Accessibility links

Баланың ата-ананың келісімінсіз аккаунт ашқаны үшін айыппұл салуды ұсынады


Компьютер алдында отырған балалар. (Көрнекі сурет.)
Компьютер алдында отырған балалар. (Көрнекі сурет.)

Әлеуметтік желілерде аккаунттарын әке-шешесінің келісімінсіз тіркегені үшін 16 жасқа толмаған баланың ата-анасына айыппұл салуды ұсынады. Мұндай бастама көтерген мәжіліс депутаты Азат Перуашев "Еуропа парламентінің әлдебір нормасына" сілтеме жасағанымен, оны нақты атай алмады.

Әке-шешесінің баласына әлеуметтік желілерде аккаунт ашуға рұқсат еткен я етпегенін анықтайтын ақпаратты ата-аналардан қалай жинауға болатыны парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтің ұсынысында көрсетілмеген. Бірақ егер әлеуметтік желіде әке-шешесі рұқсат етпеген аккаунттың тіркелгеніне екі айдан асса, әкімшілік заң бұзушылықтар кодексінде оларға 20 айлық есептік көрсеткіш (45 мың теңгеден көп) көлемінде айыппұл салынады деп жазуды қазірдің өзінде ұсынып қойған. Ал лауазымды тұлғаларға 30 айлық есепік көрсеткішке (68 070 теңге) дейін айыппұл салуды ұсынады.

Депутат Азат Перуашевтің "пысықталып жатыр" деп көрсетілген әлгі ұсынысы мәжілістің "Балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы" заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының түрлі мемлекеттік органдардың құзыреттілігі туралы жетінші бапқа жасаған салыстырмалы кестесінде тұр.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.

Ол кестеде көрсетілгендей, депутат Перуашев өз ұсыныстарын Еуропа одағының "оңтайлы тәжірибесінен" алдым деп түсіндіреді. Депутаттың мәлімдеуінше, "16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде ата-анасының немесе заңды өкілінің рұқсатынсыз жеке парақшаларын ашуына және тіркеуіне 2017 жылдан бастап тыйым салу туралы қаулыға Еуропарламент былтыр қол қойған". Азат Перуашевтің пікірінше, егер Қазақстанда сондай тәртіп енгізілсе, бұл "балалар мен жасөспірімдерді олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға мүмкіндік береді".

Депутат Еуропарламенттің қай қарары екенін Азаттыққа телефон арқылы атай алмай, "Ақ жол" партиясының парламенттегі фракциясындағы әріптесі Кеңес Әбсәтіровтен сұрауды ұсынды. Бірақ әлгі қарардың қалай аталатынын және қайдан іздеу керектігін Әбсәтіров те айта алмады әрі ол кісінің де сөйлесуге уақыты болмады. Ол көмекшісі Жанна Бапан арқылы Азаттыққа Profmedia.by деген беларустік сайтқа сілтемені жіберді.

Адамның сөз еркіндігі мен пікір білдіру құқығын жиі шектегені үшін құқық қорғаушылар тарапынан Қазақстан тәрізді жиі сыналатын Беларусь сайтындағы әлгі мәтінде "Жұма күні Financial Times басылымы Еуроодақта 16 жасқа толмаған балаларға Snapchat, Facebook және Twitter әлеуметтік желілерін пайдалану үшін ата-анасының келісімі қажет болатын ереже 2018 жылы күшіне енеді деп хабарлады" делінген.

Беларусьтік сайтта жарияланды делінген әлгі жаңалыққа тікелей өту мүмкіндігі жоқ, тек төмен жағында "sputnik.by ақпараты бойынша" деген жазу ғана бар.

Депутат Азат Перуашев оның фракциясы бұл ұсынысты ертеректе жұртшылық және ІТ-компания өкілдерімен талқылаған деп мәлімдейді.

Егер техникалық тұрғыдан шынымен мүмкін болса, енгізу керек.

- Жұмыс істемейтін норманы ешкім енгізбейді. Сондықтан біз де мұндай норманы енгізбес бұрын әуелі кеңесіп алдық. Олар техникалық тұрғыдан мүмкін деп айтты. Бірақ бұл өзгеріс әлі талқылауда жатыр ғой, яғни мән-жайын анықтауымыз керек. Бұл техникалық тұрғыдан мүмкін емес болса, техникалық тұрғыдан орындалмайтын норманы енгізудің мәні жоқ. Ал егер техникалық тұрғыдан шынымен мүмкін болса, енгізу керек, - дейді Азат Перуашев.

Норманы неге енгізу керек екенін депутат түсіндіріп жатпады және өзге сұраққа да жауап бермей, телефон тұтқасын тастай салды. Бұған қоса, Азат Перуашев "дауласып жатуға уақытым жоқ, әуелі сөйлесуге мүмкіндігіңіз бар ма деп сұрап алу керек еді" деді.

"Қазақстандағы Интерньюс Network" компаниясының заңгері Ольга Диденко Азаттыққа "Ақ жол" партиясының парламенттегі өкілдері сілтеме жасаған қаулыны табу үшін Еуропа парламентінің құжаттар базасын қайта қарап шыққанын, бірақ ондай қаулыға ұқсайтын ешбір құжат таппағанын айтты.

Ашғабаттағы интернет-кафеде отырған балалар. Түркіменстан, 22 шілде 2013 жыл.
Ашғабаттағы интернет-кафеде отырған балалар. Түркіменстан, 22 шілде 2013 жыл.

Еуропа парламенті ондай тыйым қабылдауы мүмкін емес.

- Негізі, Еуропаның бүкіл тәжірибесі балалар әлеуметтік желілерде, ақпараттық кеңістікте өздерін қауіпсіз сезіну үшін олардың медиа саласындағы білімін дамыту мен ақпараттық сауаттылығын арттыруға негізделеді. Еуропа парламенті ондай тыйым қабылдауы мүмкін емес. Ал сандық сауаттылықты дамыту жөнінде көптеген стратегия қабылдап жатса, ол - бөлек мәселе, - дейді Ольга Диденко.

Ақпарат және коммуникация министрлігіне қарасты БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директорының орынбасары Бекзат Рахимовтың пікірінше, "әлгі заңды орындау көбінесе ата-аналарға байланысты".

- Қоғамдық ұйымдар "әке-шешенің бақылауы" деген ұғымды енгізуді ұсынады, өйткені бұған мемлекеттің немесе білім беру мекемелерінің ғана шамасы келмейді. Мұның бәрі ең әуелі отбасыға байланысты, сондықтан ата-аналар балаға ықпал етуі, оны шектеуі немесе баласының жас шамасына сәйкес келетін ақпаратты мөлшерлі дәрежеде пайдалануын қадағалауы тиіс, - дейді Бекзат Рахимов.

Қазақстанда "Балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы" заңды қабылдауға екі жыл бұрын тырысып көрген, бірақ конституциялық кеңес "заңның кей ережелері заң тұрғысынан дұрыс жазылмағанын" әрі олар ел конституциясына сай емес екенін мойындаған. Әңгіме заңның халықаралық құқық қорғау ұйымдар ең көп сынаған "дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттауға тыйым салу туралы" бабы жайлы болған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG