Алматыдағы «АРТиШОК» театрының залында этномузыкант Еділ Құсайынов жеке концерт қойды. Концерт алдында өнерпаз Азаттыққа шығармашылық мәселелері жөнінде сұхбат берді.
Азаттық: – Бүгінгі концертіңіздің бұған дейінгілерден ерекшелігі неде?
Еділ Құсайынов: – Мен әр концертті қайталамайтындай қылып жасауға тырысам. Мәселен, былтыр авторлық концертімді Астанада «Конгресс холда» ұлт аспаптар оркестрімен бірге қойдым. Одан басқа өзіме жақын эстрадада жүрген Асылбек Еңсепов пен Ринат Гайсин секілді өнер адамдары да сахнаға шықты. Ал бүгінгі концертімде өзімнен басқа екі музыкант қана болады және концерт өтетін залымыз да шағын.
Азаттық: – Бүгінгі кеш өткізетін орныңыз 70 адамға ғана шақталған шағын зал екен. Күткен көрермендеріңіз кім?
Еділ Құсайынов: – Менің тыңдармандарым – жастар. Сонымен қатар маған осындай шағын орындар ұнайды. Қазақстанға қарағанда Еуропада жиі концерт беремін. Оның барлығы – осы секілді 200-300 орынды шағын залдар. Сонымен қатар мына жерде зал мен сахна бір ғой. Концертке келушілер біздің бет-әлпетіміздегі әрбір қимылды анық көріп, біздің сол сәттегі күйімізді сезініп отырады. Және бір айтарым, мыңдаған адам сыятын стадиондарды ұстауға менің шамам да келмейді. Оған жарнама да жасай алмаймын.
Азаттық: – Еуропада жиі концерт беріп тұратыныңызды айттыңыз. Этномузыканы тыңдауда қазақы тыңдарман мен еуропалық тыңдарманның арасында қандай айырмашылық бар деп ойлайсыз?
Еділ Құсайынов: – Қазақы тыңдармандар өте қарапайым ғой. Бірақ қарапайымдылық қарабайырлыққа ауып бара жатыр. Себебі қазір бізде музыкалық талғам жоғалып кетті. Тойға арналып жазылған дүниелер дәстүрлі өнердің алдына түсіп кетті. Оның бір себебі, біздің телеарналар сондай жеңіл-желпі дүниелерді эфирден береді. Тойда да тыңдайтының – сол ән, теларнадан да тыңдайтының – сол ән.
Азаттық: – Ал өзіңіз тойда өнер көрсетесіз бе?
Еділ Құсайынов: – Қаржы үшін шақырған жерлерге барып тұрам.
Азаттық: – Сіздің өнеріңізге сыртыңыздан «бір өзі жеке оркестр» деген теңеу айтып жатады.
Еділ Құсайынов: – Бір туынды жазу үшін студияға күллі оркестрді сүйрелемеймін. Қажетті аспаптардың барлығын жеке-жеке өзім орындап, кейін бастарын біріктіре салам. Сол кезде оркестрлік дүние болып шыға келеді. Яғни технологиялық жағынан оркестрмін. Екіншіден оншақты аспапта еркін ойнай алам. Мені білетін адамдар осы тұрғыдан да «оркестр» деп айтып жатады.
Менің жалғыз ғана арманым – әлемдік танымал сахналарда көбірек өнер көрсету. Бүгінге дейін Нью Йорктегі «Карнеги холда» үш рет концерт бердім, Лондондағы «Альберт холда» кеш өткіздім. Токиодағы «Сантори холда да» болдым. Бірақ басқа да үлкен сахналарда қазақтың музыкалық аспаптарын ойнатып, өнерін танытсам деймін.
Азаттық: – Сіз тек орындаушы ғана емессіз. Қосымша музыка жазатын сазгерлік қасиетіңіз тағы бар. Бірақ соңғы «Ілбіс» деп аталатын альбом-дискіңіз осыдан сегіз жыл бұрын шыққан екен. Неге тоқтап қалдыңыз? Әлде қаражат таппай жүрсіз бе?
Еділ Құсайынов: – Мәселе қаражатта емес. Оны жасауға болады. Мәселе – басқада. Қазір эстрада-симфониялық оркестрмен көбірек жазылып жүрмін. Осы жылы яғни 2016 жылдың соңына дейін эстрада-симфониялық концерт жасасам деген ойым бар. Егер концерт жасай алсам, онда диск шығарамын.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.
Еділ Құсайыновтың концерттерінің бірінен көрініс: