Accessibility links

18 ғасырдағы қазақ батырларының бірі - Бөкенбайдың тарихи бейнесін зерделеу


Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы жергілікті жұрт Бөкенбай шоқысы деп атап кеткен бұл төбенің етегінде батыр Аңырақай шайқасына әскерін жинаған екен.
Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы жергілікті жұрт Бөкенбай шоқысы деп атап кеткен бұл төбенің етегінде батыр Аңырақай шайқасына әскерін жинаған екен.

Ресей тарихшыларының жазбаларында Әбілқайыр ханның Ресей қоластына өтуге ант беру кезінде оның қасындағы тархан Есет батыр, табын Бөкенбай батырлардың ықпалы жөнінде жазылған деректер сақталған. Ақтөбе қаласындағы аудандардың біріне таяуда Бөкенбайдың есімі берілді, Ырғыз ауданындағы биік шоқыны жергілікті жұрт Бөкенбай шоқысы атандырған.


1726-1729 жылдардағы қазақ –жоңғар соғысында, Аңырақай шайқасында қол бастаған сардар, кейін Кіші Жүздің Ресей империясы протекциясын қабылдауына шешуші рөл атқарған саяси тұлға – Бөкенбай Қараұлының тарихи рөлі қандай? 18-ғасырдағы қазақтың мемлекеттілігін сақтап қалуда қандай ықпалы болды? Тарихта айтылмау себебі неде? Бұл жөнінде Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде өткен ғылыми-конференцияда айтылды.

БӨКЕНБАЙ БАТЫРДЫҢ ГЕОСАЯСАТТАҒЫ РӨЛІ

Табын Бөкенбайдың 1710 жылы Қарақұм құрылтайында шекпенін дал-дұл қылып жыртып, ортаға шығып: «Ағайын! Ұлымызды құл, қызымызды күң қылғанша, қаруымызды суырып алып қан майданда қасқайып тұрып өлейік!» деп салған ұраны еңсесі түскен елді рухтандырды.

Жазушы Смағұл Елубай 18 ғасырда геосаяси ойындардың қақпанына түскен қазақтың тағдырын шешудегі Кіші Жүздің ханы Әбілқайыр мен оның жанындағы батыр, әрі қолбасшы Бөкенбай Қараұлының (1669—1742 жж.) рөліне тоқталды.

Оның айтуынша, қазақ халқының тарихи тағдырын шешкен Қарақұм құрылтайында жоңғарға бас иейік, себебі оның қолында қаруы бар. Қарсы тұрып қырылғанша, құл бола салайық деген пікірлер айтылған.

Еділ бойына көшейік депті екіншілері. Еділ бойына барғанда, саған жерін кім береді? Тағы да белгісіз.

Осы жиында «жүздеген мың боздақтардың қанын мойныңа жүктегің келіп тұр ма» деген әңгіме болыпты. «Жеңеміз!» деген оған табын Бөкенбай. Сөйтіп, Әбілқайыр баһадүр хан, Бөкенбай бас сардар болып сайланып, жоңғарға қарсы ұлт-азаттық соғысының туы қайта көтерілді.

Ресей әскери тарихшыларының жазбаларында Кіші Жүз ханы Әбілқайыр ханның Ресей қоластына өтуге ант беру кезінде оның қасындағы тархан Есет батыр, табын Бөкенбай батырлардың ықпалы жөнінде жазылған деректер сақталған.
Жазушы Смағұл Елубай.


Смағұл Елубай: «Қазақ даласына жоңғар қауіп төндіргенде, Ресей антқа қол қойған Әбілқайырдың өзіне бір түйір қару бермеген. Ол нені көрсетеді? Ол «біз сіздерді қорғамаймыз» дегенді білдіреді. Ал қазақтың бас жауы – жоңғар қалмақтарының қолында, өкінішке қарай Ресей империясының зеңбіректері болды. Қазақты жою мақсатындағы геосаяси мүдде өте қатты еді сол ғасырда. Оның ауыр зардабын бастан кешірген ұрпақ – Бөкенбай, Әбілқайыр бастаған тұлғалар еді.

18 ғасырдың 18-ші жылы Тәуке хан өлген соң ішкі сепаратизм мүлдем өршіді. Өкінішке қарай ең үлкен жауымыз – алауыздығымыз еді. 1718 жылы қазақ даласына экспедицияға келген Иван Крылов Аягөзде қалмақтармен үш күн соғыста көргендерін жазады. Ол қазақ хандары бірі соғысып жатса, екіншісі қарап тұрды дейді. Яғни, бір орталықтан басқарылған әскери науқан болмады»,- деді.

1731 ЖЫЛЫ БӨКЕНБАЙДЫҢ КӨРЕГЕНДІГІ БОЛМАСА, ЖОҢҒАРҒА ТУҒАН КҮН ҚАЗАҚҚА ДА ТУАР МА ЕДІ?

Қазақтар бастарын біріктіре алмай жатқанда, 1730 жылы жоңғар бір орталықтан басқарылатын хандық құрды. Батыр қоңтайшының тұсында Шыңғыс хан империясын қалпына келтіреміз, Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтары ойраттар, бұйраттар, торғауыттар, қалқалар болып бас біріктіреміз деп ұран көтерді. Шыңғысханның темірдей тәртібімен қайта құрған жоңғар әскеріне тез арада күш біріктірген қазақ жасақтары қарсы тұрды.

1731 жылы Әбілқайырды Ресейге ант беруге көндірген табын Бөкенбай Қараұлы. Осы кезеңде қазақ халқының алдында не Ресей империясына, не Қытай империясына бағыну тұрды. Әбілқайыр мен Бөкенбай орысқа бағынды.

Батыр қоңтайшы алысты болжай алмайтындығының кесірінен қазаққа ұрынды, қытайға ұрынды. Ақыры 1755-57 жылдары түгел жоңғар халқын құрбандыққа шалып жіберді. 180 мың қытай әскері жоңғарды бала-шағасына дейін түгел қылыштың жүзінен өткізіп салды. Сөйтіп, тұтас халық жер бетінен жойылды.

Егерде 1731 жылы Бөкенбайдың көрегендігі болмаса, Әбілқайыр ханды соған көндірмесе, Ресей протекциясын алмаса, кім біледі, жоңғарға туған күн қазаққа да туар ма еді?

Осындай пікірлерді айта келе 1731 жылғы Ресей протекциясын алу оқиғасы – 180 мың қытай әскеріне тоқтам салғызды деген ойын ортаға салған Смағұл Елубай қазақ қытай империясына бағынар болса, онда тәуелсіздік алуымыз 260 жыл емес, бәлкім 2600 жылға созылып кетер ме еді дейді.

Биыл табын Бөкенбайдың туғанына 340 жыл. Ресейлік әскерилердің есептері мен жазбаларында есімі жиі аталатын осы батырдың тарихи бейнесін қалпына келтіруге деген ұмтылыс байқалуда.

Ол негізінен Ақтөбе облысының Мәртөк, Қобда аудандарының аумағын, Батыс Қазақстан облысындағы Қалдығайты мен Бұлдырты өзендерінің бас сағасын жайлаған. 73 жасында түрікпендермен болған шайқаста қаза тапқан. Аса дәулетті адам болғандығы, 40 мыңнан астам жылқысы болғаны ел аузында айтылады. Қыста Доңызтауды қыстаса, жаз жайлауы – Жем өзенінің бойы.

Бөкенбай батырдың анасы – қалмақ ноянының қызы болса керек. Әкесі Қара жаугершілікте қолға түсіріп үйленген. Қазақ арасына көнбей бірнеше рет қашып кетіп, ақыры Бөкенбай батырды дүниеге әкелгесін қайтыс болған.

Жайық шебінің казактары Бөкенбайдың іс-қимылдарын үнемі бақылап жүрген. Оның немересі Жоламан Тіленшіұлы Кенесары әскерінің сол жақ қанатын басқарған.

ЫРҒЫЗ АУДАНЫНДА БӨКЕНБАЙ ШОҚЫСЫ БАР

Ақтөбе өңіріндегі Қарабұтақ жерінің тумасы Жөкей Шаңғытбаев ақынның «Бөкенбай батыр» поэмасы Алматыдағы Ұлттық ҒА сирек қолжазбалар қорында сақтаулы деген деректі айтады.

Конференцияда қарақалпақстандық Жұмағалиев Мырзекен жырау «Бөкенбай батыр» жырын жырлап берді. 1920-30 жылдары осы жақтан ауа көшкен қазақтар ұмытпай сақтаған болса керек.

Ақтөбе қаласындағы жаңа аудандардың біріне таяуда осы батырдың есімі берілді. Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы биік шоқыны жергілікті тұрғындар ежелден Бөкенбай шоқысы атандырған. Бұл жерде бас сардар әскер жинап жаттықтырған деседі.

Осылайша, 18 ғасырдағы ықпалды саясаткер, қазақтың батырлық институтының көрнекті тұлғасы Бөкенбай батырдың есімі елге қайта орала бастады.
XS
SM
MD
LG