Accessibility links

Павлюк өліміне қатысты үкім аппеляцияға берілді


Алматы қалалық сотының судьясы Күлпәш Өтемісова аппеляциялық сот отырысында. Алматы, 18 қаңтар 2012 жыл.
Алматы қалалық сотының судьясы Күлпәш Өтемісова аппеляциялық сот отырысында. Алматы, 18 қаңтар 2012 жыл.

Қаңтардың 18-і күні Алматы қалалық сотында қырғыз журналисті Геннадий Павлюктің өліміне қатысты шығарылған сот үкімі аппеляциялық деңгейде қаралды. Қорғаушы жақ іске қосымша куә тарту туралы өтініш айтты.


2011 жылы қазан айында шыққан үкімге байланысты аппеляциялық шағымның тым кеш қаралуының себебін адвокаттар «сот отырыстарының қаулылары дайын болмады» деп түсіндірді.

Бірінші сот отырысына Павлюк өлімі бойынша сотталған үш азаматтың – Алдаяр Исманқұлов, Шалқар Оразалин және Алмаз Игіліковтің адвокаттары мен туыстары қатысты. Сотталған азаматтардың өздері қатыстырылған жоқ.

Сот хатшысының айтуынша, «жәбірленуші жаққа отырыстың болатындығы жайлы хабар берілген, бірақ олар жақтан ешкім келмеді».

«АЛМАЗ ИГІЛІКОВТЫҢ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ ҚАЛЫПТЫ ЕМЕС»

Сот отырысы басталысымен қорғаушы жақ судьяға бірнеше өтініш жасады.

Адвокат Бейсенғали Оразов өзі қорғап отырған азамат Алмаз Игіліковтің
Адвокат Бейсенғали Оразов. Алматы, 18 қаңтар 2012 жыл.
Адвокат Бейсенғали Оразов. Алматы, 18 қаңтар 2012 жыл.
«психикалық денсаулығын қайтадан кешенді түрде сараптама жасау туралы» өтініш берді.

Оның айтуынша, «Алмаз Игіліков бір айға жуық уақыт бұрын Алматыдағы тергеу изоляторының психиатрия бөліміне түсіп қалған – осының өзі Игіліковтың психикасының қалыпты емес екенін көрсетеді».

Бірақ істі қараған судья Күлпәш Өтемісова «бұрынғы жасалған сараптама қорытындысына күмәндануға еш негіз жоқ» деп, ол өтінішті орындаған жоқ.

«СУРЕТКЕ ТҮСІРУГЕ ҒАНА РҰҚСАТ!»

Сотталған азамат Шалқар Оразалиннің адвокаты Айгүл Ербөлекова отырысқа ақпарат құралдары өкілдерін кіргізуді, суретке түсіріп, аудио және видео жазбалар
Адвокаты Айгүл Ербөлекова. Алматы, 18 қаңтар 2012 жыл.
Адвокаты Айгүл Ербөлекова. Алматы, 18 қаңтар 2012 жыл.
жасау туралы өтініш айтты.

Судья Өтемісова журналистерді сот залына кіргізуге рұқсат бергенімен, «істің күрделігі мен екі жақ мүддесіне зиян тимес үшін» тек суретке түсіруге ғана рұқсат берді.

«МАҢЫЗДЫ КУӘ МЕН ҚҰЖАТТАР»

Қырғызстанның бұрынғы арнайы қызмет өкілі Алдаяр Исманқұловтың адвокаты Светлана Мурзина іс материалдарына Алматы қалалық прокуратурадан алынған бірқатар құжаттарды қосу туралы, қосымша куәны тыңдау жөнінде өтініш берді.

Сот отырысынан кейін бұл өтініштерінің себебін тарқатып айтқан Светлана Мурзина «негізгі материалға қоспақ болған құжаттарды Алматы қалалық прокуратурадан асқан қиындықпен алдыртқанын» сөз етті.

– Онда прокуратура [2009 жылғы] желтоқсанның 26-сына дейін жүргізілген, Игіліковтің оперативтік қызметкерлермен әңгімесін тыңдауға санкцияны бермегенін
Адвокат Светлана Мурзина. Алматы, 18 қазан 2012 жыл.
Адвокат Светлана Мурзина. Алматы, 18 қазан 2012 жыл.
бәрібір мойындаған. Бұдан бөлек, адвокаттың Игіліковпен әңгімесін тыңдауға да рұқсат болмаған. Егер мұндай санкция болса, онда бұл қылмыстық-процессуалды заңнамасын өрескел бұзу болатын еді, – дейді Светлана Мурзина.

Сот отырысында Светлана Мурзина қосымша куә – Гүлнар Жанәділованы тыңдау туралы өтініш берді.

– Бұл куә Исманқұлов пен Оразалиннің кездесуінің не себепті маңызды болғанын растауы керек деп ойлаймыз. Себебі олардың кездесуіне осы куәнің өзі түрткі болған. Ол қайтыс болған күйеуінің киімін тапсырған. Оның күйеуі Исманқұлов пен Оразалиннің ортақ досы болған, – деді Светлана Мурзина Азаттық тілшісіне.

Судья адвокаттың өтінішін орындап, Гүлнар Жанәділованың келесі отырыста жауап беруін мақұлдады.

Адвокаттардың «келесі отырысқа сотталған үш азамат та қатыссын» деген өтініштері де мақұлданып, судья қаңтардың 25-іне дейін үзіліс жариялады. Сот «жәбірленуші жақты сотқа тағы да шақыруды» хатшысына тапсырды.

«ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ НҰСҚАУЫ»

Сотталған азаматтардың туыстары «жақындарының еш кінәсіз екендігін» айтып, «аппеляциялық сот әділ үкім шығарады деп үміттенеміз» дейді.

– Ұлыма адам өлтіру бабы бойынша жаза берді. Менің ойымша, Қырғызстан үшеуін де соттауға тапсырма берген. Ал біздікілер сол Қырғызстанның нұсқауын
Алмаз Игіліковтың әкесі Мұрат Игіліков. Алматы, 18 қаңтар 2012 жыл.
Алмаз Игіліковтың әкесі Мұрат Игіліков. Алматы, 18 қаңтар 2012 жыл.
орындап жатыр. Ұлымның еш кінәсі жоқ. Ол науқас. Оны мұнда өзінің кінәсін мойнына алғызу үшін ұрып-соққан, қысым жасаған, – дейді Алмаз Игіліковтың әкесі Мұрат Игіліков.

Қырғыз журналисті Геннадий Павлюк өлімі бойынша сот үкімі 2011 жылы қазан айында шығарылған. Үкімге сәйкес, 17 жылға сотталған Қырғызстан азаматы Алдаяр Исманқұлов белгісіз адамдардың нұсқауымен журналистің өлімін ұйымдастырушы ретінде танылды.

Сот Шалқар Оразалин мен Алмаз Игіліковті «алдын-ала келісіп, топтасып адам ұрлағаны» үшін кінәлі деп тауып, 10-11 жылға соттаған.

Геннадий Павлюк 2009 жылы желтоқсанның 16-сында Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің алтыншы қабатынан жұмбақ жағдайда құлап, сол ауыр жарақаттан есін жимаған күйі желтоқсанның 22-сінде қайтыс болған еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG