Екі тарап та танымал адвокаттардың көмегіне сүйенді. Экс-депутат Тәңірберген Бердіоңғаровтың адвокаты – «Жәкішев ісінде» айыпталушыны қорғаған Данияр Қанафин. Ал айыпталушы Рафаэль Балгиннің адвокаты – Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі бойынша қозғалған істе сотталушылардың бірін қорғаған Нұрлан Өстеміров.
«ЕКІ ЖЫЛДЫҚ ЖАЗА»
Істі қараған судья Дәулет Әбдіхалықов алғашқы сөзді мемлекеттік айыптаушыға берді.
Медеу аудандық прокурорының айтуынша, Рафаэль Балгин 2011 жылдың шілде айында депутаттың бетіне түкіріп қана қоймай, оны кеудесінен итерген. Оның сөзінше, мұндай әрекет Қазақстан республикасы қылмыстық кодексінің 319-бап 2-бөлімі бойынша жазаланады. Бұл бап бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал Рафаэль Балгин бұл айыпты мойындамайтынын, «ондағы кейбір фактілердің ойдан құрастырылғанын» айтты.
Бұдан кейін судья жауап алу ретін анықтамақ болып, екі жақтың ұсынысын тыңдады. Мемлекеттік айыптаушы «жауап алуды жәбірленушіден бастау керек» десе, қорғаушы жақ керісінше «айыпталушыдан бастау қажет екенін» айтты. Судья «егер айыпталушы өз айыбын мойындамаса, не айтуы мүмкін» деп, прокурордың ұсынысымен келісті.
«БЕЙБІТ ЖОЛ»
Бұл сот процесінде түске дейін екі рет шағын үзіліс жарияланды. Бірінші үзілісті «іспен танысып үлгермеген» қорғаушы жақ сұрады. Олар жарты сағатқа созылған үзілістен кейін сотқа «істі бейбіт түрде шешу» туралы өтініш түсірді.
– Мен алдын-ала тергеу хаттамасымен танысып шықтым. Қорғауымдағы азаматтың дұрыс жасамағаны бәріне белгілі ғой. Алайда істі бейбіт түрде шешуге болады деп есептейміз. Бұл екі жақтың мүддесіне сәйкес келеді, – дейді Рафаэль Балгиннің адвокаты Нұрлан Өстеміров.
Судьяның қосымша сұрақтарына жауап берген адвокат мұны Балгинмен келісе отырып жасағанын айтты.
Осыдан кейін екінші үзілісті «ұсынысты талқылау үшін» жәбірленуші жақ сұрады. Алайда адвокат Данияр Қанафин үзіліс бітпестен судьяға келіп, «мәселені бейбіт шешу жолын» екінші жақпен біріге отырып. журналистердің қатысуынсыз талқылау туралы өтініш айтты.
Алайда үзілістен кейін судья Әбдіхалықов келесі сот желтоқсанның 13-іне белгіленгенін, осымен сот процесі тәмамдалғанын айтты.
Екі жақ та сот біткеннен кейін журналистерге қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.
Мәселені бейбіт шешу жолын екі жақ алғаш рет талқылап отырған жоқ. Осыған дейін Рафаэль Балгин ақпарат құралдарына «егер Бердіоңғаров 2003 жылғы әрекеті үшін кешірім сұраса – келісімге келем» деген, экс-депутат керісінше «Балгин жасаған әрекеттері үшін кешірім сұрасын» деген шарт қойған.
ДАУДЫҢ БАСЫ
Бұл оқиға Рафаэль Балгиннің биыл шілдеде Тәңірберген Бердіоңғаровты кездейсоқ көріп қалып, бетіне түкіруінен басталған еді. Ол «Тәңірберген Бердіоңғаровқа 2003 жылы жасаған әрекетіне байланысты түкірдім» дейді. Балгиннің айтуынша, ол жоғары оқу орнында оқытушылық қызмет атқарып жүрген кезінде әлдебір студент қызға сол кездегі «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Тәңірберген Бердіоңғаров «қамқорлық» танытып, оқытушы Балгинге қоқан-лоққы көрсеткен.
Бердіоңғаров осы оқиғаға орай «ар-намысыма тиді, депутаттық қызметіме кедергі келтірді» деп, құқық қорғау органдарына шағымданған болатын.
Осыдан кейін Рафаэль Балғиннің үстінен қылмыстық кодекстің 319-бап 2-бөлімі («депутаттың ары мен абыройына қол сұғу және қызметіне кедергі жасау») бойынша іс қозғалған.