Accessibility links

Психиатрия: жабық жүйедегі маман тапшылығы


Алматыдағы республикалық психиатриялық орталық ғимараты. 8 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы республикалық психиатриялық орталық ғимараты. 8 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Жүйе басшыларының айтуынша, Қазақстанда психиатриялық қызмет қалдық принципімен қаржыландырылады, мамандар жетіспейді. Құқық қорғаушылар психиатрияның совет заманынан жабық жүйе екенін айтады.

Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы жанындағы психикалық денсаулық орталығы директоры Қуаныш Алтынбековтің Азаттыққа айтуынша, Алматы қаласында жүйке ауруына шалдыққандар саны былтырмен салыстырғанда 100 адамға көбейген. Жабық типтегі мекеме басшысы «жұмыс ауыр, ал маман тапшы» екенін айтады. Орталық директорының айтуынша, психиатриялық қызмет мемлекеттік тапсырысты орындауына қарай жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.

- Жыл сайын тендерге қатысып, ұтып жүрміз. Бюджетті жақсы бөледі, дәрі-дәрмек жағынан проблема жоқ. Ағзаға ауыр тиетін дәрі ішетіндіктен, науқастар күніне бес уақыт тамақтанады, - дейді Қуаныш Алтынбеков Азаттыққа.

Орталық директоры «жүйке аурулары дәрі-дәрмекпен ғана емделеді, сондықтан көп құрал-жабдықтың қажеті жоқ, бірақ негізгі проблема - маман тапшылығы» дейді. Психикалық денсаулықты қорғау саласы амбулаториялық және стационарлық көмек болып бөлінеді. Елдің ең ірі қаласы - бір жарым миллион халық тұратын Алматыда норма бойынша бір дәрігер, бір медбикеден жұмыс істейтін 40 учаске болуы тиіс. Ал іс жүзінде небәрі 10 дәрігер жұмыс істейтін 22 учаске бар. Клиника басшысы маман тапшылығы себебін дәрігер, медбике, санитарлардың мардымсыз жалақысымен байланыстырып, жалақыны көбейту керек деп санайды.

2014 жылы Балқаш қаласындағы психиатриялық ауруханаға күшпен емдеу үшін екі мәрте жатқызылған құқық қорғаушы Зинаида Мухортова.
2014 жылы Балқаш қаласындағы психиатриялық ауруханаға күшпен емдеу үшін екі мәрте жатқызылған құқық қорғаушы Зинаида Мухортова.

- Жұмыс ауыр. Психиатрияда жұмыс істегісі келетіндер аз, бұрын психологиялық тұрғыдан ауыр жұмыс болғандықтан, төрт мыңға жуық теңге үстеме төлеуші еді, қазір оны алып тастады. Қызметкерлерге ара-тұра сыйақы беруге тырысамыз, - дейді Қуаныш Алтынбеков.

Биылғы есеп бойынша, Алматы қаласында жүйке ауруына шалдыққан 11 мың 300 науқас бар. Олар көбінесе эндогенді аурулар – шизофрения мен тұлғаның органикалық ауытқуы, яғни депрессиялық синдромға шалдыққан науқастар. Қуаныш Алтынбековтің айтуынша, науқас ер адамдар саны әйелдерге қарағанда 50 пайызға көп. Орта есеппен бір науқасты емдеу кезеңі 43 күнге созылады, мемлекеттен оны емдеуге 200 мың теңге бөлінеді.

Жуырда Семейде өткен семинарда республикалық ғылыми-практикалық психиатрия, психотерапия және наркология орталығы директоры Сағат Алтынбеков «жалақы мардымсыз болған соң дәрігерлер медицинадан өзге салаларға кетіп жатыр» деп мәлімдеген.

Tengrinews агенттігі Сағат Алтынбековтің «Жас дәрігердің ставкасы – 22 мың [теңге]. Бұл ақшаға қалай күн көруге болады? Академияны бітірген 12 интерн-дәрігерді клиникалардың бірінде жұмыс істеуге бөліп еді, бірақ ешкім келмеді. Ғимарат жоқ, құрал-жабдық жоқ. Науқастардың 22 пайызы - бүркемелі депрессияға шалдыққан жандар» деген сөздерін келтірген.

Астаналық 67 жастағы христиан пасторы Бақытжан Қашқымбаевты қылмыстық сипаттағы айыппен қамалған кезде психиатриялық сараптамадан еркінен тыс өткізген. Суретте ол сот залында отыр. Астана, 17 ақпан 2014 жыл.
Астаналық 67 жастағы христиан пасторы Бақытжан Қашқымбаевты қылмыстық сипаттағы айыппен қамалған кезде психиатриялық сараптамадан еркінен тыс өткізген. Суретте ол сот залында отыр. Астана, 17 ақпан 2014 жыл.

Ал қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары елдегі психиатриялық жүйе жұмысына қоғамдық бақылау жоқ әрі Совет Одағы тұсындағы сияқты диссиденттерді «жазалайтын медицина» ретінде әлі қолданылады деп мәлімдейді. Алматылық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина «ойдан шығарылған желеумен психиатриялық клиникаға түсіп қалудан ешкім заң жүзінде қорғалмаған, мемлекеттің бұл проблемаға қатысты позициясы айқын емес» деп санайды.

- Қазақстанда психиатрия әлі күнге дейін жабық тақырып болып саналады. Психиатрияны жазалау медицинасы ретінде пайдаланатыны жасырын емес. Мысалы, парламент депутатын сынағаннан кейін адвокат [Балқаш қаласынан] Зинаида Мухортованы психиатриялық ауруханаға күшпен жатқызды. Ақыры ол елден кетіп қалды. Немесе «шіркеуге келуші әйелдердің бірінің денсаулығына ауыр зардап келтірді» деп айыпталған «Благодать» [Астана қаласынан] шіркеуі пасторы Бақытжан Қашқымбаевты алайық. Мемлекет екі жағдайда да психиатрияны жазалау медицинасы ретінде пайдланды, - дейді «Ар.Рух.Хақ» ҮЕҰ президенті Бақытжан Төреғожина Азаттыққа.

Былтыр күшпен емдеу үшін Зинаида Мухортованы Балқаш қаласындағы психиатриялық ауруханаға екі мәрте жатқызған. Аз уақыт Еуропаға барып, одан соң Алматыда болып келген оны санитарлар Балқаштағы пәтерінен күшпен әкеткен. Кейінірек Мухортованы «амбулаторияда емделіп» тұрады деген шартпен босатқан. Астаналық 67 жастағы христиан пасторы Бақытжан Қашқымбаевты қылмыстық сипаттағы айыппен қамалған кезде психиатриялық сараптамадан еркінен тыс өткізген. Былтыр ақпанда оны төрт жылға шартты түрде соттап, бостандыққа шығарған.

Риддерлік құқық қорғаушы Александр Харламов. Алматы, 31 қаңтар 2015 жыл.
Риддерлік құқық қорғаушы Александр Харламов. Алматы, 31 қаңтар 2015 жыл.

2013 жылдың мамырында Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында тұратын құқық қорғаушы Александр Харламовты Алматыдағы республикалық ғылыми-практикалық психиатрия, психотерапия және наркология орталығында күшпен психиатриялық сараптамадан өткізді. Харламов Азаттыққа «Қамаудағы науқастардың көзілдірік тағып, тіс щеткасын қолдануына қауіпсіздік деген желеумен рұқсат бермейді. Сондықтан бір айға жуық ештеңе оқи алмадым, тісімді де тазаламадым» деген болатын. Қамаудан босатқанымен, оның үстінен қозғалған қылмыстық іс әлі жабылған жоқ. «Ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айыппен тұтқындалып, қазір Жамбыл облысы Қордай ауылында соты болып жатқан блогер Ермек Тайшыбеков те Алматы психиатрлары сараптамасынан өткен.

Қазақстанда 33 психиатриялық аурухана бар. Ресми статистикаға сәйкес, 300 мың адам, яғни Қазақстан халқының 1,8 пайызы психо-неврологиялық диспансерде есепта тұрады.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG