Accessibility links

Түрмедегі журналист Рамазан Есіргепов әл үстінде жатқан анасына бара алмай отыр


Журналист Рамазан Есіргеповті үкім шығатын күні сот ғимаратына апара жатыр. Тараз, 8 тамыз 2009 жыл.
Журналист Рамазан Есіргеповті үкім шығатын күні сот ғимаратына апара жатыр. Тараз, 8 тамыз 2009 жыл.

Тараз қаласындағы УЖД 158/2 жалпы тәртіптегі колония басшылығы Есіргеповті босату туралы мәселені келесі аптада қарастыратынын айтады.


Журналистің әйелі Раушан Есіргепованың айтуынша, күйеуі анасының қатты науқастанып қалғанына байланысты өзін бірнеше күнге босату туралы өтінішті колония әкімшілігіне қыркүйектің 5-і күні берген.

ИНСУЛЬТ

– Оның шешесі өте ауыр инсультке ұшырап, сол жағы сал болып қалған. Қалқаман ауруханасында жатыр. Жағдайы өте ауыр. Сондықтан ол өтініш жазған еді. Бұл өтінішті колония басшылығы бір күннің ішінде қарап,
Раушан Есіргепова. Алматы, 19 тамыз 2009 жыл.

жауап беру керек болатын. Бірақ үш күн болды, әлі жауап жоқ, – дейді Раушан Есіргепова қыркүйектің 8-і күні Азаттық тілшісіне.

Ол колония әкімшілігіне Рамазан Есіргеповтің шешесінің шыныменен де ауыр халде екені турасында анықтама жөнелткенін айтып, «Рамазанды анасына бару үшін босатпауға ешқандай негіз жоқ» деді.

Раушан Есіргепованың айтуынша, Рамазанның 82-ге келген шешесі ұлы абақтыға қамалғаннан бері екі рет инсультке ұшырап, соңғысында аяғы сынып, жарты жыл бойы төсек тартып жатқан екен.

– Төсектен әрең көтеріліп, енді біртіндеп қозғалып жүре бастап еді. Міне, осындай күрделі инсультке ұшырады, – дейді ол.

ЗАҢ ЖӘНЕ «ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ»

Қыркүйектің 8-і – халықаралық журналистер ынтымақтастығы күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген баспасөз қорғау ұйымдары дәл осы мәселеге де байланысты алаңдап отырғандарын айтты.

– Заңымыз мұндай жағдайда сотталушыны босатуға рұқсат етеді. Бірақ Рамазанға ешқашан жеңілдік жасалған емес. Оның шартты түрде босату
"Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева баспасөз мәслихатында. Алматы, 08 қыркүйек 2011 жыл.

туралы, тағы басқа жеңілдіктер туралы өтініштері қанағаттандырылмағанын өздеріңіз білесіздер. Менің ойымша, осының бәрін қалай да жазатын болсақ, бұл шыныменен де ынтымақтастық болатын еді, – дейді «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының төрайымы Тамара Калеева жиналған журналистерге.

«ӨТІНІШ ҚАНАҒАТТАНДЫРЫЛМАЙДЫ»

Тараздағы Рамазан Есіргепов қамауда отырған УЖД 158/2 жалпы тәртіптегі колония әкімшілігі Рамазаннан бірнеше күнге босату туралы өтініш түскенін растады. Колониядағы арнайы бөлімнің бастығы Қарлығаш Елеусізқызының айтуынша, «мұндай өтініштерді қарастыратын комиссияның осы аптадағы отырысы өтіп кеткен, енді келесі аптада қарайды».

– Нақты қай күні болатынын айта алмаймын. Дүйсенбі не сейсенбі күні болып қалуы мүмкін. Сол жерде оған (Рамазан Есіргеповке – Азаттық) демалыс беру-бермеу мәселесі қарастырылады, – деді Қарлығаш Елеусізқызы қыркүйектің 8-і күні түстен кейін Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, заң бойынша мұндай жағдайда тұтқындардың демалыс алуға құқы бар, бірақ Рамазан Есіргепов ауруханадан шешесінің ауырғанын дәлелдейтын құжаттар алдыруы керек.

Рамазан Есіргеповтың әйелі ондай анықтаманы колонияға жөнелткенін айтып едік:

– Мен бұл ақпаратқа толық қанық емеспін. Ендеше колония бастығына хабарласып, содан сұраңыз, – деді колониядағы арнайы бөлімнің бастығы Қарлығаш Елеусізқызы.

Ал колония басшылығының қабылдау бөлмесінде отырған қызметкерлер мекеме бастығының таңертеңнен бері зонада жүргенін айтып, «кейінірек хабарласыңыз» деумен болды.

Тамыз айында тұтқындарды ұрып-соғу оқиғасы мәлім болғаннан кейін бұл колонияның бастығы ауысқан болатын. Кешке таман хабарласқанымызда өзін «колония бастығы қызметін уақытша атқарып отырған адаммын» деп таныстырған Әміролла Оралбаев «Рамазан Есіргеповтің өтініші қанағаттандырылмайды» деді.

Бұл колонияда қамауда отырған "Алма-Ата Инфо" газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов 2009 жылдың 8 тамызында "мемлекеттік құпияны жариялағаны үшін" айыпталып, үш жылға сотталған еді. Оның түрмеде отыру мерзімі журналист қамауға алынған кезден - 2009 жылдың 6 қаңтарынан бастап есептеледі.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG