15 жасар спортшы Элизабет Тұрсынбаева тамызда 2015 Skate Detroit (АҚШ) пен Skate Canada (Канада) жарысында – алтын медаль, қыркүйекте ISU күнтізбесіне енетін U.S. International FSС (АҚШ) жарысында күміс медаль иеленді. Бұл Тұрсынбаеваның ересектер арасындағы алғашқы беделді жарысы болды. Ол қысқа және негізгі бағдарлама бойынша 177,91 ұпай жинап, жеке рекордын орнатты.
Жас спортшы былтыр Азаттыққа берген сұхбатында әлі де бір жыл жасөспірімдер арасындағы жарысқа қатысатынын айтқан. Алайда оның бұл жоспары жасөпірімдер арасындағы әлем чемпионатында төртінші орын алған соң өзгерген.
– Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында төртінші орын алған соң Халықаралық коньки одағы (ISU) маған ересектер арасындағы жарыстарға қатысуға ұсыныс жасады. Бұл ұсыныстан бас тарта алмадым. Ата-анам, жаттықтырушыларым – барлығы шешімімді қолдады. Биылғы маусымға арналған бағдарламамды Торонтода қойдық. Енді қалған дайындық жұмыстарын Мәскеуде жүргіземін, – деді Элизабет Тұрсынбаева Азаттыққа.
Жас спортшы 22-25 қазанда әлемнің үздік спортшыларымен бірге Skate America (АҚШ), 29-30 қазанда Skate Canada (Канада) Гран-при жарысына барады.
– Ересектер арасындағы екі жарысқа қатысатын спортшылардың барлығы – мықты әрі тәжірибелі. Олимпиада және әлем чемпиондары қатысады. Бұл алғашқы Гран-при жарыстарым болмақ. Сондықтан басты мақсатым – өз мүмкіндігіме сай өнер көрсету, – дейді ол.
Элизабет Тұрсынбаева биылғы жарыстарға арналған бағдарламасын Торонтода белгілі бапкер, бірнеше олимпиада чемпионын тәрбиелеген канадалық Брайан Орсермен бірге дайындап жатыр. Ал биін канадалық хореграф Трейси Уилсон қойған.
– Орсер мен Уилсон мені 2018 жылы Пхенчханда (Оңтүстік Корея) өтетін олимпиада ойындарына дайындайды. Бұл бапкерлермен 2018 жылғы олимпиададан кейін де бірге жұмыс істегім келеді, – дейді жас спортшы Азаттыққа.
Элизабет Тұрсынбаева биыл ересектер арасындағы жарыспен қатар жасөспірімдер арасындағы екі ірі жарысқа да барады.Оның бірі ақпанда Лиллехаммерде (Норвегия) өтетін жасөспірімдер арасындағы қысқы олимпиада болмақ. Халықаралық сарапшылар «Тұрсынбаева бұл – олимпиадада алтынға басты үміткер» деп жориды. Спортшы бұл жарыстан кейін Тұрсынбаева наурызда Дебреценде (Венгрия) өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысады.
Халықаралық жарыстарда алған орындарының инфографикасы: