Accessibility links

Қарағанды өңірінде мал індеті себептерін тексеріп жатыр


Қарағанды облысындағы ауылдардың бірінде бұрынғы балабақша ішінде үйездеп тұрған жылқы. (Көрнекі сурет)
Қарағанды облысындағы ауылдардың бірінде бұрынғы балабақша ішінде үйездеп тұрған жылқы. (Көрнекі сурет)

Қарағанды облысында тұрғындарының көбі ет-сүт өнімдерін сатып күн көріп отырған Нұра ауданы тұрғындары малдың ауырып, өліп жатқанынан шошып отыр. Үш ауылдың малына пастереллез тигенін билік кеше растады.

Бірнеше күн бұрын билік Қарағанды облысы Нұра ауданындағы Мыңбаев атындағы ауыл мен оған көрші Заречный ауылында ірі қара мал ауруы тіркелгенін хабарлаған болатын. Малдың ауруды жұқтыру себептері әртүрлі болуы мүмкін екені айтылған. Қазір ауылдарда бірнеше ветеринар инспектор жұмыс істеп жатыр. Өлген малды қоршау ішіндегі қорымға апарып көмген.

Ауылдарда карантин жарияланбаған. Бірақ мал өлген Мыңбаев ауылының кіре берісі мен ауылдан шығатын жолға дезинфекциялық қоршаулар қойылған. Көлік козғалысын жергілікті полиция қызметкерлері бақылап тұр.

«ЖҰРТ БАЛАЛАРЫН ӘКЕТЕ БАСТАДЫ»

Бір жұма бұрын екі ауылдың тұрғындары журналистермен ашық сөйлесуге дайын болған еді. Ал бүгін олар ауылда не болып жатқанын құпия түрде айтып беруге ғана келісті. Малынан айырылған адамдар аты-жөндерін көрсетпеуді сұрайды. Олардың дауысынан қорқыныш пен сенімсіздік байқалады. Олар «ресми болжам мен жарияланған статистикаға сенбейміз» дейді.

Мыңбаев ауылының аты-жөнін көрсетпеуді сұраған тұрғыны Владимир Азаттыққа ішінде бірнеше бұзау бар 17 бас ірі қара малы ауырып қалғанын айтты. Алты бас малы өлген.

Қарағанды облысының шектеу шаралары жасалған Тассуат ауылына кіретін жол. Суретті тұрғындар жолдады.
Қарағанды облысының шектеу шаралары жасалған Тассуат ауылына кіретін жол. Суретті тұрғындар жолдады.

- Кенттің жарты халқының табындағы малы бұзауларды санамағанда 280 бас болған. Олардың бәрі ауырды. Иммунитеті әлсіз малдар өлді деп шамалаймын. Әуелі бұзаулар өлді. Өлген малды жинап, ауыл сыртына шығарып, өртеді. Бізге «бұл – пастереллез» деді. Тірі қалған малымыз біртіндеп тәуір бола бастады. Бірақ өліп жатқандары әлі бар, арғы шеттің (кент екі шетке бөлінген) малы ауырып жатыр. Бүкіл ірі қара мал ауырып тұр. Қазіргі белгілері де дәл сондай. Енді ғана аздан қоректеніп, сиырлар жайыла бастады, ал көбікке ұқсайтын сілекей әлі ағып жатыр. Малдың күйі әлі нашар. Біздің ауылда және өзге кенттерде дезинфекция жүргізіп жатыр. Ветеринарлар 10-12 күн өтсін, сосын тәуір болады дейді. Бүгін үйді-үйге шөп таратамыз деп уәде еткен. Өтемақы жайына қатысты әзірше ешкім анығын айтқан жоқ, - дейді Мыңбаев ауылы тұрғыны Владимир.

Оның сөзінше, бүгін ауылда тұрғындар жиналысы өтіп, жұрттан шектеу шараларын орындауды, малды өріске жібермей, емдеуді, малды жаңа шабылған көк шөппен қоректендіруді, ал ескі шөп бермеуді өтінген.

Азаттыққа телефон арқылы Мыңбаев ауылының тағы бір тұрғыны 16 бас ірі қарасы өлгенін хабарлады.Өзін Людмила деп атаған ол Азаттық тілшісіне:

- Ресми деректер шындыққа үйлеспейді. Ауырған және өлген мал саны олардың айтқандарынан әлдеқайда көп. Ауырған малдың саны ондаған емес, жүздеген басқа жетті. Өлген малды бүгін де сыртқа әкетті. Мал әлі өліп жатыр. Ал малды тұрғындар есебінен емдеп жатыр. Менің өзімнен ғана емдеуге 50 мың теңгеден көп ақшам кетіп қалды. Өзге совхоздардан телефон соғып, «немен емдеп жатырсыңдар?» деп сұрап жатыр. Бұл пастереллез емес, одан қауіптірек бірдеңе ме деп ойлаймыз. Малға ауру жұға бастаған кезде жұрт балаларын әкете бастады. Бізге сырттан ет-сүт өнімдерін әкелуге де, сыртқа шығаруға да тыйым салды. Ал тұрғындардың көбі сатқан сүтінің ақшасына күн көріп отыр ғой, ал енді өнімімізді сата алмай отырмыз, - деді.

Пастереллез

Жария деректерде пастереллез – үй жануарлары түрлерінің бәріне жұғуы мүмкін инфекциялық ауру деп көрсетілген. Бактерия әсіресе ірі қара мал, үй құстары мен қояндарға тез жұғады. Ал жылқы бактерияға төзімді келеді. Вирус көбінесе тікелей жанасу кезінде жұғады, бактериялар жануардың тыныс жолдарының сілекей қабатында болады делінген. Бірақ су, жем, топырақ арқылы да жұғуы мүмкін.

Ауру мал иммунитеті әлсіреген кезде қоза бастайды. Инкубациялық кезең (ауру қоздырғыш бактерия жануардың организміне түскен сәттен алғашқы клиникалық белгілері пайда бола бастағанға дейінгі уақыт) бірнеше сағаттан екі-үш тәулікке дейін, кейде одан да ұзаққа созылуы мүмкін. Өлім-жітім 10-нан 70 пайызға дейін құрайды. Профилактика үшін сау малға арнайы вакцина егіледі, ауру малмен бірге жайылған немесе қорада бірге ұсталған малдың бәріне иммунитетті күшейту шарасы жасалады, ауру малды оқшаулау және қорада дезинфекция жұмыстарын жүргізу қажет.

Азаттық тілшісі ресми дерекке сәйкес, мал індеті тіркелген Заречный ауылының кей тұрғындарына хабарласқан еді. Бұл ауыл да екіге бөлінген. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, Заречный ауылына кіребірес жақта әзірше тыныш. Ал ауылдың Мыңбаев пен Индустриалды кенттеріне жақын шетінде мал қырылған. Заречный ауылы тұрғыны Айнагүл Азаттық тілшісіне:

- Біз жақ шетті демалыс күндері ветеринарлар, маска киген адамдар көлікпен аралап, тіпті мал тұрмаған сарайға дейін кіріп, дәрі ме, бірдеңе шашып кеткен. Ол жерге бірнеше сағат бойы кіруге болмайды деді. Ауылдың екінші шетінде тұратын жұрттың малы ауырып жатыр деп естідік, бірақ дәл қазір ол жақта не болып жатқаны белгісіз. Ал ауылдың біз тұратын шетінде әзірше тыныш, бірақ малы бар адамдар алдын ала дәрі сатып алып, малына беріп жатыр. Жұрт сақтанып отыр, - деді.

РЕСМИ АҚПАРАТ

Кеше күні бойы биліктен ауылдардағы жағдайға қатысты комментарий алу мүмкін болмады – аудандық, облыстық әкімдіктер де, ветеринария инспекциясы басқармасы да «комиссия жұмыс істеп жатыр» деген уәжбен көпке дейін ештеңе айта алмады. Азаттық тілшісінің ауыл шаруашылығы министрлігімен хабарласуға тырысқан әрекетінен ештеңе шықпады. Тек кешке таман ғана Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі шұғыл брифинг өткізіп, малдың (оның ішінде бірнеше торай да бар болып шықты) пастереллезбен ауырғанын ресми түрде растады. Кеше кешкісін Қарағандыда өткен брифингте Қарағанды облысы ветеринария басқармасы басшысы Бауыржан Асанов:

- Бұлар - Мыңбаев, Заречный және Тассуат ауылдары. Шектеу шаралары енгізілді. Бүгінгі күнгі есеп бойынша 319 бас малдың ауырғаны анықталды. 95 бас өлді. Өлген мал арнайы қорымға көмілді. Ауру мал өнімдерінің дүкен сөрелеріне немесе базарға түскені жайлы фактілер жоқ, - деді.

Бұған қоса, былтыр бұл ауру Қарқаралы және Ақтоғай аудандарында тіркелгені айтылды. Ертеректе Нұра ауданы әкімі Ниқанбай Өмірханов зиян көлемі кейінірек есептеледі, ауыл тұрғындары өтемақсыз қалмайды деген болатын.

XS
SM
MD
LG