Accessibility links

«Көз алдымнан күйеуімнің өлімі кетпейді»


Сергей Лидің әйелі Айсұлу ері қаза тапқан жерде тұр. Атырау. 31 тамыз 2011 жыл.
Сергей Лидің әйелі Айсұлу ері қаза тапқан жерде тұр. Атырау. 31 тамыз 2011 жыл.
Атырауда террористік топқа қатысы бар деген күдікпен оққа ұшқан Сергей Лидің әйелі Айсұлу Юсупова Азаттыққа берген сұхбатында күйеуінің қазасынан кейінгі өмірі жайлы айтты.

2011 жылы тамыз бен қазан айларының аралығында Атырау қаласында жасалған бірнеше қылмысты полиция «террорлық әрекет» деп бағалаған еді. Атырау қаласында «террористік» деп аталған бірнеше топ тұтқындалып, 47 адам сотқа тартылды.

Азаттық тілшісі осы күдіктілерді ұстау кезінде оққа ұшқан Сергей Лидің жесірі Айсұлу Юсуповамен сұхбаттасып қайтты.

Айсұлу, қазіргі жағдайыңыз қалай?

– Мен қазір өз бетіммен өмір сүріп жатырмын. Ешкіммен араласпаймын, араласқым да келмейді. Атыраудағы жағдайды көріп отырсыздар ғой. Біреумен сөйлесе қалсаң, тергеу басталады, «неге жиналдыңдар, не сөйлестіңдер?» деген тәрізді.

Қазір қатты қудалау көріп отырғаным жоқ, бірақ телефоным тыңдалады. Бірде қаладағы Авангард ықшам ауданындағы «Әулие ата» бейітін бұзды, сол кезде оқ атты делінген жігіттің әйелімен телефонмен сөйлескен едім. Оны ұстау кезінде егіз балаға жүкті әйелді машинадан сүйреп түсіргенін, ішімен құлағанын естіп жаным ашып, хал-жағдайын сұрағанмын.
Мен оларға: «Төреші мен емес, ақирет күнінде өздерің Алла алдында есеп бересіңдер» дедім.

Содан кейін көшеде жүрген жерімнен мені ұстап алып кетпек болды. Бірақ күйеуімнің ата-анасына хабарласып, олар келген соң өзіміз бардық. Маған ештеңе деген жоқ, тек әлгі ұсталған жігіттің әйелін көрсетіп: «Міне, қара, біз оған қолымыздың ұшын да тигізгеніміз жоқ» деді. Мен оларға: «Төреші мен емес, ақирет күнінде өздерің Алла алдында есеп бересіңдер» дедім.

Кезінде менің Сергейімді атқан соң не деп еді? Есіңізде болса, «үстіне граната асып алған» демеп пе еді? Күні бүгінге дейін төңіректегілердің бәрі ауық-ауық еске алып, «Граната болғанда тым құрығанда қабырғалар неге құламаған?» деседі.

Кім жұбайынан айырылғысы келеді? Біз де кәдімгі адамдармыз, айырмашылығымыз – намаз оқимыз.

Бір жерде жұмыс істейсіз бе?
Қайдағы жұмыс? Бізді біреу жұмысқа ала ма? Балалардың жәрдемақысына өмір сүріп жатырмыз.

– Қайдағы жұмыс? Бізді біреу жұмысқа ала ма? Балалардың жәрдемақысына өмір сүріп жатырмыз. Бір таңғалатын дүние - маған асыраушысынан айырылғаны үшін берілетін жәрдемақыны төлеуден бас тартып отыр. Себеп – «бір отбасыға екі жәрдемақы төленбейді» дейді. Қалай сонда? Менің ұлым мүгедектігі үшін әкесінің көзі тірісінде жәрдемақы алып жүрді. Ал енді күйеуім өлген соң бізге асыраушысынан айырылғаны үшін төленуі тиіс жәрдемақы төленбейді дейді. Бірақ маған үнемі күйеуімнің ата-анасы көмектеседі. Олар – өте жақсы адамдар. Биыл да әдеттегідей балалардың мектепке қажетті жабдықтарын солар әперді. Ал қолға тиген жәрдемақының жартысын коммуналдық төлемдерге, қалғанын тамаққа жұмсаймын, солай өмір сүріп жатырмыз.

Балаларыңыз ер жетіп қалыпты...

– Иә, бірақ Каринаның болашағын уайымдаймын. Тіпті жоғары білім де ала алмайтын шығар деп қорқамын. Ол дәрігер болуды армандайды. Бірақ басына орамал тақты деп институтта оқыта ма, оқытса да жұмыс істете ме?
Ендеше Назарбаевтың өзі рұқсат етіп тұрғанда мұсылмандық жолға түскендерді неге жұмыстан ығыстыратынын түсінбеймін.

Осындағы ауруханалардың бірінде жұмыс істейтін танысым Назарбаевтың орамал таққандарды дәрігерлік мекемелерге жұмысқа алуға болады деген жарлығы шыққанын айтты. Реанимация бөлімінде кезекші болған кезде намазды қаза етуге болатыны да айтылыпты. Ендеше Назарбаевтың өзі рұқсат етіп тұрғанда мұсылмандық жолға түскендерді неге жұмыстан ығыстыратынын түсінбеймін.

Мен қызымды жалған намыстан ада, ұятты да ибалы қылып өсіруге тырысамын. Оның күйеуге де таза, адал жар болып шығуын қалаймын. Бұл - күйеуімнің ақтық тілегі. Орындауға тиіспін. Ол тірі қалмайтынын білгенде балаларды ислам негізіне сай, нағыз мұсылман етіп тәрбиелеуімді өсиет еткен.

Каринаны арнайы намазға үйреткен ешкім жоқ, күні бүгінге дейін өзі оқып келеді. Орамалды байлау да - өз ниеті. Ұлым Әмір әлі кішкентай, алтыға енді толды. Бірақ ол – үйдегі ер адам, намаз оқығанда алдымызда тұрады, таңертең азан шақырады.

Әрине, балаларға әкесіз қиын. Бірақ олар әкелеріне тартқан ақылды. Жақында бетіне түскен күн шуағынан оянған ұлым «Мама, әкем қазір көкте ғой - мына шуақ оған да түссе деп тілеймін» деді.

Марқұм Сергейдің жеке кәсібі болды емес пе?

– Болды ғой, кезінде күзет фирмасы болды. Мұсылмандарға жұмыс берді. Бірақ істетпеді, тексеруден көз ашпады, ылғи айыппұл төлеп жүретін. Оған «табатын нәрсені табамыз» деп ашық айтқан.
Менің ойымша, мұсылмандардың жоқтан өзге нәрсеге алаңдамауы үшін оларды іске, жұмысқа тарту керек.

Менің ойымша, мұсылмандардың жоқтан өзге нәрсеге алаңдамауы үшін оларды іске, жұмысқа тарту керек. Біздер, мұсылмандар, дін жолына түстік, бірақ біз Қазақстан республикасы заңын бұзып жатқанымыз жоқ. Біз де – басқа азаматтар тәрізді салық төлеушілерміз.

Біз елде бірдеңені өзгертуге ұмтылудан аулақпыз, тек өзіміз өзгеріп жатырмыз, барынша харам заттардан аулақ болуға тырысамыз. Өз елімізде тұрғымыз келеді. Бізге жұмыс берсінші, біз оны істейміз. Біздің тілегіміз – қыздарымыздың киініп, орамалдарын тағып жүргені.

Сергейдің қазасынан кейін де біршама уақыт өтті ғой. Бірақ құқық қорғау орындары әлі де «қызығушылық» байқата ма?

– Бірде Атыраудағы Исатай-Махамбет алаңында сіңілім екеуміз балаларды қыдыртып жүр едік. Әлдебір таныс адамды көріп қалдым. Мен облыстық ҰҚК департаментінде талай болдым ғой, ондағылардың түрі есімде. Дірілдеп кеттім, өзім үшін емес, балаларым үшін. Сол сәтте сәл оқыс қимыл жасасам, ол ата жөнелетіндей көрінді. Шамасы, олар «күйеуі үшін кек алуы мүмкін» деп менен қорқатын тәрізді. Ең қымбатымды алды – енді не керек? Тыныш өмір сүргім келеді, соған мүмкіндік бергенін қалаймын. Бізді «халифат құрмақ болды» дейді. Билік ауысқаннан ештеңе өзгермейтінін басқа елдердегі саясат көрсетіп жатыр емес пе? Жарыңнан көз алдыңда айырылудан асқан азап жоқ. Бірақ мен сол азапты көрдім.

Мені қолдайтын Сергейдің ата-анасы, бауырлары бар. Бірақ олар Сергейдің орнын толтыра алмайды. Ол ерекше жан еді. Ата-анасын құрмет тұтты, жақсы көрді. Ренжітпеуге тырысты. Расын айту керек – мен оны қолдайтынмын, ол мені қолдайтын. Әйел деген сол ғой – кейде ақшаға тарыла қаласың, табыс үйге келсе дейсің. Бірақ Сергейдің ата-анасына қаражат қажет болған кезде оның қиналғанын көзінен сезетін едім, «апарып бер» дейтінмін. Өте сабырлы әрі ақылды еді, онысы – әке-шешесінің тәрбиесі, сол кісілердің үлгісі. Ешқашан арақпен де, темекімен де әуестенген емес.
Мен енді Әмірімнің де әкесі тәрізді байсалды, ақылды, нағыз мұсылман болуын қалаймын. Алайда ол «КНБ» деген сөзден зәресі кете қорқады.

Мен енді Әмірімнің де әкесі тәрізді байсалды, ақылды, нағыз мұсылман болуын қалаймын. Алайда ол «КНБ» деген сөзден зәресі кете қорқады.

Мәселен, менің күйеуімді өлтіргенде Астанадан келген ҰҚК тергеушісі тыйым салынған әдебиеттердің тәркіленгенін айтты. Кейін сол айғақтарды алып кетуге мені жергілікті департамент басшысы шақырды. «Сергейді атқанда тыйым салынған әдебиеттердің тәркіленгені туралы бүкіл Қазақстанға жария етіп едіңіздер ғой, енді неге қайтарып отырсыздар?» деп сұрадым. Жауап берген ешкім жоқ. Тіпті ол кітаптардың қателікпен алынғанын айтып кешірім сұраған да ешкім жоқ.

Менің енем «мұның бәрі – жоғарыдан жүргізіліп отырған саясат» деп ойлайды. «Енді сол саясаттан өздері шыға алмай жатыр» дейді. Өзіңіз көріп отырсыз ғой – қазір бәрі қымбаттап барады. Расында да осындай әлдебір экстремизммен жұрт көңілін басқа жаққа алаңдатпаса, қорқыныш ұялатпаса, елде нағыз бунттың көкесі болмас па еді?

Алдағы өмірге құрған жоспарларыңыз бар шығар...

– Сергейден кейінгі өмірімде еш өзгеріс болған жоқ. Ата-анасымен араласып тұрамын. Жалпы бақытты әйелмін. Алла Сергейдей жар берді, оның ата-анасындай адамдарды кездестірудің өзі – бір бақыт.
Бұл елде болашаққа жоспар құрудың мағынасы жоқ. Бұл елде әділдік таба алатыныма да сене алмаймын.

Балаларды қатарынан қалдырмауға тырысамын. Олардың басқа балалар тәрізді жан-жақты дамуын қалаймын. Сабақтары жаман емес, қызым кілең беске оқиды.

Әрине, Сергейдің тірісінде арман көп болған. Мәселен, жаздық үйді салып бітіріп, бәрін сатып, Оралға көшпек болғанбыз. Ол жақта экология Атырауға қарағанда тазарақ деп ойладық. Қазір жоспар құрмаймын. Себебі бұл елде болашаққа жоспар құрудың мағынасы жоқ. Бұл елде әділдік таба алатыныма да сене алмаймын. «Демократиялық елміз, әркімнің құқы бар» деген – жай сөз ғана. Бірақ қызымның орамалын шешпеу туралы өтінішім – Алла алдындағы әлсіз талпынысым.

Шынымды айтсам, өзім жалғыз қалған сәттерде көз алдымнан Сергейдің өлімі кетпейді. «Ол өлгенде бірнеше қадам жерде ғана тұрдым, басын сүйей алмадым» деген ой жанымды жегідей жейді.

Сұқбат бергеніңізге рахмет.
XS
SM
MD
LG