Accessibility links

Самат Смақов: «Ойыннан ақша табуға болады» деді. Құны – жарты миллион доллар


Футболшы Самат Смақов. Алматы, 22 қараша 2016 жыл.
Футболшы Самат Смақов. Алматы, 22 қараша 2016 жыл.

Самат Смақов 1990 жылдардағы қазақстандық футболдың ерекшелігі туралы, 2000 жылдары дауға ұрынғаны жайлы айтты.

Азаттық Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз адамдар» жобасын жалғастырады. 1990 жылдардың басынан бастап осы уақытқа дейін беделді, қоғамдық пікірдің жетекшісі болған саясаткер, музыкант, журналист, экономист, әртіс және танымал БАҚ өкілдерінен сұхбат аламыз. Жоба кейіпкерлері жаңа мемлекетте адам және маман ретінде алдына қандай мақсат қойғанын, 2016 жылы оның нәтижесі қандай болғаны туралы баяндайды.

Қазақстандық футболшы Самат Смақов өзінен сұрамай бір клубтан екіншіге қалай ауыстырғанын, Қазақстан мен Ресейде бұзақылардың футболшыларға көмектескенін, 1990 жылдардағы және қазіргі футболдың басты ерекшелігі туралы баяндайды.

«ҚАРНЫМЫЗ АШ БОЛСА ДА, ТАТУ-ТӘТТІ ТҰРДЫҚ»

Вячеслав Половинко: – Совет Одағы тараған кезде не есіңізде қалды?

Самат Смақов: – Теледидарда бүлік пен Ақ үйді қалай басып алғанын көрсеткені жақсы есімде қалыпты.

Вячеслав Половинко: – Ол кезде 13 жаста едіңіз. Жасөспірім ретінде қалай қабылдадыңыз? Ерте есеюге ықпал етті ме?

Самат Смақов: – Қатты әсер еткен жоқ. Уақытымның көбі мектеп пен футболға кететін, сондықтан көп ештеңе сезбедім. Ата-анама бар жүк түскен шығар – олар зауытта істеді ғой, қиналды.

Пётр Троценко: – Футболға ықпал етпеді ме? Жаттықтырушы келіп, «балалар, ақша жоқ, биыл ескі доппен ойнайсыңдар» демеді ме?

Әр жаттығудан соң допты тігетінбіз, ол жыртылып кететін. Допты тігуге келмейтін кезде жаттығу болмайтын.

Самат Смақов: – Бұлай айтпаса да, 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында 30 адамнан құралған тобымыз бір доппен ойнағанын білемін. Құмда ойнадық, әр жаттығудан соң допты тігетінбіз, ол жыртылып кететін. Допты тігуге келмейтін кезде жаттығу болмайтын.

Вячеслав Половинко: – Ата-анаңыз қаншалықты тарықты? Ол кезде елдің бәрінің жинаған қаржысы күйіп кетті ғой.

Самат Смақов: – Біз онсыз да қарапайым тұратынбыз. Ешқашан дәулетті болмадық, балалық шағым жатақхана мен коммуналдық үйлерде өтті. Кейде әке-шешем «көршілерге барып, қарызға жарты нан алып келші» деп жіберетін. Нан сатып алған соң жартысын апарып беретінмін. Қазір өздері баруға ұялған шығар деп ойлаймын. Тату-тәтті тұрдық, бірақ кедей едік. «Оливье» салаты мен түшпараны тек Жаңа жылда жегеніміз есіме түседі – нағыз мейрам деп айтуға тұрарлық сәт сол еді.

Вячеслав Половинко: – Сізді футбол мектебіне қажетті жабдықпен жарақтау үшін көп шығындалды ма?

Самат Смақов: – Жоқ, бізге киімді өздері берді. Тек аяқ киім алуға ақша жұмсадық, бірақ бір аяқ киіммен бір жыл, кейде тіпті екі жыл жүретінбіз.

Вячеслав Половинко: – 1990 жылдары футбол адамдар арасында культ болды ма, әлде тек ойын-сауықтың бір түрі саналды ма?

Самат Смақов: – Культ ретінде қалды деп ойлаймын. Олар ұнатқан командалардың тарихы Совет Одағы тараған соң жоғалып кеткен жоқ, сондықтан жанкүйерлер мен ойыншылар үшін ештеңе өзгермеді.

«ПОЛИГОННАН БОЛҒАН ОНКОЛОГИЯ ТҰМАУМЕН БІРДЕЙ»

Вячеслав Половинко: – Семейдің тарихы ядролық полигонмен тығыз байланысты. Тұрғындардың өзі сол кезде бұл туралы не дейтін еді?

Самат Смақов: – Ол жылдары полигон туралы ақпарат ашып айтылмады. Негізінен Абай, Зайсан өңірлері жапа шекті. Салдарын сирек кездесетін фотосуреттерден көрдік. Сынақ кезінде туғандар қазір полигонның зардабын шегіп жатыр. Мүмкін, бұрын да ықпалы болған шығар, бірақ ол кезде адамның өлімін полигонмен байланыстырмайтын.

Семей өңіріндегі жарылыстардың бірінен кейін пайда болған көл. (Көрнекі сурет)
Семей өңіріндегі жарылыстардың бірінен кейін пайда болған көл. (Көрнекі сурет)

Қазір полигоннан болған қатерлі ісік тұмау сияқты. Айналамдағы адамдардың көбі онкологиялық аурулардан кетті – туыстарым, достарым, кейін жаттықтырушы болған футболшылар. Ең қызығы, барлығы дерлік ішімдік ішіп, шылым шекпеген жандар, бірақ қатерлі ісік жалмап кетті.

Вячеслав Половинко: – Жергілікті қылмыстық топтармен байланысыңыз болды ма?

Самат Смақов: – Әрине. Семейлік жігіттердің бәрі менің таныстарым. Бірде маған қатты көмектесті. 2002 жылы Астанада болдым, клуб директоры «240» мерседестің кілтін сыйлады, ол кезде жаңадан шыққан көлік еді. Көпшілік алдында болған жағдай ғой, көзі түскен біреу бір перді де тартып алды. Семейлік жігіттердің қалада болғаны жақсы болды, тез келіп, көлігімді өзіме әкеп берді.

Вячеслав Половинко: – 1990 жылдары қалай қылмыстық топтарға ілінбей қалдыңыз?

Самат Смақов: – Футбол, тек қана футбол. Мен қылмыс жайлаған ауданда тұрдым. Жасы үлкендер бір ауданнан екіншісіне барып «жиын өткізіп» тұратын. Оған бәрі қатысуы керек еді. Бірақ ересектер мені қорғады: «Сэмға тимеңдер, футболмен ғана айналыссын» деді.

Вячеслав Половинко: – Таныстарыңыздың көбі бұзақыға айналды ма?

Самат Смақов: – Көбі қылмыстық топқа қосылды, түрмеге де отырды. Біразы төбелестен, енді бірі есірткіден дүние салды. Біразы әлі қамауда отыр. Бірақ маған бәрібір, оларды ұмыта алмаймын – таныстарым ғой. Шамам келгенше көмектесуге тырысамын.

«АЛҒАШҚЫ ЖАЛАҚЫМ 50 ДОЛЛАР БОЛДЫ, ОНЫ НЕ ІСТЕРІМДІ БІЛМЕДІМ»

Вячеслав Половинко: – «Елімай» командасына қалай шақырту алдыңыз? Бірінші матчыңыз есіңізде ме?

Самат Смақов: – Семейдегі футбол мектебінде жаттығып жүрдім. 1996 жылы футболдан қысқы чемпионат өтті. Бұл турнирде үздік ойыншы болдым, «Елімай» футбол клубының президенті мені командаға шақырды. 1997 жылы алғашқы кәсіби келісімшартқа отырдым. Ол кезде семей футболы Қазақстан бойынша алда тұр еді.

Бірінші матчым әлі есімде. 1997 жыл, маусымның 10-ы күні Шортандыдағы «Автомобилист» клубына қарсы ойнадық. Мені екінші таймда ойыншыны ауыстыруға жіберді. Қатты қорқып, дірілдедім: өз жерімдегі стадионда жанкүйерлеріміздің алдында (ондаған мың адам жиналды) шығу керек болды. Алаңға шыққанша тізем дірілдеді, бірақ ойынға қосылған соң бәрін ұмыттым, шегінуге болмайды. Жарыс жақсы өткен сияқты, жаттықтырушылар мен әріптестерім мені мақтады. Ойында 2:0 әлде 3:1 ұпаймен жеңіске жеттік.

Футболшы Самат Смақов. Алматы, 22 қараша 2016 жыл.
Футболшы Самат Смақов. Алматы, 22 қараша 2016 жыл.

Вячеслав Половинко: – Командадағы ересектер сізге қалай қарады? Футболда үлкендердің үстемдігі болды ма?

Самат Смақов: – Әлімжеттік жасау болмаса да, тәрбиемен қанға сіңген үстемдіктер болып тұратын. Мысалы, қонақүйде немесе тамақ беретін терезеге ересектерден бұрын барсаң, сыбағаңды беретін. Бірақ, жалпы алғанда, үлкендер жақсы қарады, білгендерін үйретті.

Пётр Троценко: – Футболдың «лас әдісіне» үйретті ме?

Самат Смақов: – Жарыстан кейін қалпына келтіру жаттығуларын өткізіп, команда ойыншылары екіге бөлініп ойнайтын. Сонда ересектерді жеңе бастасаң, олар «лас ойынға» көшетін. Бірақ алаңда көбіне бізге қарсы «лас әдіспен» ойнағандар кездесті.

Вячеслав Половинко: – Инфрақұрылым тұрғысынан алғанда 1990 жылдары футбол қандай болды?

Самат Смақов: – Одақ тараған кезде стадиондар қалыпты жағдайда болды. Кейін Алматыда стадионды қайтадан жөндеді, басқа қалаларда ұзақ уақыт ештеңе істемеді. Кейбір қалаларда әлі күнге дейін советтік инфрақұрылым қалған, киім шешетін бөлмелерді ғана жеңіл-желпі әрлеп қойған. Өскеменде стадион масқара болатын, тек өткен жылы ғана жөндеп шықты.

Вячеслав Половинко: – 1997 жылы футболшыға қанша ақша төледі?

Самат Смақов: – Бірінші жалақым 50 доллар болды (1997 жылы бір доллар - 75,42 теңге болатын – ред.). Маған оның жартысын берді, соның өзін не істерімді білмедім.

Пётр Троценко: – Неге жұмсадыңыз?

Самат Смақов: – Кроссовка, костюм сатып алдым. Жартысын ата-анама бердім. Бірақ бәрі жұмсалмады. Әлі күнге дейін отбасының негізгі асыраушысы – менмін.

Вячеслав Половинко: – «Жұлдыз ауруына» шалдыққан жоқсыз ба?

Самат Смақов: – Жоқ, ондай болған емес. Командада да ондай «сырқатты» жақтырмайды. Егер бір-екі адам өзін «ерекше» сезіне бастаса, қалғандары тез орнына қояды.

Вячеслав Половинко: – Жанкүйер қыздар пайда болды ма?

Самат Смақов: – Бұл жағынан алғанда «жолым болды» – болашақ жарымды 17 жасымда жолықтырдым, ол 15-те болатын, содан бері жұбымыз жазылмады, жанкүйер қыздарға назар аудармадым.

Вячеслав Половинко: – «Елімай» командасында алаңда және басқа жерде де ең жүрек жұтқаны кім болды?

Самат Смақов: – Жақсы мағынасында айтқанда, Олег Литвиненко. Туа бітті шабуылшы десе болар. Алдағы 20 жылда ондай адам шықпас. Алаңнан тыс жерде «еркінсіп» кететін кездері болады, бірақ алаңда өз жұмысын тыңғылықты атқарады.

Вячеслав Половинко: – Кейін оған не болды?

Самат Смақов: – Мансап жолы аяқталған кезде Олежка командасыз қалды, ойынды жалғастыруға ұсыныс түспеді. Тараздағы үйіне барды, футболдан алшақтай берді. Кейін нашар ортаға түсті, соның кесірінен ажал құшты (2007 жылдың қарашасында Литвиненконың денесін Тараздағы бейітте жатқан жерінен тапты, ресми нұсқа бойынша асылып өлген – ред.).

Вячеслав Половинко: – Өзіне қол жұмсады дегенге сенесіз бе?

Самат Смақов: – Жоқ, әлі күнге дейін өзіне қол салды дегенге сенбеймін.

«ОЛ КЕЗДЕ «ЖОҚ» ДЕП АЙТУҒА БОЛМАЙТЫН»

Вячеслав Половинко: – Қашан командаңызға алғаш рет келіп: «Жігіттер, жеңіле салайық» деді?

Самат Смақов: – Ол кезде біз жас болдық, ондай істерге араластырмады. Ондай ойындарды ересектер деңгейінде шешті деп ойлаймын.

Вячеслав Половинко: – Өзіңізге келді ме?

Самат Смақов: – Әрине, келді, құрама кезінде де айтты. Бірақ мен ондай ойындарды мүлдем ойнамаймын деп шорт кестім.

Вячеслав Половинко: – Оны қалай айтады? Әншейін келіп, «Темекі бар ма?» деген сияқты айтпаған болар.

«Бұл ойыннан ақша табуға болады» деді. «Маған ондай ұсыныс керек емес» дедім.

Самат Смақов: – Басқаларды білмеймін, маған «бұл ойыннан ақша табуға болады» деді. «Маған ондай ұсыныс керек емес» дедім.

Пётр Троценко: – Қомақты сома ұсынды ма?

Самат Смақов: – Жарты миллион доллар. Бір адамға ма, бәріне ме – білмеймін, бірақ тек маған хабарласты.

Вячеслав Половинко: – Бір адамды ғана сатып алып, қажетті нәтижеге жетуге бола ма?

Самат Смақов: – Техникалық тұрғыда мүмкін емес.

Вячеслав Половинко: – «Ертіске» қалай келдіңіз? Ауысқаныңыз үшін қанша төледі?

Самат Смақов: – 1998 жылы «Елімай» чемпион болды. Оған дейін Ғалымжан Жақиянов облыс әкімі болған еді. Енді оны Павлодар облысына әкім етіп сайлады (стратегиялық ресурстарды бақылау жөніндегі агенттік арқылы жіберді – ред.), ол мені және тағы бір ойыншыны өзімен бірге ала кетті. Менен ешкім сұрамады, «Ертіске» ауысасың деді. Машинаға мінгізде, желтоқсан айында шарт жасауға бардық.

Ғалымжан Жақиянов. 19 қыркүйек 2004 жыл.
Ғалымжан Жақиянов. 19 қыркүйек 2004 жыл.

Пётр Троценко: – Бас тартуға болатын ба еді?

Самат Смақов: – Ол кезде «жоқ» деген сөзді айтуға болмайтын. Бірақ дәл мені сонда жіберген тағдырыма ризамын, себебі «Ертісте» жүргенде қайтадан Қазақстан чемпионы болдым.

Вячеслав Половинко: – Яғни әкім келіп, «мына екі жігіт менімен бірге кетеді» деді ме?

Самат Смақов: – Енді «кімді шақырса болады» деп команда президентімен ақылдасты ғой. Бірақ ол кезде ауысқаным үшін ақша төлемеді (келісімшарт мерзімі де бітіп жатты-ау деймін). Таң қаларлық түгі жоқ, ол кезде Семей мен Павлодар тығыз байланысты еді. Жақиянов жаңа қызметке тағайындалғанда Семейдің жартысы Павлодарда жұмыс істей бастады.

Вячеслав Половинко: – Демек, 1990 жылдары Қазақстан футболы толықтай әкімдерге тәуелді болды ғой?

Самат Смақов: – Иә, әкім «футболқұмар» болса, футболға қаржы салады, командалар нәтиже береді деген сол кезде шықты. Жалпы, әкімдердің бәрі футболға көмектесуге тырысады – қалғанын басқа спорт түріне жұмсайды. Бұрын да сондай болатын, қазір де солай.

Вячеслав Половинко: – 1990 жылдары «футболды мемлекеттен бөлу керек, әкімдікке қарау – теріс жүйе» деген ешкім болмады ма?

Самат Смақов: – Бұндай әңгімелер көптен айтылып келеді, бірақ біз Еуропа емеспіз. Қазір біреу жеке клуб ашқысы келсе де, қаржысын ақтай алмайды. Қазақстанда кез келген миллиардер (олар көп) клуб құра алады. Бірақ тым құрығанда ақшасын жартылай қайтару үшін команданы чемпиондар лигасының топтың кезеңіне шығару қажет. Ешкім олай күткісі келмейді.

Пётр Троценко: – Жекеге өтсе, серпін болар ма еді?

Самат Смақов: – Әрине. Клубтар жеке болса, мемлекеттің ақшасы «басқа жаққа» кетпес еді.

«БҰЗАҚЫ МАҒАН «ҚАЗАҚ, БІРДЕҢЕ БОЛСА, ХАБАРЛАС» ДЕДІ»

Вячеслав Половинко: – 2000 жылдардың басында «Ростсельмаш» құрамына ауыстыңыз. Қазақстандық футболшының басқа жерге ауысуы елді дүрліктірген жаңалық болды ма?

Самат Смақов: – Сол жылдары басқа чемпионатқа кеткен алғашқы футболшылардың бірі болдым. Сол кезде Қазақстаннан бес-алты адам кеттік – қазақстандық футболды дамытуға ықпал етеміз деп ойладық.

Вячеслав Половинко: – Командаға қалай қосылдыңыз?

Самат Смақов: – «Ертіспен» құрамада ойнадық, азиялық чемпиондар лигасына дайындалдық, «Ростсельмаш» спарринг-серіктес болды. Біз 2:1 есебімен ұттық, бір допты мен соқтым. Бұдан соң маған «Ростовтан» жаттықтырушылар келіп, «Басқа чемпионатта ойнауға ниетің бар ма?» деді. Ойланбастан «иә» деп жауап бердім, қанша аламын деп те сұрамадым. «Ертістің» басшылығы мені жіберді, чемпиондар лигасында ойнауды ғана сұрады. Содан соң қаңтардың соңында жаңа командаға қосылдым.

Вячеслав Половинко: – Сол кездегі «Ростсельмаш» (қазір «Ростов», өткен аптада чемпиондар лигасында 3:2 есебімен «Баварияны» жеңді – ред.) қандай еді?

Самат Смақов: – Ресейлік лиганың орташа деңгейдегі құрамасы еді. Командада жиналғандардың бәрі жауынгерлер болатын, Ростовта команда болып ойнау өте ауыр болды – өздері де ойнамады, басқалардың ойнауына мүмкіндік бермеді. Бұндай команданы елдің бәрі ұнатпайтын – әсіресе отанында сүйкімсіз болды. Алаңның әр бұрышында ұрыс ашатын.

Вячеслав Половинко: – 2000 жылдардың басында Ростов қандай қала еді?

Самат Смақов: – Кәдімгі «Ростов-папа». Бұл уақытта Мәскеуде метрода жарылыс болды («Пушкин» станциясындағы жарылыс 2000 жылы тамыздың 8-і күні болды – ред.). Біз командамен Ростовқа келдік, ұшақтан түсірмейді, «әуежайға мина қойылған» дейді. «Қайда тап болдым» деп ойладым. Бір сағаттан соң бәрі шешілді, бірақ екі айдай Ростовта жер астымен жүрмеуге тырыстым. Қорқынышты кез еді.

Вячеслав Половинко: – Сол заманға тән көңіл-күй ғой. Ростовтың өзіне тән ерекшелігін сезе алдыңыз ба?

Пётр Троценко: – Қалада қылмыстық топ көп пе еді?

Самат Смақов: – Ресейдің барлық қаласын белгілі бір дәрежеде «қылмыстық» деп атауға болар. Ростовта да бұзақылар болды. «Қала қожайындарының» бірімен таныстым, ол маған: «Қазақ, бірдеңе болса, маған кел» деп телефон нөмірін берді.

Пётр Троценко: – Хабарластыңыз ба?

Самат Смақов: – Жоқ. Қалада еркін жүрдім, «қорғанысым» болғандықтан емес, Ростов тұрғындары – қайырымды, жағымды жандар. Оның үстіне интернационал қала, айтарлықтай мәселе туындамады.

Пётр Троценко: – Ұлтыңызға қарап кемсіткендер болмады ма?

Самат Смақов: – Ростовта болмады. Ойын алаңында болды. Кіммен ойнағанымыз есімде жоқ, бірақ қарсылас жақтың ойыншысы: «Қысық көз, біздің ақшамызды алып жүрсің бе? Өз жеріңе барып ақша тап» деді.

Вячеслав Половинко: – Артынан аяғын сындырған жоқсыз ба?

Самат Смақов: – Жоқ, бетіне қарадым да, артынан ұмытып кеттім.

«АЯҒЫМНЫҢ СЫНҒАНЫ БҮКІЛ СТАДИОНҒА ЕСТІЛДІ»

Вячеслав Половинко: – Ойналған матчтардың қайсысын ең қиыны деп ойлайсыз?

Самат Смақов: – Қарашаның 30-ы күні Павлодарда ойнадық. Чемпион болу үшін бізге келген алматылық ЦСКА-ны жеңу керек еді. 30 градус аязда он башпайымды бірдей үсітіп алдым. Олар түсіп қала ма деп қорықтым. Қазір кез келген аязда башпайым шаншып ауырады.

Вячеслав Половинко: – Матчты басқа күнге немесе басқа қалаға ауыстыруға болмады ма?

Самат Смақов: – Ол кезде бұндай әдіс кең тарамаған. Басшылық та ауыстыруға ниетті болмады, чемпиондықты өзімізде рәсімдегілері келді.

Вячеслав Половинко: – Жеңдіңіздер ме?

Самат Смақов: – 4:1 есебімен жеңдік.

Вячеслав Половинко: – Сіз ойнаған ең нашар алаң қайсы?

Самат Смақов: – Қазақстанда әлі күнге дейін нашар алаңдар кездеседі. Алматыдағы алаң сәл-пәл жақсы. Ал басқасы... Алаңға ешкім мән бермейді. Жазда оңтүстіктегі және Ақтөбедегі алаңдар жақсы.

Вячеслав Половинко: – «Ростсельмаштан» Астанаға келгенде аяғыңызды сындырып алдыңыз ғой.

Самат Смақов: – Иә, маусымның жартысын ойнадық та, Атыраудағы жарысқа бардық. Бұрыштан бергенде алуым керек еді. Доп секірді, оны теуіп жібердім де, тепкен аяғыммен жерге түстім. Аяғым ортасынан екі бүктелді, сықырлап сынғанын бүкіл стадион естіді.

Вячеслав Половинко: – Бір жыл бойы ойнамай отыратынын естіген футболшының психологиясы қалай өзгереді?

Самат Смақов: – Психологиялық тұрғыда күйремедім, бірақ кімнің дос екені сондай кезде тексеріледі. Жарақаттан соң қалпыма келіп жүрген едім, қайтадан аяғымды сындырдым, бір жарым жыл ойнамауға тиіс болдым. Үйде жатасың, телефонға салатын ақшаң жоқ – сол кезде кімнің шын дос екені, қиындықта қол созатыны көрінеді.

Вячеслав Половинко: – Теріс айналғандар болды ма?

Самат Смақов: – Әрине, болды.

Вячеслав Половинко: – Олармен кейін алаңда кездестіңіз бе?

Самат Смақов: – Қайтадан достасып кеттім. Мен кекшіл емеспін.

«ЖАТТЫҚТЫРУШЫ ОРНЫНАН АЙРЫЛҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ»

Пётр Троценко: – Футболшылар салауатты өмір салтын ұстана ма?

Самат Смақов: – Әркім шамасына қарайды. Ішімдік іше алмайтындар бар. Литвиненко сияқты ішіп жүріп те ойнай беретіндер бар. Мынандай тәртіп орнаған – режимді бұздың ба, қайтадан алаңға шық та, ымырасыз ойна.

Футболшы Самат Смақов. Алматы, 22 қараша 2016 жыл.
Футболшы Самат Смақов. Алматы, 22 қараша 2016 жыл.

Вячеслав Половинко: – 1990 жылдардан бері футбол сана тұрғысынан өзгерді ме? Бұрын ол ерлердің арасындағы қатал ойын еді, бір-бірінің аяғын сындыратын, қазір бюджеттің жарысы болып кетті деген түсінік бар.

Самат Смақов: – Бюджет жарысына келсек, Қазақстанда ол екі-үш клубқа ғана қатысты. Алаңдағы қатыгездік те азайды, бұрын қарсыластың аяғын сындырғаны үшін сары карта көрсетсе, қазір тәртіп қатал. Бір нәрсеге келісемін (үнемі айтып келемін) – бұрын футбол қызықты болатын. Ойыншылар мықты еді. Қазір тұтас елде жеке алғанда мықты деп айтатын бес-алты ойыншы ғана бар.

Пётр Троценко: – Неліктен ойын тартысты болудан қалды?

Самат Смақов: – Футболдың өз ережесі бар. Қазір тек нәтижеге мән береді. Ойынның қандай болғаны маңызды емес, бастысы – жеңіске жету. Әр жаттықтырушы орнынан айрылып қалудан қатты қорқады, бұл жағдайда ойынның тартысты болуы талап етілмейді.

Вячеслав Половинко: – Футболшының жалақысына шек қою керек пе деген сауал туады.

Самат Смақов: – 700-800 мың доллар жалақы берсе, жалақыға шектеу қоюға болатын еді. Қазіргі жалақы деңгейінде шек қойып көріңіз – футбол деңгейі бірден түсіп кетеді. Жақсы легионерлер елге келмейді, қазірдің өзінде азайды.

«ОЛ КЕЗДЕ ШЫНДЫҚ КӨП ЕДІ»

Вячеслав Половинко: – 2016 жылғы Қазақстан чемпионаты туралы сұрасам деймін. Ел тарихындағы ең даулы чемпионат деп санайсыз ба?

Самат Смақов: – Әрине.

Вячеслав Половинко: – Ол немен байланысты?

Самат Смақов: – Жаттықтырушылар мен директорларға тапсырма берілді деп ойлаймын, оны әкімдер берген – мақсатқа жету үшін олар кез келген қулық-сұмдыққа барады.

Вячеслав Половинко: – Негізгі даудың бірі – екі клубтың директорына ұқсайтын дауыс иелері «Ақтөбе» мен «Ордабасы» клубтарының «келісім матчтарын» талқылайды. Ол матчта «Ақтөбе» мен «Ордабасының» есебі 0:0 болды (осы нәтиженің арқасында «Ақтөбе» алты мықты клубтың қатарына енді – ред.). «Келісім» болды ма, болмады ма?

Самат Смақов: – Ештеңе айта алмаймын, жарақаттың кесірінен ол матчта ойнамадым. Ауа-райы өте нашар еді, доп қақпаға бармады. Егер жарысқа қатысып, «келісіммен» ойнайтындарын білсем, оған жол бермеу үшін бәрін істейтін едім.

Вячеслав Половинко: – 1990 жылдарға оралғыңыз келе ме?

Самат Смақов: – Иә. Ол кезде шындық көп, адамдардың қызғанышы аз еді.

Сұхбатты орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG