Accessibility links

ЕО мен Қазақстан әріптестігі: Экономикалық мүдде және адам құқығы


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен ЕО комиссиясы президенті Жозе Мануэль Баррозу. Брюссель, 9 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен ЕО комиссиясы президенті Жозе Мануэль Баррозу. Брюссель, 9 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

ЕО мен Қазақстан әріптестік пен ынтымақтастықты кеңейтетін келісімге қол қою қарсаңында тұр. Қазақстандық сарапшы «бұл келісімнің өзегі – адам құқығы емес, экономикалық мүдделер» екенін айтады.

Қаңтардың 20-сы күні Брюссельде Қазақстан мен Еуропа Одағы (ЕО) әріптестік пен ынтымақтастықты кеңейту туралы алдын-ала келісім жасасты. 1999 жылғы әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді алмастыратын жаңа құжатқа қашан қол қойылатыны белгісіз.

ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігінің хабарлауынша, жаңа келісім ЕО мен Қазақстан арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынастың нығаюына, қызмет көрсету мен инвестиция бойынша байланыстар артуына әсер етеді.

Қазақстанның Еуропа елдеріндегі бұрынғы дипломаты Қазбек Бейсебаев Азаттық тілшісімен сұхбатында ЕО мен Қазақстан арасындағы әріптестік пен ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімнің жай-жапсарын түсіндірді.

Азаттық: – Еуропаның сыртқы әрекет қызметі сайтындағы баспасөз баянында бұл келісімді «демократия мен құқық үстемдігіне, адам құқығына баса мән беретін келісім» ретінде сипаттайды. Бұл келісім шынымен Қазақстандағы адам құқығы жайына әсер ете ме?​

Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломатиялық қызметкер. Алматы, 9 қыркүйек 2013 жыл.
Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломатиялық қызметкер. Алматы, 9 қыркүйек 2013 жыл.

Қазбек Бейсебаев: – Ең әуелі бұл келісім өте жақсы қадам, дұрыс бағыт екенін айта кетейін. Бір нәрсені ұмытпаған жөн: Қазақстан – Еуропа үшін ең бірінші кезекте сауда-экономикалық әріптес. Кейбір азаматтар: «Еуропамен әріптестікті күшейттік. Енді ЕО басшылары Қазақстандағы адам құқығы мәселелерін айта бастайды» деп ойлауы мүмкін. Бұл – ағаттық. Мүмкін, бұл мәселелер ара-тұра көтеріліп қалар. Бірақ ЕО-ның өз шаруалары толып жатыр. Қазір барлық жерде дағдарыс. Ресеймен санкциялық соғыс болып жатыр. Қазір ЕО-ға не керек? ЕО-ға Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайту емес, тұрақты жұмыс жасау керек. Сондықтан мұнда басты мәселе – өзара мүдделер жатыр.

Азаттық: – ЕО Қазақстанның Орталық Азиядағы өзімен әріптес болған алғашқы ел екенін баса айтады. ЕО мен Қазақстанның жаңаша әріптестігі Астананың Еуразия экономикалық одағындағы (ЕАЭО) серігімен – Батыс санкциясына іліккен Ресеймен қарым-қатынасына қалай әсер етеді?

Қазбек Бейсебаев: – Менің ойымша, Ресеймен арадағы қарым-қатынасқа әсер ете қоймайды. Бұл Ресейге де жақсы. Себебі қазіргі жағдайда Қазақстан Ресей мен Еуропа арасындағы көпір болып тұр. Бұл келісім – ЕАЭО-ға кірген Қазақстан үшін де керемет мүмкіндік.

Азаттық: – Қазақстан соңғы он шақты жылда ЕО-ға көбі мұнай өнімдерін құрайтын, құны 24 миллиард еуролық өнім экспорттап, ЕО-дан 7,5 миллиард еуроның өндірістік тауарын, машина мен құралдарын алған. Қазақстан ЕО-ға көмірсутек шикізатынан басқа тағы не ұсына алады, ЕО-дан не ала алады?

Қазбек Бейсебаев: – Қазақстанның не ұсынуы мүмкін екенін нақты айта алмаймын. Қазір экономиканы диверсификациялап жатыр ғой. Қазақстанның бір ерекшелігі бар – Еуропа бізден ақша жасай алады.

Еуропаның инвестициясы бізге өте керек. Атом өнеркәсібі саласында Франциямен біріккен жобаларымыз бар. Испанияның «Тальго» вагондарын шығарып жатырмыз. Францияның спутниктерінен үмітіміз бар. Германия келсе, жақсы болар еді. Сондықтан Еуропамен әріптестіктен біз тек ұтамыз.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет!

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG