Accessibility links

Қазақстанға алғашқы медальді Денис Тен әперді


Денис Тен. Сочи, 14 ақпан 2014 жыл.
Денис Тен. Сочи, 14 ақпан 2014 жыл.

Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қысқа бағдарламадан 9-орын алған еді. Сочиге барған біраз жанкүйер оның жүлдеге ілінетініне күмәндана бастаған. Ақпанның 14-і күні ол олимпиаданың қола медалін алды.

Денис Теннің қысқа бағдарламадан 9-орын алып қалуы Қазақстан спорт және дене шынықтыру агенттігінің арнайы жолдамасымен барған жанкүйерлердің де сеніміне көлеңке түсіріп, олар негізгі бағдарламаға арналған билеттерін жарысты көргісі келген басқа жанкүйерлерге бере салған еді.

Қысқа бағдарламаны тамашалауға 50-ге жуық қазақстандық жанкүйер барса, негізгі бағдарламада аренада 25-тей ғана қазақстандық отырды. Денистің өнеріне күмән айтушылар, «үмітті ақтамайды» деген болжамдар әлеуметтік желілерде де байқалған еді. Өйткені жүлде қос бағдарламаның (қысқа және негізгі – ред.) қорытындысы бойынша беріледі. Теннің 9-орыннан жүлделі тұғырға жете алатынына көп жұрт күмән келтірген.

Денис Тен мұз айдынына 13-спортшы болып шықты. Үш минуттық биінің барысында төрт айналымды «тулуп», үш жарым айналымды «аксель» және аса қиын үш жарым айналымды «каскад» жасады. Төрешілер Денис Теннің бұл биіне 171.04 ұпай берді. Теннен кейін шыққан он спортшының ішінен тек жапониялық Юдзуру Ханю (178.64) мен канадалық Патрик Чан (178.10) ғана жоғары ұпай алды.

Денис Тен. Сочи, 14 ақпан 2014 жыл.
Денис Тен. Сочи, 14 ақпан 2014 жыл.
Сөйтіп қысқа және негізгі бағдарламаның жалпы есебі бойынша жапониялық Ханю (280.09 ұпай) олимпиада чемпионы атанса, күмісті канадалық Патрик Чан (275.62) иеленді. Ал Денис Тен (255.10) қола жүлдегер атанды. Тағы бір қазақстандық Абзал Рақымғалиев 22-орын алды.

Жарыстан кейін Денис Теннің алғашқы бапкері, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Айгүл Қуанышева Азаттық тілшісіне шағын сұхбат берді.

- Мәнерлеп сырғанауда барлығы негізгі бағдарламада шешіледі. Қысқа бағдарламада 9-орын немесе 10-орын алған спортшының негізгі бағдарламада бес-алты сатыға жоғарылауына мүмкіндігі бар. Денис Тен негізгі бағдарламасында қиын элементтерді таза орындады, құлаған жоқ. Мәнерлеп сырғанау - ақыл-ойды қажет ететін спорт түрі. Денис элементтерді таза орындады және артистизмін керемет көрсете білді. Оның басты қарсыластары испаниялық Хавьер Эрнандес пен жапониялық Такахаси негізгі бағдарламада біраз элементтерді орындай алмай, құлады. Төрешілер барлығын таза бағалады. Алда мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты өтеді. Оған Денис Теннің қатысу қатыспауы уақытында шешіле жатар. Аяғында аздаған жарақат бар. Соны емдету керек, - деді маман.

Денис Тен Сочи олимпиадасына дейін 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен Азия ойындарында - алтын, 2013 жылы Канадада өткен әлем чемпионатында күміс медаль алған.

Ол Сочи олимпиадасында ұтқан қола жүлдесі үшін Қазақстан үкіметінен 75 мың доллар көлемінде сыйақы алады.

Денис Теннің қола жүлдесі - Қазақстан үшін Сочидегі алғашқы медаль. Қазір Қазақстан жалпыкомандалық есепте 25-орында тұр.
XS
SM
MD
LG