Accessibility links

Lexus мінген баланың кім екені «белгісіз»


Баланың Lexus RX300 көлігіне мінгелі жатқан сәті.
Баланың Lexus RX300 көлігіне мінгелі жатқан сәті.

Жас баланың көлік жүргізгенін көргендер оның ата-анасына наразы болды. Ал полиция көлік иесі табылғанын, енді әкімшілік жазаға тартылатынын айтады.

YouTube желісіне қаңтардың 28-і күні «lexter890» есімді аккаунт иесі жариялаған бір видео екі күннің ішінде 130 мыңнан астам рет көріліп, қолданушылар арасында қызу талқыланды.

Ол видеода жасы шамамен 10-14 аралығындағы қыз баланың Lexus RX300 көлігін жүргізгені бейнеленген. Видеода әуелі рюкзак асынған қыз бала көлікке келіп, есігін ашады. Сәлден соң оның жанына бала көтерген әйел келіп, екеуі біраз сөйлескен соң оқушы қыз көліктің руліне отырды. Ал әйел адам баласын құшақтап келіп алдыңғы оң жақ орындыққа жайғасты. Сәлден соң жас қыз бала мінген M566KCN номерлі көлік жүріп кетті.

Видеоны жүктеген адам ондағы оқиғаның Қарағанды қаласында болғанын айтады.​

«ӘКЕСІНІҢ ПОГОНЫ БАР ШЫҒАР»

YouTube желісіндегі бұл видеоны көрген Леонид Николаев есімді қолданушы ол оқиғаның өмірде расымен болғанына еш күмәнданбайды. «Біздің ауданда күн сайын, анығы түн сайын балалар көлік айдайды. Олар ауданнан сыртқа шықпайды, ол жерде ГАИ жоқ... Мұндай оқиғаны кез-келген қаладан көруге болады» дейді ол.

Кейбір қолданушылар бұл видеодағы 18 жасқа толмаған баланың көлік жүргізгенін ақтауға да тырысты. Мәселен, N.Bekeyev есімді қолданушы «бәрі неге шулап кеткенін түсінбейді». «Ол ауданда бұрын тұрғанмын. Ол жерде жолға дейін жүргізіп барып, жүргізушімен ауысып отыратындай жер бар... Көбіміз бала кезімізде көлік айдадық. Бастысы – жалғыз жүргізген жоқ қой» дейді ол.

Қазақстан қалаларының біріндегі көлік апаты. (Көрнекі сурет)
Қазақстан қалаларының біріндегі көлік апаты. (Көрнекі сурет)

Андрей Штрауб есімді қолданушы көлікті «жолға дейін жүргізумен» келіспейді. «Жолға жеткенше бірнеше адамды басар. Екінші адамның естияр болғанымен алдыңғы орындықта бала ұстап отырғаны ақыл-есі дұрыстығына аргумент емес» дейді ол.

Denis S есімді қолданушы да «кәмелетке толмаған ересек қызын рульге отырғызып, өзі баласымен алдыңғы орындыққа жайғасқан анаға» наразы.

Ал alvi alvigo есімді қолданушы баланың әкесі кім екенін білуге құмартады. «Мүмкін, әкесінің погоны бар шығар. Онда бәрі бола береді» деп кекетеді ол.

«КӨЛІК ИЕСІН ТАПТЫҚ»

Жас бала мінген Lexus RX300 көлігінің иесі кім екені Қарағанды қалалық әкімшілік полициясы басқармасына мәлім.

– Көлік иесін таптық. Кәмелетке толмаған балаға көлікті бергені үшін әкімшілік жазаға тартылады. Көліктің өзі Теміртауда тіркелген, – дейді Қарағанды қалалық әкімшілік полициясы басқармасы баспасөз қызметінің бастығы Бақытжан Құдияров.

Ол көлік жүргізген бала мен көлік иесі туралы, видеодағы оқиғаның қай жерде болғаны жайлы мәлімет беруден бас тартты.

Видеодағы оқиға расымен Қарағанды қаласында болғанын сол қаладағы интернет қолданушылардың бірі де Азаттық тілшісіне айтты. Оның сөзінше, видео Қарағанды қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының маңында түсірілген. Бұл мәліметті «Дарын» мектеп-интернатының директоры Күләш Дүйсетаева да растады.

Видеода оқушының беті көрінбейді. Сондықтан оқушы біздікі не біздікі емес деп айту қиын.

– Оқиғаның өзі мектеп территориясынан тыс жерде болған. Ондағы қоршау біздікі. Бірақ біздің мектептен өте алшақ жерде тұр ғой. Ол жерде ешқандай қақпа жоқ. Жалпы онда оқушының беті көрінбейді. Сондықтан оқушы біздікі не біздікі емес деп айту қиын. Оны анықтап жатырмыз. Жалпы, бізде оқушылардың ешқайсысы көлік айдамайды. Біз күн сайын ауладағы көліктерді қадағалап тұрамыз. Видеоның өзі әдейі алдын-ала дайындап түсірілген сияқты, – дейді мектеп директоры.

Жүргізушілердің құқығын қорғаушы «Оса» жобасының авторы, заңгер Руслан Лазутаның айтуынша, бұл видеодан бірнеше заң бұзу фактісі бар.

– Ең әуелі балаға көлік айдатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту керек. Қателеспесем, мұндай жағдайда шамамен 100 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК – 1982 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Бұған қоса рульді жүргізуші куәлігі жоқ адамға бергені үшін шамамен 50 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Бәрін қосып есептегенде көлік иесі шамамен 300 мың теңге айыппұл төлеуі тиіс, – дейді Руслан Лазута.

YouTube-те бұған дейін де жас балалардың көлік жүргізгені туралы видеолар жарияланған. Соның бірінде - 2014 жылы 24 қыркүйекте Жаңаөзенде түсірілді деп сипатталған видеода жасы 10-дар шамасындағы қыз бала көлік жүргізіп келіп, рульді полицей киімін киген ер адамға береді. Ол видеодағы кейіпкерлердің кім екені, кәмелетке толмаған балаға көлік жүргізуге рұқсат еткен адамға әкімшілік жаза қолданылған-қолданылмағаны белгісіз.

Қазақстан жол-көлік апатынан кісі өлімі көп болатын елдер қатарында. Былтыр жол қауіпсіздігі рейтингінде Қазақстан 192 елдің ішінде 128-орында болған. Елде әр 100 мың тұрғынға шаққанда 22 адам жол апатынан көз жұмады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG