Accessibility links

ЖОО сайтындағы мәлімет аздығы түлектерді сабылтты


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алдына жиналған талапкерлер мен олардың ата-аналары. Алматы, 12 тамыз 2013 жыл.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алдына жиналған талапкерлер мен олардың ата-аналары. Алматы, 12 тамыз 2013 жыл.

ҰБТ тапсырған мектеп бітірушілер оқу орнын таңдап жатыр. Бірақ қоғамдық қор өкілі ЖОО-лар интернетте өздері жайлы толық ақпарат бермейтінін айтады. Бұл жайт абитуриентті әуреге салып тұр.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысқан түлектер маусымның 20-сынан бастап мамандық пен оқу орнын таңдап жатыр. Олар үшін таңдаған мамандығын қай жоғарғы оқу орындары (ЖОО) оқытатынын білу маңызды. Азаттық тілшісі сөйлескен абитуриенттердің кейбірі оқу орындарының веб-сайттарынан қажет мәлімет табылмай, ЖОО ғимараттарының арасында сабылғанын айтты.

«ХАБАРЛАНДЫРУДЫ ФОТОҒА ТҮСІРІП АЛЫП КЕТЕСІҢ»

Атырау қаласындағы Фариза Оңғарсынова атындағы орта мектепті бітірген Нұргүл Қалимолда «көптеген ЖОО сайттарында мәлімет анық әрі жан-жақты берілмейді» дейді. Журналист болғысы келетін ол құжаттарын туған қаласындағы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне тапсырмақ. Алайда Нұргүл «университеттің негізгі ақпарат көзі болуы тиіс сайтындағы ақпарат жаңартылмағанымен қоса, түлектерге арналған мәліметтердің жоқ екенін» айтады.

– Көптеген ЖОО сайттарын қарап шықтым. Қажетті ақпаратты қазақ тілінде жазып қойған бір ғана ЖОО көрдім. Жатақхана, төсек-орын, шығармашылық емтиханның сұрақтары, күні-айы сияқты қажет мәліметті түгелдей көрсеткен. Ал біздің Атырау университетінің сайтында ондай мүлдем жоқ. Сұрақтарын емтиханға үш-төрт күн қалғанда консультацияға барып, ілінген хабарландыру қағазынан фотоға түсіріп алып кетесің, – дейді Нұргүл Қалимолда.

Ләззат Мәуленбай.
Ләззат Мәуленбай.

Алматы тұрғыны, дизайнер мамандығын оқысы келетін Ләззат Мәуленбайдың айтуынша «сайттардағы ақпараттардың ескі-жаңа екенін тексеріп отырғанша, университеттердің қабылдау комиссиясымен тікелей сөйлескен сенімдірек».

– Себебі атағы дардай Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы сайтында талапкерлерге арналған мәлімет мүлде жоқ екенін көргеннен кейін, басқа сайттарға да күмәнмен қарайтын болдым, – дейді ол.

Осыдан соң Ләззат Мәуленбай өзіне керек мәліметтерді Алматы қаласындағы көптеген ЖОО-лардың ғимараттарын аралап жүріп жинаған.

Түлектер шағым айтқан екі оқу орнына да Азаттық тілшісі хабарласып көрген еді. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің баспасөз қызметі өкілі: «Бәрі отпускіде, жауап бере алмаймын» деп қысқа қайырды. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының баспасөз қызметінен: «Сайтты жаңартып жатырмыз. Бұйырса, саламыз. Абитуриенттер ақпаратты сайттан гөрі көбіне университетке келіп біледі» деген жауап алдық.

«ОҚУ ОРЫНДАРЫ САЙТТАРЫНА МӘН БЕРМЕЙДІ»

ЖОО сайттарын зерттеген «Рейтинг.kz» агенттігі» қоғамдық қорының директоры Дәурен Сәкенұлы оқу орындарының сайттарына мән бермейтінін айтады.

Дәурен Сәкенұлы.
Дәурен Сәкенұлы.

– Сайттары негізгі субъектілеріне – талапкерлер мен студенттерге арналмаған. Коммуникация жедел дамыған заманда оқу орындары өздері жайлы толық әрі жан-жақты ақпарат бермей отыр. Кейбірінің сайттарында оқу құны туралы да ақпарат жоқ. Мұндай жағдай оқу орнының имиджіне, тартымдылығына кері әсерін тигізеді, – дейді ол.

Дәурен Сәкенұлы осы мәселені 2012 жылы 26 ірі ЖОО арасында зерттегендерін айтады. Ол кезде «Қазақ-Британ техникалық университеті, Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғана түлектерге «қанағаттанарлық» ақпарат беретіні, өзге ЖОО сайттары «қанағаттанарлықсыз» екені анықталған.

– Одан соң зерттеуге іліккен ЖОО-лардың сайттарын жаңартуға тырысқанын байқадық. Бірақ жұмысты әлі де көп жетілдіру керек, – дейді ол.

Зерттеушінің сөзіне қарағанда, кейбір ЖОО сайттарында техникалық кемшіліктер әлі де кездеседі. Мәселен, Алматы энергетика және байланыс университеті сайтында талапкер мен студенттерге арналған мәліметтің жоқтығынан бұрын, қазақ тіліндегі әріптері оқылмайды.

Алматыдағы Қазақ аграрлық университетінің ақпараттық стендінің жанында тұрған жастар. (Көрнекі сурет).
Алматыдағы Қазақ аграрлық университетінің ақпараттық стендінің жанында тұрған жастар. (Көрнекі сурет).

Бұл университеттің қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары Назарбек Мұсабеков «бұл жайында сұрастырып көрейін» дегеннен басқа жауап айтпады.

Қазақстанда биылғы ҰБТ маусымның 2-сі мен 8-і аралығында өтті. Оған 87 мың 593 (мектеп бітіргендердің 95 пайызы – ред.) түлек қатысқан. Маусымның 20-сынан бері олар тест нәтижелері жазылған сертификаттарын таңдаған оқу орындарына өткізіп жатыр.

XS
SM
MD
LG