Accessibility links

Ермұрат Зейіпхан дүние салды


Ермұрат Зейіпхан. Сурет Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан алынды.
Ермұрат Зейіпхан. Сурет Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан алынды.

Ақын, әнші әрі сазгер Ермұрат Зейіпхан cейсенбі күні Қытайдың Үрімжі қаласында өмірден озды. Әншінің атажұртына оралғанына биыл тура жиырма жыл толыпты.


Ол 1966 жылы маусымның 15-і күні Қытайдағы Іле қазақ автономиясына қарасты Күнес ауданында туып-өскен.

Қазақстандағы алғашқы өнер жолын Абай атын­дағы опера және балет театрынан бастаған Ермұрат Зейіпхан «Қыз Жібек» спектак­лінде Бекежанның, «Абай» опе­расында Көкбайдың рөлін сомда­ған.

1997-2000 жылдары М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрындағы «Қарагөз» спектаклінде Асан салдың, «Әли және қырық қарақшыда» Хасан­ның, «Қилы заманда» хабаршы­ның рөлін сомдады.

2000 жыл­дан бері Қорғаныс министрлігінің ор­та­лық ансамблінде фольклор-этнография тобы­ның көр­кемдік жетекшісі болып қызмет істеген еді. Оған қоса Дүниежүзі қазақтары қауым­дас­ты­ғы өнер орталы­ғы­ның жетекшісі болды.

– 1998 жылы көші-қон комитеті құрылғанда оған Алматыдан бір бөлмелі пәтер берілген еді. Сол пәтерден ана дүниеге шығып барады, - дейді ақын Алмасбек Ахметбекұлы.

Ермұратпен үнемі шығармашылық байланыста болғанын айтқан Алмасбек оны «Күнес топырағында Таңжарық Жолдыұлынан кейін туған талантты ұл еді. Ол тек әнші, сазгер болып қана қоймады. Өлеңдер мен қатар прозалық шығармалар да жазып жүрді», - дейді.

– «Көк тудың желбірегені», «Кү­нес-ай», «Екі дүниеде жалғы­зым» әндері арқылы тыңдарманның ыстық ықыласына бөленген Ермұрат біраздан бері сырқат еді. Емделу үшін жалғыз інісі Нұрсатпен бірге Қытайға кеткен болатын. Операция үстелінде көз жұмды, - дейді ол.

"Ермұрат Қазақстан тәуелсіздік алғанда алғашқылардың бірі болып ата жұртқа оралған еді. Сондықтан да сүйегін атжұртқа жеткізуді мақсат еттік. Әйтпесе әке-шешесі Күнесте жатыр" дегенді айтады ақын Алмасбек Ахметбекұлы.

Ермұрат Зейіпханнның артында екі ұлы қалды.
XS
SM
MD
LG