Былтыр қыркүйекте Қазақстанда дін істері және азаматтық қоғам министрлігін құруды бақылаушылардың көбі қоғамда резонанс тудырған әрі билік "дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушы" радикалдардан көрген Ақтөбе мен Алматыдағы қарулы шабуылдарға биліктің қарымта жауабы деп бағалайды.
ВИДЕО: 2016 жылғы қарулы шабуылдар
Министрлік 12 айдың ішінде дін саласындағы саяси тұжырымдама мен соның негізінде заңға енгізуді ұсынатын бір топ түзетулер құрастырды. Ведомство әзірлеген тұжырымдама мен заң жобасы қазақстандықтар, әсіресе жастар арасында радикалдану проблемасы бар екені мемлекеттік деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Бірақ кей сарапшылар билік ұсынып отырған шаралар "жаңа проблемалар" тудырады деп қауіптенеді.
«ДЕСТРУКТИВТІ» АДАМДАРДАН ҚАТЕР БАР МА?
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жуырда таныстырған заң жобасында "деструктивті діни ағымдарға" алғаш рет анықтама берілді. Қазақстан билігі талай жылдан бері қолданып жүрген бұл сөз тіркесі исламның мемлекет құптайтын нұсқасына "сай келмейтін" ағымдар дегенді білдіреді.
Заң жобасында "деструктивті" сөзінің заң жүзіндегі қысқаша анықтамасының мағынасы бұлыңғыр . Онда "халықтың адамгершілік қағидаларын, рухани және мәдени құндылықтарын, діни сезімдері мен дәстүрлерін әлсіретіп, бұзуды көздейтін", "адам мен азаматтардың құқығы мен еркіндігіне қатер төндіретін" ағымды "деструктивті ағым" деп атайды деп көрсетілген.
Мемлекеттік саясат тұжырымдамасында "діни деструктивті ағымдарды ұстанушыларға жанжалдасуға бейім келеді» әрі олар дәріптейтін құндылықтар мемлекеттің зайырлы принциптеріне қатер төндіреді, ал радикализмді тарату "Қазақстан халқының бірлігін шайқалтуға" ұласып, тұрақтылыққа қатер төндіреді деп жазылған. Тұжырымдамада "дінге бет бұрған, бірақ діни ілімнен сауаты жоқ, сондықтан деструктивті ағымдардың ықпалына оңай түсетін жастардың радикалдану" қаупі жайлы жазылған.
Билік осы қатерлерге жауап ретінде зайырлы мемлекет принциптерін нығайтып, заңдарды жетілдіруді ұсынады.
ТЫЙЫМ МЕН ШЕКТЕУ
Үкімет әзірлеген заң жобасында діни атрибутика мен киім үлгісіне қатысты да бірқатар тыйымдар бар. Түзетулер жобасында "қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті,адам денсаулығы мен моральды қорғау" қажет болған жағдайда мемлекет тарапынан діни еркіндікті шектеу мүмкіндігі де қарастырылған.
"Деструктивті идеологиялық ағымдарды ұстанатынын көрсететін сыртқы атрибуттар мен киім-кешекке» тыйым салуды бірнеше заңда ашып жазуды ұсынады. Олар - "Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы", "Мәдениет туралы", "Жарнама туралы" заңдар. Тыйымды бұзғаны үшін әкімшілік кодексте 100 айлық есептік көрсеткіш (қазір бір АЕК – 2 269 теңге) көлемінде айыппұл салу қарастырылады. Ал заң талабын қайта бұзған жағдайда айыппұл сомасын ұлғайтуды ұсынады. Түзетулер жобасы әзірше парламентке түскен жоқ, бірақ министрлік сайтында жарияланған.
Қандай сыртқы атрибуттар "дәстүрге сай емес" екенін айту қиын. Өткен айда дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов билік "адамның бет-әлпетін түгелдей жасыратын киім киюге тыйым салуды ұсынып жатқанын, бірақ бұл мәселе әлі шешілмегенін" айтқан болатын.
Биыл сәуірде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сақал қою мен балағы қысқа шалбар киюге (билік "дәстүрлі емес» және қазақ дәстүрлеріне "сай емес" деп санайтын) заң жүзінде тыйым салуға шақырған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жетекшілерімен кездесуінде ол "діни білімсіздігінің кесірінен жастарымыз сақал жіберіп, шалбарының балағын кесіп жатыр. Қара киіммен қымтанып алатын қазақстандық қыздар көбейді" деген.
Орталық Азиядағы діни ахуал, ұлттық бірегейлік және совет мұрасын зерттеуші, Назарбаев университетінің доценті Хелен Тибо экстремизмнің алдын алу шаралары ретінде аталатын тыйымдар мен шектеулерден тиімді нәтиже шықпайды деп санайды.
- Қазақстанда дін жолына бет бұрған адамдардан қауіп күтіп керегі жоқ. Ондай қауіп діни ерекшелігін орамал тағу сияқты элементтер арқылы білдіретін діндар адамдар өздерінің еркіндігі шектелгенін сезген кезде пайда болады. Жаңа заң [жобасы] діндар адамдарды өздерін шетқақпай көргендей сезінуге итермелейді. Меніңше, дін туралы жаңа заң мен мына шектеулер жаңа проблемалар тудыруы мүмкін, - дейді Хелен Тибо Азаттыққа.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігін құруға қатысты былтырғы комментариінде ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев (2017 жылғы тамызда ол мемлекеттік құпияны жария етті деген айыппен жеті жарым жылға сотталды) қысым мен заңды күшейту тұйыққа тіреуі мүмкін деген. 2016 жылғы қыркүйекте Дүтбаев "Егер [министрлік] діни бірлестіктерге қатысты режимді күшейтетін болса, бұл тағы бір сәтсіздік болады деп ойлаймын" деген.
Оқи отырыңыз: Билік не үшін дінмен және азаматтық қоғаммен айналыспақ?
ЭКСТРЕМИЗМ ТАРАМАУЫ ҮШІН КЕРЕКТІ «БІРЛІК»
Дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасында жастардың деструктивті ағым идеологиясы ықпалына оңай түсіп кетуіне түрткі болатын факторлар қатарында "әлеуметтік-экономикалық проблемалар, әлеуметтік әділетсіздік сезімі, өмірлік тәжірибесінің жоқтығы, сыни тұрғыдан қабылдау деңгейінің төмендігі" аталады.
Талай жылдан бері жастармен жұмыс істеп жүрген психолог әрі психотерапевт Айгүл Дүйсембаева экстремистер үшін Қазақстан жастары "оңай олжа" деп біледі.
- Экономикалық және саяси дағдарыстар тұсында отбасылардың көбінде психологиялық климат нашарлайды, ата-аналар бала-шағасын асырау үшін бел жазбай жұмыс істеуі тиіс. Балаларымен әңгімелесіп, сырласуына олардың күші де, уақыты да қалмайды. Егер ата-ананың эмоциялық мінезі құбылмалы, психологиялық тұрғыдан жетілмеген болса, үйде жан жылуы жоқ болса, балалар сүйеніш пен қолдауды сырттан іздей бастайды. Діни, оның ішінде экстремистік топтар жастарды өз қатарына тарту үшін небір айла-амалдарды пайдаланады, мысалы, шайға шақырып, әңгімелеседі, сеніміне кіреді, материалдық тұрғыдан демеп, енді сенің "жаңа" отбасың бар, бізге сенуіңе, сүйенуіңе болады дейді. Ал жасөспірім жаңа "достарына" риза болғаны және сенгені соншалық, олар үшін көп нәрсеге баруға, тіпті отбасынан бас тартып, заңға қайшы әрекеттерді жасауға дайын тұрады, - дейді ол.
Қазақстандық психологтың пікірінше, экстремистердің ықпалына көбінесе әлеуметтік тұрмысы жайсыз отбасылардан шыққан, зорлық-зомбылыққа душар болған, әке-шешесінің зиянды әдеттерге тәуелділігінен зәрезап болған балалар түседі.
Батыстың кей сарапшылары әлеуметтік жағдайдың нашарлығы мен радикалдануға бейімдік арасында тікелей байланыс барын жоққа шығарады. Қазақстандықтардың Сирияға кетіп, экстремистік топтарға қосылу себебін зерттеген болгариялық зерттеуші Татяна Дронзина ертеректе Азаттыққа экстремизм мен терроризм "ескі құндылықтар күйреп, жаңасы әлі қалыптаспаған жерде пайда болады" деген. Дронзина "Қазақстан қоғамы дәл осындай күйде" деп санайды.
Оқи отырыңыз: "Жиһадшылар" туралы зерттеу стереотиптерді бұзды
... Қазақстанда жүргізілген зерттеулердің көбі маргиналдану экстремизмнің негізгі себебі екенін көрсетті. Меніңше, бұған қоса, көпшіліктен оқшауланып қалу сезімі де түрткі болуы мүмкін. Адамдар елде олардың мүмкіндіктері мен еркіндігі шектелгендей сезінеді.
Зерттеуші Хелен Тибоның сөзінше, көбінесе өздерін қоғамның қалған бөлігінен оқшауланып қалғандай сезінген адамдар радикалданады. Бұған қоса, радикалдануға бейім топқа мүмкіндігі мен еркіндігі шектелген, соның кесірінен қоғам әділетсіз деп ойлайтын жандар жатады. Сарапшы пікірінше, адамдардың радикалдануына діни ұстанымы, білім деңгейі мен әлеуметтік мәртебесіне қарағанда, осы факторлар көбірек әсер етеді.
- Орталық Азия елдерінде, оның ішінде Қазақстанда жүргізілген зерттеулердің көбі маргиналдану экстремизмнің негізгі себебі екенін көрсетті. Меніңше, бұған қоса, көпшіліктен оқшауланып қалу сезімі де түрткі болуы мүмкін. Адамдар елде олардың мүмкіндіктері мен еркіндігі шектелгендей сезінеді. Бұған кедейлік түрткі болуы шарт емес. Қазақстандағы экстремизмнің астарында діни реңктен гөрі, саяси және әлеуметтік бояу басым, - дейді Орталық Азия елдеріндегі дін мәселелерін зерттеуші Хелен Тибо.
Сарапшы Хелен Тибоның айтуынша, өздерін адам құқығы мен еркіндігі шектелмеген үлкен қоғамның бір бөлігі санайтын адамдардың радикализм жолына түсуі сирек кездеседі. "Экстремизмнің тарауына жол бермеудің бір тәсілі – қоғамда әлеуметтік бірлік орнату" деп түйіндейді ол.