Accessibility links

Белсенділер прокурорға кіру құқығына сот арқылы қол жеткізбек


Қазақстан бас прокуратурасының алдында жүрген адамдар. Астана, 29 қаңтар 2009 жыл.
Қазақстан бас прокуратурасының алдында жүрген адамдар. Астана, 29 қаңтар 2009 жыл.

Астанада азаматтық белсенділер бас прокурордың қабылдауына кіру құқықтарын сот арқылы дәлелдеуге тырысып жатыр. Олар шенеуніктер қабылдамай қайтарған он шақты адамнан топ құрды.

2012 жылы тамыз айында кәсіпкер Александр Маслий мен заңгер Антон Фабрый бас прокурордың қабылдау бөлмесіне соңғы рет барған. Олардың айтуынша, бас прокурор сол күні өзі бекіткен кесте бойынша азаматтарды қабылдауға тиіс болғанымен, оларды кіргізбеген.

Осыдан соң белсенділер сотқа шағым түсірген. Астана соты белсенділердің шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Олар апелляциялық сотта да жеңілді. Енді үшінші деңгейлі сотқа бермек. Одан да қайыр болмаса, жоғары сотқа жүгінбек.

ҚАБЫЛДАУҒА СОТ АРҚЫЛЫ

— Ай сайын үш-төрт рет кіруге тырыстық. Бірақ қанша рет баруға болады? Күлкіге қалу үшін бе? Басқа амалымыз болмады. Ақыры кіргізбейді екен, енді сот шешімімен кірмекші болып отырмыз, - дейді Антон Фабрый.
Антон Фабрый, заңгер. Астана, 13 сәуір 2010 жыл.
Антон Фабрый, заңгер. Астана, 13 сәуір 2010 жыл.

Оның айтуынша, олар бас прокурордың қабылдауында бір рет болған. Прокурор екеуінің мәселесі бойынша тапсырма да берген екен. Бірақ онысы орындалмаған.

— Істің ашығын айту үшін алдына екінші рет бардық. Олардың қойған талаптарын толық орындадық. Бірақ бізге «сендерді қабылдау тізіміне жазбаймыз» деді. Адамдарды таңдап жазатын тізім бар. Қабылдауда болу құқығы жұрттың бәріне ортақ емес пе, - дейді Антон Фабрый.

АЙДЫҢ АЛҒАШҚЫ СӘРСЕНБІСІ

Белсенділер Қазақстан конституциясы мен «Жеке азаматтар және заңды тұлғалардың өтініш-арыздарын қарау тәртібі» туралы заңның 13-бабында көрсетілген азаматтардың жеке қабылдауда болу құқығына сүйеніп отырғандарын айтты.

Алайда прокуратура қызметкерлері бас прокурордың 2008 жылы ақпанның 27-сі күні шығарған №10 бұйрығымен бекітілген «ҚР прокуратура органдары мен мекемелерінде жеке азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау ережесіне» сілтеме жасап отыр.

Заңгер Антон Фабрый әділет органдарында тіркелмегендіктен, ол ереженің заңды күші жоқ деп есептейді. Астана соты белсенділердің шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Олар апелляциялық сотта да жеңілді.

Антон Фабрыйдың айтуынша, сот өз шешімін «Заң жүзінде тағайындалған ережелерге әзірге ешкім қарсылық білдірмеді және ол ережелер сот шешімімен жарамсыз деп танылмаған» деген жалғыз сөйлеммен негіздеген.

— Олар шындығында өмірде жоқ ережелерді қорғап отыр. Жоқ нәрсе туралы қалай дауласуға болады? Заңды күшіне енбегендіктен, ол ережелер жоқ, - дейді Антон Фабрый.

Олар енді үшінші деңгейлі сотқа шағымдануға дайындалып жатыр. Егер ол соттан да жеңілсе, жоғарғы сотқа шағымданбақ.
Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаев. Сурет бас прокуратураның ресми сайтынан алынды. Астана, 27 шілде 2011 жыл.
Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаев. Сурет бас прокуратураның ресми сайтынан алынды. Астана, 27 шілде 2011 жыл.

— Бас прокуратура ғана емес, ішкі істер министрі, жоғарғы сот төрағасы сияқты басқа жоғары шенді басшылар да азаматтарды қабылдамайды. Адамдар қабылдауға кіре алмайды. Бұл арада мен қабылдауға кірген адамның мәселесі қалай шешілетіні жайында айтып тұрған жоқпын. Мәселе алдымен қабылдауға кіру туралы болып тұр. Басшылар жұртты неге қабылдамайды деп ойлайсыз? Өйткені олар жауапкершілік алғысы келмейді, - дейді Антон Фабрый.

Кәсіпкер Маслий мен заңгер Фабрый билік органдары басшыларының қабылдауына кіре алмай жүрген өздері сияқты он шақты азаматтың басын қосып, топ құрды.

Қазақстан бас прокуратурасының сайтында бас прокурор Асхат Дауылбаев азаматтарды айдың әрбір алғашқы сәрсенбісінде қабылдайды деп жазылған.

Сайттан бас прокурордың жеке қабылдауына кіру ережелерін де табуға болады. Осы ережеге сәйкес, қабалдауға кіру үшін мекемеге барып, алдын ала жазылу керек. Бұдан әрі Асхат Дауылбаевпен кездесу үшін не істеу керектігінің толық сипаттамасы берілген.

«ДАРИҒА НАЗАРБАЕВАНЫҢ ҚАБЫЛДАУЫНА ЖАЗБАДЫ»

Зейнеткер Хадиша Кәрібаева астаналық белсенділер құрған топтың мүшесі емес. Ол парламент депутаты Дариға Назарбаевамен кездесу үшін Тараз қаласынан келіпті. Оның айтуынша, парламент депутаты Бақытжан Ертаевтың қабылдауында болған кезде ол парламенттің мәдени-әлеуметтік даму жөніндегі комитетін басқаратын Назарбаеваға жолығып, көмек сұрауға кеңес берген.

— Дариға Назарбаеваның қабылдауына жазыла алмадым. Көмекшісі «ол кісіге түсетін арыз-шағым көп, жазылу жоқ» деп дөрекі сөйлеп, тұтқаны қоя салды. Енді не істеймін? Астанаға сол үшін келіп едім, - дейді зейнеткер әйел.
Тараздан келген Хадиша Кәрібаева. Астана, 25 ақпан 2013 жыл.
Тараздан келген Хадиша Кәрібаева. Астана, 25 ақпан 2013 жыл.

Хадиша Кәрібаеваның баспанасы жоқ. Оның айтуынша, тұрмысы төмен зейнеткер ретінде мемлекеттен пәтер алу кезегінде тұрғанына 10 жыл болыпты. Алайда Тараздың қалалық әкімдігі оның құжаттарын екі рет жоғалтып, кезекке қайта тұруға мәжбүр болған.

— Өзім үшін емес, немерелерім үшін сұраймын. Тұратын үй жоқ, немерелерім далада қалды. Үлкен ұлым Алматыда жертөледе тұрады. Біз болсақ Таразда жатахана жағалап жүрміз, - дейді зейнеткер әйел.

Алайда әйелдің мұң-мұқтажын Астанадағы парламент қабырғасында айтуына мүмкіндік берілмеді. Арнайы жасақ киімін киген жігіттер алдымен кімге келгенін сұрады. Сосын олардың біреуі зейнеткердің парламент аумағынан кетуін талап етті. Сарбаз күзетілетін нысан болғандықтан, ол жерде жүруге болмайтынын ескерткен.

Ал Хадиша Кәрібаева Дариға Назарбаеваның ғана емес, премьер-министр Серік Ахметовтің те қабылдауына кіргісі келген. Алайда ешқайсысы баспанасыз зейнеткерді қабылдамады.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG