Қазақстанда азаптау құрбандарына келтірілген зиянның өтемақысын сот арқылы өндіру мен оны іс жүзінде төлету қиын, бірақ оған қол жеткізуге болады. Мұны қостанайлық құқық қорғаушылар дәлелдеп шықты.
Өткен аптаның аяғында Алматыдағы конференцияда қазақстандық және кейбір постсоветтік елдердің құқық қорғаушылары мен адвокаттары «мемлекеттік органдардың дәстүрлі қарсылығы мен жетілмеген заңдардың» кесірінен азаптау құрбандарына төленуі тиіс өтемақыны сот арқылы өндірудің қиын екенін айтты.
Бірақ конференцияға қатысушылар азаптау құрбандарының мүддесін ойдағыдай қорғап жүрген Қазақстандағы адам құқығы бюросының Анастасия Миллер басқаратын Қостанай филиалының тәжірибесіне назар аударды. Ол азаптау құрбандарының мүддесін қорғауға қатысты іс жүргізу тақырыбы бойынша мастер-класс өткізді.
АЛЕКСАНДР ГЕРАСИМОВТЫҢ ІСІ
Қостанайлық құқық қорғаушы Анастасия Миллер жергілікті тұрғын Александр Герасимовтың азаптауға қатысты шағымын халықаралық деңгейде әділ қарауға қол жеткізу арқылы полициядағы әуре-сарсаңды қалай жеңгендерін айтып берді. Миллердің айтуынша, бұл жеңіс Герасимовқа келтірілген нақты моральдық зиян үшін өтемақы өндіріп қана қоймай, қоғамдық санада серпіліс тудырып, мемлекеттің азаптауға қарсы күресін жандандыруға қозғау салған.
– Герасимовтың ісінен кейін билік азаптауға «нөлдік төзімділік» ұстанатынын мәлімдеді, ал азаптауға қатысты шағыммен жүгінген азаматтар саны ондаған есе көбейді, - дейді Анастасия Миллер.
Герасимовтың ісінен кейін билік азаптауға «нөлдік төзімділік» ұстанатынын мәлімдеді, ал азаптауға қатысты шағыммен жүгінген азаматтар саны ондаған есе көбейді.
«Стратегиялық сот өндірісі» терминін қолданған құқық қорғаушы оның мәнін түсіндіріп, баспасөзде іс жайлы барынша көп хабар таратуға сүйену мен талап-арыз беретін оңтайлы мезгілді таңдай білу керектігін ескертті. Герасимовтың ісі жайлы тәуелсіз баспасөз ғана емес, өзге БАҚ-тар да жазған, ал Герасимовтың өзі БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінде сөз сөйлеген. Мұндай істі, клиент пен жауапкерді таңдағанда мұқият болу қажет. Мысалы, құқық қорғаушының айтуынша, жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты айыпталған адамның азапталғаны жайлы шағымы бойынша сот өндірісі «әдеттегі тәртіп» бойынша жүргізіледі дейді ол, өйткені бұл процесс қоғамда жағымсыз пікір тудыруы мүмкін.
– Біздің клиенттерімізің кейбірін сүттен ақ, судан таза деуге келмейді. Әрине, біз мұндай істермен де айналысамыз, өйткені азаптаудан қорғануға әркімнің құқы бар. Мұндай істе әдеттегі сот өндірісін қолданамыз. Бірақ жазықсыз жапа шеккен Александр Герасимовтың ісі стратегиялық сот өндірісін жүргізу үшін толық сай келген мінсіз іс болды, - дейді Анастасия Миллер.
Бұдан бөлек, стратегиялық сот өндірісін дәл қашан бастауды – «бүгін - ерте», ал «бүрсігүні кеш болады» деген принцип бойынша анықтап алу қажет. Сонымен бірге, мысалы, президент немесе парламент сайлауы тәрізді кезеңде қалыптасатын саяси ахуалды ескеру керек дейді ол. Мұндай кезде халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстанға көз тігіп отырады да, билік оларға қарайлап әрекет етуге мәжбүр болады.
Ал жауапкерді таңдауға келсек, егер БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің оң шешімі бар, бірақ азаптауға кінәлі адам сотталмаған болса, онда әлгі кінәлімен еңбек қатынасын бекіткен мемлекеттік органды сотқа беру керек. Александр Герасимовқа келтірілген зиянның өтемақысын Қостанай ішкі істер департаментінен (ІІД) өндіріп алуға қатысты қозғалған азаматтық істе жеңіп шығуға осы әдіс көмектескен.
Бірақ соттың ІІД-нен өтемақы өндіру туралы шешімі заңды күшіне енгеннен кейін де жауапкер Герасимовқа өтемақы төлеуді созбақтап келген.
– Ақыры біз Герасимовқа келтірілген зиянның өтемақысын төлеудің өтеуі ретінде ІІД бастығының мүлкіне қамау салып, оның Қостанайдан тысқары шығуына тыйым салуды өтініп, сотқа талап-арыз бердік. Әлгі талабымыздан кейін олар өтемақыны дереу төледі, - дейді Анастасия Миллер.
Құқық қорғаушының айтуынша, Қостанай қалалық сотының БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің Герасимов ісі бойынша жолдаған шешімін орындауды міндеттеген үкімі БҰҰ органдарының шешімдерін орындау механизмдері мен процедураларын құру жөніндегі пікірталас бастауға түрткі болған. Ақыры азаптауға ұшыраған тағы бір адам – Қостанай облысы Рудный қаласы тұрғыны Расим Байрамовқа да БҰҰ комитеті шешімі негізінде 2014 жылдың желтоқсанында өтемақы өндіріп беріп, оны іс жүзінде төлетуге қол жеткен. Туыстарының айтуынша, Байрамов биыл 14 ақпанда 33 жасында азаптау зардабынан қайтыс болған.
АЗАПТАУ ҚҰРБАНДАРЫНА ӨТЕМАҚЫ ӨНДІРУ
Қостанайлық адвокат Снежанна Кимнің айтуынша, азаптау құрбандары тартқан зиянның өтемақысын өндіру процесінде үш деңгейлі қиындық кездеседі. Оның біріншісі әрі ең оңай деңгейі – азаптау құрбанының шағымы бойынша БҰҰ комитеті оң шешім қабылдап, ал кінәлі адамға қатысты сот үкімі шығып, заңды күшіне енген істерге тән. Бұл жағдайда азаптау құрбандарын сот жапа шегуші деп танитын шешім шығарады. Ал азаптауға кінәлі адам сотталушы болғандықтан, жазадан құтылып кете алмайды.
Бірақ тіпті осындай жағдайларда да жеке тұлғадан өтемақы сомасын өндіріп алу туралы сот шешімін орындауға қатысты проблема жиі туындайды. Қызылсай ауылы (Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы іргесіндегі) тұрғыны, 2011 жылдың желтоқсанында Жаңаөзен оқиғасы кезінде азаптауға ұшырап қаза тапқан Базарбай Кенжебаевтың отбасы тап болған қайғылы жағдайды осындай қиындықтың классикалық мысалы ретінде атауға болады. Азаптау салдарынан қайтыс болған Базарбай Кенжебаевтың жесірі мен қызы Әсем кінәлі адамнан өтемақы өндіріп ала алмаған күйі қайтыс болған.
Ал БҰҰ комитеті азаптау құрбанына қатысты оң шешім шығарса да, азаптауға кінәлі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын жағдай – бұл екінші деңгейдегі қиындық. Снежанна Кимнің айтуынша, бұл жағдайда жеке тұлғаның тікелей өзінен сот арқылы өтемақы өндіріп алу өте қиын. Бірақ мұның да амалы да бар – талап-арызды заңды тұлға, яғни мемлекеттік мекеменің үстінен беру керек, өйткені БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті адамның азаптауға ұшырағаны үшін жауапкершілікті мемлекеттің өзіне артады.
Адвокат Снежанна Кимнің айтуынша, БҰҰ комитетіне шағым жолданбаған, ал азаптаған адамның үстінен қылмыстық іс қозғалмаған немесе қозғалса да, ол іс жабылған жағдай – азаптауға ұшырағаны үшін өтемақы өндіру процесіндегі ең үлкен қиындық. Бірақ, оның айтуынша, бұл жағдайда да сот арқылы өтемақы өндіріп алуға болады. Ол үшін ұлттық заңдардағы азаптау құрбандарына қатысты түсініктердің тура болмаса да, жанама қатысы бар қырларын ұтымды пайдалану керек.
Снежанна Ким азаптау оқиғалары құрбандарының шеккен зардабын біліктілікпен «бағалау» үшін арнайы курстан өткен психологтармен ынтымақтастық орнату қажеттігіне ерекше назар аударады. Бұл адвокатқа азаптауға ұшыраған адамға келтірілген моральдық зиян үшін сұрайтын өтемақы сомасының азаптау құрбаны шеккен зардапқа сәйкес болуын есептеуге септеседі.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан үкіметін түрмелер мен өзге қамау орындарындағы азаптау әрекеттерімен күресу жөніндегі уәдесін орындауға талай рет шақырған. Былтыр елде адам азаптағаны үшін айыпты деп танылған бірнеше бұрынғы полиция қызметкері сотталған.