Accessibility links

Оралда да қамауда отырған «террористер» бар


Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің ғимараты. Орал, 5 маусым 2009 жыл
Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің ғимараты. Орал, 5 маусым 2009 жыл

Орал қаласында «террористік топтың қызметіне қатысты» деп айыпталып отырған алты адамның бірі Нұрбек Ғабдуловтың анасы Гүлжиян Ғабдулова баласын «жәндікті де өлтіруге қимайтын адам» деп сипаттайды.


Қазақстан республикасы бас прокуратурасының баспасөз қызметі биылғы ақпанның 8-і «Орал қаласында алты адамнан тұратын террористік топ қызметінің жолы кесілді» деп хабарлаған болатын. Онда терроршыларды «2012 жылдың 4 ақпанында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің жедел-тергеу тобы облыстық ішкі істер департаментімен бірлесіп тұтқындағаны» айтылған.

Азаттық тілшісінің қолына түскен тергеу құжаттарының көшірмесіне қарағанда, дәл қазір Орал қаласындағы тергеу абақтысында Е.Ахатов, Ренат Тілеубаев, Асылбек Қаратоғанов, Тахир Губаев, Тагир Иманғалиев, Нұрбек Ғабдулов қамауда отыр. Ал Египетке қашып кетті делінген Дәурен Алдоңғаровқа халықаралық іздеу жарияланған.

«ТАҒЫЛҒАН АЙЫП ЕСІМІЗДЕН ТАНДЫРДЫ»

«Террористік топтың мүшесі» ретінде айыпталып отырған 23 жасар Нұрбек Ғабдуловтың анасы Гүлжиян Ғабдулова өзінің жасы 40-қа толмай жатып жесір қалғанын, бес баласын жалғыз өсіргенін айтады.

- Әкесі қайтқанда, Нұрбек алты жаста болатын. 11 жылдық мектепті Ақжайық ауданының Ілбішін ауылынан бітірді. Мектепте жаман атағы болған жоқ, жақсы оқыды. Спортқа қатысты, мұғалімдердің мақтауына ілігіп жүрді. Ауылдағылардың бәрі мақтайтын. Нұрбек - өте жуас, үлкен кісілерді, ауру жандарды аяп, барынша көмектескісі келіп тұратын. Үйде жүргенде де мені аяп, барлық шаруаны өзі жасауға тырысады. Сол баланың ақшасымен күнелтіп отырған едік, - дейді анасы Азаттық тілшісіне ақпанның 22-сінде.
"Террорлық топ құрамында болды" деп айыпталып, Орал қаласындағы тергеу абақтысында отырған Нұрбек Ғабдулов. Сурет жеке мұрағаттан алынды.
"Террорлық топ құрамында болды" деп айыпталып, Орал қаласындағы тергеу абақтысында отырған Нұрбек Ғабдулов. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Анасының айтуынша, Нұрбек мектептен соң Орал қаласындағы педагогикалық колледжді бітірген. Кейін мамандығына сай жұмыс болмағасын, күзет қызметіне кірген.

- «Охранада» істеп жүрді. Бір күн демалады, бір күн істейді. Сағатымен барады, сағатымен келеді. Оның бұзақылыққа баратындай еш уақыты да, көңілі де болмады деп ойлаймын. Намаз оқитынына байланысты шығар... Екі-үш жылдан бері намаз оқитыны рас. Арақ ішпейді, темекі тартпайды. Үлкеннің алдынан өтпейді, үлкенді де, кішіні де сыйлайды. Тіпті жәндікке дейін аяп, өлтірмей, есікті ашып, шығарып жібереді... Білмеймін, баламның ешқандай жамандығы, зияндығы жоқ деп ойлаймын, - дейді анасы.

Нұрбек Ғабдулов «БатысЖолҚұрылыс» мекемесіндегі күзет кезегінен шығып, үйіне бет алғанда тұтқындалыпты. Қазір Орал қаласындағы тергеу абақтысының жертөлесінде, жалғыз адамдық камерада отыр. Нұрбектің інісі Дархан ағасымен жолығып тұрғанын, тергеу кезінде ешқандай қысым жасалып жатпағанын айтады.

- Балама тағылып отырған айыпты естігенде, есімізден танып қалдық. Ондайға ол... Тіпті мүмкін емес, нанбаймын мен! Балам ондайға барады деп айта алмаймын. Ондай оның қолынан келмейді... Баламды ақтап шығарып беруін сұраймын үкіметтен! Бар үмітім сол, ана ретінде, баламның өмірін қор қылмасын деп ойлаймын, - дейді Гүлжиян Ғабдулова.

БЕЙНЕЖОЛДАУ МЕН ЖЕРТӨЛЕ

Тергеу құжаттарының көшірмесіне сәйкес, «басшысы Е.Ахатов болып саналатын террорлық топ мүшелері исламның салафиттік ағымындағы радикалды көзқарастарды ұстанып, Қазақстан республикасының конституциялық құрылымын өзгертуге, шариғат шарттарын енгізуге, ел аумағында Ислам мемлекетін орнатуға тырысып, ислам дінін ұстанушылар арасында терроризм мен діни экстремизмді насихаттағаны, террорлық топ құрғаны үшін» айыпталған.

Тергеу материалдарына қарағанда, 2011 жылдың көктемінде топ мүшелері «Лә иләһә илләллаһ» деген жазуы бар қара тудың алдына тұрып сөз сөйлеп, Сауд Арабиясында тұратын Абду Халил Абжаппаровтан өздеріне ұстаз болуын, Қазақстан аумағында қарулы жиһад жүргізу үшін кеңес беруін сұраған. Осылайша екі мәрте түсірілген бейнежазбаны Сауд Арабиясына жеке шаруасымен бара жатқан адамдардан беріп жіберген.
Тергеу тобы: Қазақстандықтарды ұрыс тәсілдеріне баулып, дайындау үшін Пәкістаннан арнайы маман алдырмақ болған. Халықаралық террористік «Джунд әл Халифат» тобымен және басқа халықаралық террористік ұйым мүшелерімен қарым-қатынас орнатқан.

Бұдан бөлек, топтың кейбір мүшелері «өз үйінде жарылғыш заттар жасап, тәжірибе шыңдағаны» айтылады.

Тергеу тобының материалдары бойынша айыпталушылар 2011 жылдың маусым айында Теректі ауданына қарасты Төңкеріс ауылы тұсындағы орман ішінде жертөле дайындаған, лаңкестік әрекеттен кейін сол жерде топ мүшелері тығылмақ болған.

Сонымен қатар бұлар «Атырау қаласындағы терроршыл топ жетекшісі Сергей Лимен қарым-қатынас орнатып, олардың құқық қорғау органдарынан жасырынуы үшін Зеленов ауданының Январцев ауылы маңынан екінші жертөле қазып, азық-түлік жеткізген. Тамыз-қыркүйек айларында Сергей Ли өлтіріліп, оның тобындағылар тұтқындалған кезде, Ли тобымен байланыс жасаған оралдық Дәурен Алдоңғаровтың Египет Араб республикасына кетіп қалуын ұйымдастырған. Қазақстандықтарды ұрыс тәсілдеріне баулып, дайындау үшін Пәкістаннан арнайы маман алдырмақ болған. Халықаралық террористік «Джунд әл Халифат» тобымен және басқа халықаралық террористік ұйым мүшелерімен қарым-қатынас орнатқан».

ЖАРИЯ ҚЫЛУҒА ТУЫСТАРЫ ДА ҚҰЛЫҚСЫЗ

«Оралда террористік топ құрды» деп айыпталып отырған Нұрбек Ғабдулов пен Тахир Губаевтың қорғаушысы Абзал Құспанов өз қорғауындағы жандарға тағылып отырған айып негізсіз деп санайды.

- Менің қорғауымдағы екі жігіттің шалыс басып, қателескен тұстары болар, бірақ идеяға берілген діни фанатиктер емес. Мысалы, Нұрбек Ғабдуловтың бұл топқа тіпті қатысы жоқ. Оны жездесі Тахир Губаев бір-ақ рет өтініш айтып, жертөле қазуға алып барған. Оның үйінен тыйым салынған ешнәрсе табылмаған. Бар болғаны – сол. Бірақ атын дардай қылып, «террорист» қылып қойды, - дейді қорғаушы.

Абзал Құспановтың айтуынша, Тахир Губаевтың ешкімді қыру, жару туралы ойы болмаған. Тек Ақтаудағы, Атыраудағы оқиғалардан кейін діндарлар қуғынға, қысымға ұшырайды деп қорқып, осы жертөлеге тығыламыз деген ойда болған.
Абзал Құспанов, адвокат, Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі. Орал, 29 қараша, 2011 жыл.
Абзал Құспанов, адвокат, Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі. Орал, 29 қараша, 2011 жыл.

- Тахир Губаев қазір «Мен бәрінен бас тартам. Менің кішкентай қызым, әйелім бар. Мені құтқарыңдар!» - деп отыр. Шынына келсек, бұл екеуі де бейнежолдауға қатыспаған. Ең бастысы, бұл екеуі бұрын қателескеннің өзінде, қазір райынан қайтып отыр. Тергеуге бар көмегін жасап, болған жайды толықтай, шын ниетімен айтып берді. Бұлар аспаннан түскен жоқ, жер астынан шыққан жоқ. Кәдімгі ел қатарлы жұмыс істеп, отбасын асырап жүрген адамдар. Өз пікірімше, менің қорғауымдағы Нұрбек Ғабдулов пен Тахир Губаев қоғамға қауіпті адамдар емес. Бұлардан қоғамға келетін еш қауіп-қатер жоқ! – дейді Абзал Құспанов.

Азаттық тілшісі өзге айыпталушылардың да туыстарымен және қорғаушыларымен жолығып, олардың пікірін білмек болған еді. Алайда олар БАҚ өкілдерімен кездесуден бас тартты. Ақпанның 29-ында Тагир Иманғалиевтің қорғаушысы Руслан Жұмағалиев телефон арқылы: «Әр адвокаттың өз тактикасы, қорғану әдісі болады. Біз бұл іске журналистерді араластырғымыз келмей отыр» деді.

РЕСМИ АҚПАРАТ АЛУДЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ

«Бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің 233-2 бабы бойынша (террористік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу) іс қозғалды. Топ мүшелерінің террористік ұйымға тиесілі екендіктерін мойындаған жауаптары тергеу барысында анықталған дәлелдемелермен қуатталады. Олардың тұрғылықты жерлерін тінту нәтижесінде қолдан жасалған жарылғыш заттардың компоненттері және терроризмді насихаттайтын материалдар анықталып алынды» делінген хабарламада.
Айыпталушыларды екі айға қамауға санкция берілді. Бірақ, бұл қылмыстық іс Атырау қаласындағы лаңкестік оқиғалармен байланысты болғандықтан, қазір барлық тергеу жұмысын Атырау облыстық прокуратурасы қадағалауға алды.

Толығырақ ақпарат алу үшін ақпанның 10-ы күні Азаттық тілшісі Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне хабарласты. Баспасөз қызметінің жетекшісі, полиция полковнигі Фатихолла Маштақов бұл іске ІІД қызметкерлері қатыспағанын, тұтқындауды ҰҚК мен Астанадан келген арнайы топ жүргізгенін айтты. ҰҚК-нің жергілікті бөлімшесі қандай да бір ақпарат беруден бас тартып, облыстық прокуратураға сілтеді. Ал облыстық прокуратураның БАҚ-пен жұмыс істейтін маманы қысқа мерзімді демалысқа шығып кеткені мәлім болды.

Азаттық тілшісіне ақпанның 29-ы күні Батыс Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі, 2 сыныпты заңгер Равиль Мәжитовпен телефон арқылы тілдесудің сәті түсті. Прокуратура қызметкері дәл қазір алты адамның қамауда отырғанын, шетелге қашып кеткен бір адамға халықаралық іздеу жарияланғанын мәлімдеді.

- Қазір тергеу жүріп жатыр. Айыпталушыларды екі айға қамауға санкция берілді. Бірақ, бұл қылмыстық іс Атырау қаласындағы лаңкестік оқиғалармен байланысты болғандықтан, қазір барлық тергеу жұмысын Атырау облыстық прокуратурасы қадағалауға алды. Барлық ақпарат – соларда, - деді Равиль Мәжитов.

БҰҒАН ДЕЙІНГІ «БАНДИТТЕР» ІСІ

Ақпанның 29-ы күні Батыс Қазақстан облыстық ішкі іштер департаментінің экстремизмге, сепаратизмге және терроризмге қарсы күрес басқармасының бастығы Сансызбай Нұғманов өзі осы қызметке тағайындалғалы қылмыстық кодекстің «терроризм» бабы бойынша ешкім айыпталмағанын айтты. Ол бұл лауазымында 2010 жылдан бері қызмет етеді.

Жалпы, діни экстремизмге, терроризмге жанама қатысы бар қылмыстар Батыс Қазақстан облысында бұрын да болған. Мысалы, 2008 ақпан айында Орал қаласында тұтқындалған Ринат Айтмұхамбетовтың тобына Батыс Қазақстан облыстық ішкі іштер департаментінің сол кездегі бастығы, полиция полковнигі Мұрат Қабденов жергілікті баспасөз бетінде «Такфир жамағаты» ваххабиттік идеологиясын ұстанатын топ» деп баға берді. («Орал өңірі» газеті, 2008 жыл, маусымның 23-і) Бірақ ол топқа қылмыстық кодекстің 237-бабы (бандитизм) бойынша іс қозғалып, топ мүшелері ұзақ мерзімге, басшысы Р.Айтмұхамбетов 20 жылға сотталды.

2009 жылдың қаңтардың 23-інде Орал қаласының маңындағы Новенький ауылында Ю.Сламихиннің тобы тұтқындалды. Олар тұтқындау кезінде құқық қорғау қызметкерлеріне қарулы қарсылық көрсетіп, «Арлан» арнайы жасағының үш сарбазы және бір тергеуші пышақ жарақатын алды деген ресми мәлімет берілді. Тергеу кезінде топ мүшелерінің «радикал мұсылмандар тобына жататыны», олардың «билікке қарсы қарулы күреске – жиһадқа дайындалғаны» жөнінде БАҚ беттерінде көптеген мақала жарияланды. Алайда олар да қылмыстық кодекстің 237-бабы (бандитизм) бойынша әрқайсысы әртүрлі ұзақ мерзімге сотталды. Топ басшысы, 18 жылға үкім кесілген Юрий Сламихиннің көп кешікпей түрмеде қайтыс болғаны хабарланды.
XS
SM
MD
LG