Accessibility links

Айыппұлға қарызы барлар елден шыға алмай отыр


Алматы әуежайында ұшақ күтіп отырған жолаушылар. (Көрнекі сурет)
Алматы әуежайында ұшақ күтіп отырған жолаушылар. (Көрнекі сурет)

Айыппұл төлемеген ондаған мың адам Қазақстаннан шетелге шыға алмай жүр. Олар билік енгізген бұл уақытша тыйымды тым қатаң жаза деп санайды.

Алматылық Дәурен Қажымұқан 8 мың теңге әкімшілік айыппұлдың (шамамен 43 доллар) кесірінен биыл жазда Ресейге демалысқа бара алмағанын Азаттық тілшісіне айтып берді.

– Көлік жылдамдығын сәл арттырып жіберіппін, соны бақылау камерасы тіркеп алған, сол үшін маған айыппұл салды. Алматы қаласының жол полициясынан тұрғын орныма хабарландыру келген, бірақ мен ол айыппұлды ұмытып кетіппін, кейін төлеймін деп ойлағам. Демалысқа жиналған кезде мені әуежайдың бақылау-өткізу бекетінде ұстап, шетелге шығармай қойды. Әділет департаменті маған шетелге шығуға болмайды деп ескерткен емес. Күйіп кеткен ұшақ билеті мен демалысымның құнын енді кім маған өтеп береді? – дейді Дәурен Қажымұқан.

Қазақстанда айыппұлға қарызы барлардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Былтыр олардың жалпы саны 116 мың адам болса, биыл – 300 мыңға жеткен. Мұндай борышкерлер санатына әкімшілік кодекс талабын бұзғаны үшін салынған айыппұлды төлмегендер немесе салық төлемей жүргендеркіреді.

ШЕКАРАДА ТОҚТАТУ

Алматы қаласы әділет департаментінің сот орындаушысы Арайлым Жақыпова азаматтардың қандай себептермен шетелге шыға алмайтынын Азаттыққа түсіндіріп берді.

– Қазақстандық кодексте қанша норма болса, соншама құқық бұзушылық оқиғалары тіркеліп жатады. Адамдар кодекс талабын сақтамайды. Бізге қаладағы әртүрлі өкілетті орындардан – жол полициясы, санитарлық-эпидемологиялық бақылау, салық комитеті және басқа мекемелерден қаулы-қатынастар түседі. Бұдан соң біз әкімшілік айыппұлды мәжбүрлеп төлетуге тырысамыз. Өз міндетімізге сай, мүліктерін арестке алып, шетелге шығуына тыйым саламыз, - дейді Арайлым Жақыпова.

Алматы халықаралық әуежайы. (Көрнекі сурет)
Алматы халықаралық әуежайы. (Көрнекі сурет)

Сот орындаушысының айтуынша, шетелге шығуға тыйым салу жыл маусымына байланысты емес: борышын өтемегендер жылдың кез келген айында Қазақстаннан шыға алмайды. Қарызы барлардың көбі – жол-көлік ережесін бұзғандар. Сот орындаушылары оларды деректер базасынан табады да, әкімшілік айыппұлды төлеуге мәжбүрлейді. Жұмыс орнына, тұрғылықты жеріне хабарлама жібереді. Егер борышкер бір ай ішінде қарызын төлемесе, сот орындаушылары қарызды сот арқылы мемлекетке қайтартады.

– Мен қазір банкке несиесін қайтармаған ЖШС директорымен жұмыс істеп жатырмын. Оның айыппұл сомасы 10 миллион теңгеге жеткен. Істі Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберді. Адамдардың өздері кінәлі: істі сотқа дейін жеткізбей қарызды уақытында төлеуі керек қой, - дейді Азаттыққа Арайлым Жақыпова.

Сот орындаушысының сөзінше, азаматтар материалдық жағдайының қиындығынан айыппұлды дер кезінде төлей алмадық деп түсіндірмек болады. Көпшілігі жұмыссыз қалғандықтан, айыппұлды уақытында төлей алмай қалған.

Азаттыққа сұхбат берген маманның айтуынша, әрбір сот орындаушысына күн сайын 100-200 іс түседі. Оларда көбінесе борышкердің мүлігін арестке алып, өзіне шетелге шығуға тыйым салады, өйткені бұның алдында өкілетті мекемеден ескерту алғаннан соң борышкерге әкімшілік айыппұлды төлеуге жеткілікті уақыт берілген. Бірақ, азаматтардың көбі ескерту хабарламасына мән бермей, уақыт өткізіп жүріп алады да, соның салдарынан кейін шетелге шыға алмай қалады. Заңда қарыздың нақты сомасы көрсетілмейді, сондықтан сот орындаушылары тіпті бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде төленбеген айыппұл болса да борышкер мүлкіне арест салады.

ШЕТЕЛГЕ ШЫҒАРУ КЕРЕК ПЕ, ЖОҚ ПА?

Заңгер Бекзат Әлкетаев борышкерді шетелге шығармау туралы уақытша тыйымды уақытында, дұрыс қабылданған шара деп біледі. Басқа мемлекетке аттанбас бұрын, алдымен қарызыңды қайтаруды ойлау керек дейді ол. Алған ақшаны қайтармаған адамның түк болмағандай демалысқа кететіні қалай деп кейиді алматылық заңгер.

Құқық қорғаушы Мұрат Кемелбеков тізімді уақтылы бекітіп, азаматтарға дәл ұшар алдында емес, оған дейін алдын ала ескертуге кеңес береді.

– Әділет департаменті азаматтарды күнібұрын ескертпей, тап шетелге шығар алдында ғана хабарлайды. Бұлай болмауға тиіс. Көп адамдар өзінің төленбеген айыппұлы барынан хабарсыз болады. Хабарландыру тек азаматтардың заңды мекенжайына келеді, ал қазақстандықтардың көбі ол мекенжайда тұрмайды немесе ол жұмыстан әлдеқашан шығып кеткен боп жатады, - деді Азаттыққа Мұрат Кемелбеков.

Және борышкерге айыппұлды әуежайда ұшар алдында дереу төлей алатындай мүмкіндік беру керек, қазіргідей аяқастынан естіген қарызды төлеу үшін кейін кабинеттерді аралап сенделіп жүрмеуі керек дейді құқық қорғаушы.

«Другие страны» туристік компаниясының өкілі Татьяна Николаева Азаттыққа өз басынан ондай жағдайдың өтпегенін айтты. Бірақ айыппұлға қарызы туралы тұрғындарға алдын ала ескертуді ұсынады.

Бұл жүйенің дұрыс та, бұрыс та жақтары бар. Әрине, әрбір азамат қарызын ұмытпай, оны уақытында қайтаруға тиіс.

– Бұл жүйенің дұрыс та, бұрыс та жақтары бар. Әрине, әрбір азамат қарызын ұмытпай, оны уақытында қайтаруға тиіс. Бірақ ол жайында өкілетті мекеме емес, әділет департаменті өзі ескертуі керек. Сондықтан да борышкер саны артып келеді, көптеген туристік агенттіктер жапа шегеді. Біздің бір әріптестеріміз бес туристің төленбеген қарыздары үшін круизге шыға алмай қалғандарын естігенде күйзелгенін білемін. Ондайды басқа бермесін, - дейді Татьяна Николаева.

Алматы қаласы жол полициясының инспекторы Санат Үсенов азаматтар қолайсыз жағдайға тап болмас үшін борышкерлер тізімінде өзінің бар-жоғын анықтап, күнібұрын тексеріп отырғаны жөн дейді.

Қазақстан әділет министрлігінің ресми сайтында борышкерлер тізімі көрсетілген. Азаттық оқырмандары осы «қара тізімде» өзінің бар-жоғын анықтай алады.

Аударған – Динара Әлімжан

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG