыл.
Владислав Челахтың атасы Владимир Челах. Қарағанды, 6 маусым 2012 жыл.
айтты.

- Президент әкімшілігіне жазылып қойдым. Кезегім келгенін хабарлаған кезде бірден барамын. ЕҚЫҰ өкілдерін тауып алып, білгенімнің бәрін айтамын. Мұны тыныш қоймаймын. Оның жағдайы қандай екенін айтып, суретін көрсетпей ме? Әуелі оны суретке түсіріп алуы керек еді. Сол кезде көп нәрсе анық болар еді. Біз ештеңе де білмейміз, - деді аман қалған шекарашы Владислав Челахтың атасы Владимир Челах.

«ЕШКІМ ӘЛІМЖЕТТІК ЖАСАМАЙДЫ» ДЕЙТІН»

Владислав Челахтың анасы Светлана Ващенконың айтуынша, ұлы әскери борышын шекара қызметінде атқаруға өз еркімен кеткен. Әскерден келген соң ұлттық қауіпсіздік қызметіне жұмысқа кіруді жоспарлаған.

- Әскердегі жағдайы жақсы екенін айтып хат жазған. "Ешкім әлімжеттік жасамайды" дейтін. Балам шекара қызметіне барғанына разы еді, - дейді шекарашының анасы.

Владислав Челах үйіне жазған хатында шекара заставасына жеткенін, ол жер
Арқанкерген постында қаза тапқан шекарашылардың бірі Алтынбек Кереев. (Марқұмның суреті "Уральская неделя" газетінен алынды).
Арқанкерген постында қаза тапқан шекарашылардың бірі Алтынбек Кереев. (Марқұмның суреті "Уральская неделя" газетінен алынды).
көрікті екенін, бір жағында қазақтың, бір жағында қытайдың таулары тұрғанын, застава тыныш екенін айтқан.

- Астанаға барып, ДНК сараптамасын тапсырып келдік. Балам демалысқа шыққысы келген еді. Үлгілі болса, он күнге демалыс алатынын айтқан. Ол жолдастарын өлтірді дегенге сенбеймін. Олай болуы мүмкін емес. Бәрін оған жаба салып, қорқытып қол қойғызып ала ма деп уайымдаймын, - деген еді кеше Владислав Челахтың анасы.

Владислав Челах 1992 жылы қазанның 8-і Қарағанды облысында туған. 2009 жылы Қарағанды қаласындағы №54 орта мектептің 9-сыныбын бітірген. №21 кәсіптік лицейге түсіп, былтыр ол оқу орнынан "машинистің үшінші дәрежелі көмекшісі" мамандығын алып шыққан. 2011 жылы қарашаның 23-інде әскер қатарына шақырылған.

Владислав Челахты өзі оқыған №21 кәсіптік лицей ұжымы жақсы жігіт деп сипаттады.

«ТЕРРОРИСТІК АКТ» ЖӘНЕ «ІШКІ ҚАҚТЫҒЫС»

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) мамырдың 30-ында «Шығыс» аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының Сарыбөктер заставасында 12 шекарашының, бір қорықшының мәйіті табылғанын және Арқанкерген посты өртенгенін хабарлаған еді. Маусымның 1-інде жалпы 14 шекарашы мен бір қорықшы өлгені, бір шекарашының із-түссіз жоғалғаны мәлім болған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Шығыс" аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының "Сарыбөктер" заставасынан 14 шекарашы және бір қорықшы - жалпы 15 адамның өртенген мәйіті табылғанына байланысты 1 маусым күні мәлімдеме жасап:

- Мен бұл оқиғаны террористік акті деп есептеймін. Бұл ішкі қақтығыстың нәтижесінде болуы мүмкін. Бірақ бұл туралы айтуға әлі ерте, - деген.

3 маусым күні ҰҚК шекара қызметі қаза тапқан шекарашылар мен қорықшының "Сүйектерінен алкоголь табылған жоқ" деп мәлімдеген.

Маусымның 5-інде «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі жоғалып кеткен шекарашының табылғанын хабарлады. «Алматы облыстық әкімдігіндегі белгісіз ақпарат көзі «Кеше оның өзі (аман қалған шекарашы Владислав Челах - ред.) постқа келді. Қолында пистолет болды. Психикасы бұзылған болуы да мүмкін, абыржыған күйде келді» деген. Шекарашының өзі сол маңдағы үңгірге жасырынып жүргенін айтқан.

Сол күні Қазақстанның ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ақпарат құралдарына:

- Меніңше, қалай болса да бұл оқиға шекарашылардың ішкі мәселелерінен шыққаны дәлелденетін сияқты. Соңғы шекарашы командирдің қаруымен ұсталды. Сол күні кезекші болған, - деген болжам айтқан еді.

КТК телеарнасының айтуынша, Владислав Челах маусымның 5-індегі тергеуде "оқиға болған күні кезекші болғанын, бекетке келгенде өліп жатқан серіктерін көріп, қорыққаннан казарманы өртеп жібергенін" айтқан.
XS
SM
MD
LG