Accessibility links

Сенатор Оралбай Әбдікәрімовтың ұлы сот алдында "бұзақылық" үшін жауап беруі мүмкін


Қазақстан парламентінің депутаты Оралбай Әбдікәрімов
Қазақстан парламентінің депутаты Оралбай Әбдікәрімов

Оралбай Әбдікәрімовтың ұлы Қайрат Әбдікәрімовтың "Мол дастархандағы" әрекетіне қатысты тергеу амалдары аяқталып, қылмыстық іс Астананың аудандық сотына берілген. Қазақстандағы ықпалды әкелердің ұлдарының аттары жанжалға қатысты шығуы бір бұл емес.

КҮРЕКПЕН ҚАРУЛАНУ...

Сәрсенбі, наурыздың 3-күні өткен брифингте, Қазақстан ІІМ-нің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің жетекшісі Қуанышбек Жұманов «Қазір бұзақылық дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталып, прокуратура арқылы Сарыарқа аудандық сотына жіберілді», - деп хабарлады.

Ақпан айының 12-сінде Астанадағы «Мол дастархан» дәмханасында парламент сенатының депутаты Оралбай Әбдікәрімовтың ұлы Қайрат Әбдікәрімовтің қатысуымен дау-жанжал болып, дәмхананың дүние-мүлкіне зақым келгені туралы жергілікті ақпарат құралдары жазған еді.

Дәмхананың басшысы Рүстем Ниязовтың журналистерге айтуынша, сенатордың ұлы дәмхананың атауы жазылған сыртқы маңдайша жазуын күрекпен ұрып талқандап, дәмхананың ішіндегі сөрені де қиратқан. Дәмхананың иесі келтірілген шығынның көлемін 350 мың теңгеге (шамамен 2300 АҚШ долларына) бағалаған.

Ал сенатордың ұлы Қайрат Әбдікәрімовтің өзі: «бұл іске қатысты әзірге ешқандай түсініктеме бермеймін, уақыты келгенде барлығын хабарлаймын», - деп қысқа қайырды наурыздың 3-күні оған телефон шалған Азаттық радиосының тілшісіне.

Зардап шеккен тарап - «Мол дастархан» дәмханасына хабарласқанымызбен, ондағылар басшыдан өзгелері ешқандай түсініктеме беруге құқы жоқ екендіктерін айтты. Ал дәмхананың басшысы Рүстем Ниязовтың байланыс телефондары жауап бермеді.

«ҰЛЫМ МЕНЕН КЕШІРІМ СҰРАДЫ...»

Оқиғаға себепші болған Қайрат Әбдікәрімовтың әкесі, сенатор Оралбай Әбдікәрімовпен де тілдесу мүмкін болмады, сенатор телефон тұтқасын көтермеді. Дегенмен ақпанда дәмханада болған оқиғаның ізін ала республикалық ақпарат агенттіктерінің біріне берген түсініктемесінде сенатор:

«Қандай талқандау? Одан дабыра жасаудың қажеті жоқ. Бұл өзара түсіністікке келмек болған екі әріптестің арасындағы мәселе. Менің ұлым бұл қылығы үшін менен кешірім сұрап та үлгерді», - деген болатын

МЫҚТЫНЫҢ БАЛАСЫ...

Айта кету керек, бұл – Қазақстанда лауазымды тұлғалардың балаларына қатысты істің сотқа жетуінің алғашқы оқиғасы болғанымен, биліктің биік баспалдағындағы азаматтардың әлпештеп өсірген, бауыр еті балаларының бұзақылық әрекеттерімен қоғам назарына іліккен алғашқы жайт емес.

Мәселен, 2003 жылдың мамыр айында сол кездегі Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Омархан Өксікбаевты сол уақтытта Бас прокурордың үлкен ұлы соққыға жыққаны жөнінде қаусеттер тараған еді. Онда Бас прокурордың баласы өз атына айтылған сынға шамданып, шенеунікке жұдырық ала жүгірген-мыс. Бұл туралы Қазақстанның бірқатар ақпарат құралдарында жазылған еді.

2007 жылы Қазақстан парламентінің мүшесі Оңалбай Аяшевтың ұлының күзетшіге оқ атқандығы бұқаралық ақпарат құралдарында үлкен дау тудырған болатын. Иығынан оқ тиіп жараланған 22 жастағы азамат Астанадағы парламент депутаттары тұратын көп қабатты үйдің күзетшісі болатын. Кейіннен екі жақ ортақ мәмілеге келді делініп, істі жылы жауып қойған-ды.

2008 жылдың жазында депутат Валерий Котовичтің ұлына қатысты қылмыстық іс қозғалғандығы туралы ақпарат тарады. Оған – «Қазақалтын» тау-кен металлургиялық комбинаты басшылығының берген шағым арызы негіз болған. Шағым арызда 268 миллион теңге (шамамен 2,2 миллион АҚШ доллары) көлемінде өтемақы талап етілген. Бұл іске қатысты нақты ақпарат жоқ, ал қауесет әлі де ел ішін кезіп жүр, депутаттың өзі қандай да бір түсініктеме бергісі келмеді.

Әзірге Қазақстандағы жоғары билік басындағы тұлғалардың «азамат болып, ат жалын тартып мінген» еркетотайлары әкелерінің аттарын осылайша шығарып тұр.
XS
SM
MD
LG