Accessibility links

«Алматылық» ажырасу


Әлфия Исламова. Алматы, 12 желтоқсан 2015 жыл.
Әлфия Исламова. Алматы, 12 желтоқсан 2015 жыл.

Биыл Ұлыбританияның Economist журналы ажырасқан жұптар саны жағынан Қазақстанның әлемдік ондыққа енгенін жазған еді. Алматылық Әлфия Исламова мен Ермек Арынғазиев – ажырасқан жұптардың бірі. Бірақ дәм-тұзы жараспай ажырасып кеткен мыңдаған-он мыңдаған отбасылардан айырмашылығы – екеуі қайта табысқан.

Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі Әлфия Исламова болашақ жары Ермек Арынғазиевпен 15 жыл бұрын Алматыда жергілікті театрларда жұмыс істеп жүрген кезде танысқан. Екеуі бір аптадан кейін отбасын құруды ұйғарған. Әлфияның айтуынша, шаңырақ құрып, үй болу жайлы ой екеуіне бір мезетте келген. Бірақ кейін ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен.

Қазір 45 жастағы бұрынғы актриса ажырасуға түрткі болған себепті еске алады. Айтуынша, күйеуі жұмыссыз қалған соң ол жақсы жұмыс тауып, өзге қалаға кеткен, сөйтіп екеуінің арасына сызат түскен.

– Ажырасып кетеміз деп екеуміз де ойлаған жоқпыз. Жамбыл театры басшылығы мені Қазақстанды гастрольдермен аралайтын жұмысқа шақырды. Мен әлгі ұсынысқа күйеуіммен де ақылдаспай бірден келістім, – дейді Әлфия Исламова Азаттыққа.

Үш баласын алып, Тараз қаласына келген Әлфия әке-шешесінің үйінде тұрған. Ол жақта мансабы өрлеп, басты рөлдер мен гастрольдерден басы айналып қалған.

– Шынымды айтсам, екеуміз бірге тұрғанда ақшадан қатты тарықтық. Алматыдан ыңғайлы жұмыс таппадым, ақыры бәріне көз жұмып, алды-артыма қарамастан кетуге тура келді, – дейді Әлфия Исламова Азаттыққа.

Әлфия «өзімді ғана ойлап, өзімшілдікке салындым» деп санайды. Бірақ ол күйеуі қашан жұмыс істеп, ақша табады деп күтіп отыра алмағанын айтады. Әке-шешесінің ажырасуынан көбінесе балалары қиналған. «Әкеміз қашан келеді?» деп сұрай берген балаларына Әлфия «әкелерің ұзақ іссапарға кеткен, көп ұзамай келеді деп жұбататынмын» дейді.

Әлфияның тұрмыс-тіршілігі:

Екі жылдан кейін рөлдерге шақыру тыйыла бастаған, ол Алматыға қайта оралған. Бірақ бірде ерінің телефонына кездейсоқ көзі түскен Әлфия күйеуінің өзге әйелмен көңіл жарастырғанын байқаған.

– Жасы менімен шамалас бір әйелмен түскен фотосуреттер телефонында көп екен. «Кім?» деп сұрап едім, күйеуім «Заңды әйелім тастап кеткен кезде осы әйелмен екі жыл бірге тұрдым» деп жауап берді. Әлгі жаңалықты естігенде мүлде тынышым кетті, – дейді Әлфия Исламова Азаттыққа.

Күйеуі әлгі әйелмен қарым-қатынасын үзгісі келмейтінін айтқан. Ал Әлфия өзін Ермектің әпкесі ретінде таныстырып, күндес келіншекпен кездесіп, сөйлескен. Ақыры әлгі әйел мен Ермек бір-біріне қатты үйреніп қалғанын байқап, күйеуімен ажырасуға бел байлаған. Жалғыз өзіне үй ұстап, балаларды асырау қиын болған. Бірақ көбінесе күйеуінің опасыздығы ойынан шықпай, мазасы кеткен.

Ақыры 2012 жылдың күзінде ерлі-зайыптылар ресми түрде ажырасып кеткен. Бірақ дәл сол тұста Ермек әлгі әйелмен де қатынасын үзіп, екі ортада қалған. Әлфия «Менің кесірімнен Ермек әбден сенделіп, жүдеп-жадап кетті, шашы ағарып, тепсе темір үзетін жігіттен кәрі шалға айналды» деп еске алады.

Ақыры Әлфия туыс, достарының ақылымен шаңырағын қалпына келтіруге бел буған. Ол «екеуміздің ажырасқанымыз балаларыма, әсіресе қызыма қатты батты, олардың қиналғанын көргім келмеді» дейді. Қазір Ермек пен Әлфия қайта табысып, балаларын бірге тәрбиелеп отыр, екеуі театр қойылымдарын сахналаумен айналысады. Әлфия үйінде тапсырыспен киім тігіп, қосымша жұмыс істейді. Ол «тамағымызға жетеді» дейді.

Жігіттерге айтарым, келіншектеріңді аялаңдар, ешқайда, тіпті екі күнге де жібермеңдер.

Азаттыққа әйелі екеуінің арасы қалай суығанын айтып берген Ермек Арынғазиев «әйелім басқа қалаға кетемін дегенде мен қарсы болдым, шаңырағымды әу бастан шайқалтпауым керек еді» дейді.

– Бірақ әйелім мен бала-шағамды қатты сағынатынмын. Жалғызсырап қатты қиналдым. Жігіттерге айтарым, келіншектеріңді аялаңдар, ешқайда, тіпті екі күнге де жібермеңдер, – дейді Ермек Арынғазиев.

Қазір ерлі-зайыптылар бір-бірін көбірек қадірлейтін болған, шаңырақта біртіндеп береке орнай бастаған, бірақ кейде өткен іс білініп қалады. Әлфия мен Ермек ерлі-зайыпты жандарға қиындықты бірге еңсеруге, ажыраспас бұрын жақсылап ойланып алуға кеңес береді.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG